Шахмат • 04 Сәуір, 2023

Шахмат қалай пайда болды?

5127 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазір қоғамға интеллектуал адамдар көбірек қажет. Ал шахмат - адамның ақыл-ойын дамытатын бірден-бір ойын. Шахмат сөзін тура аударғанда «патша өлді» дегенді білдіреді. Жалпы бұл ойынның шығу тарихы тереңде жатыр, ол туралы түрлі аңыздар да бар. Ғалымдар шахмат б.з.д. 2-3 мыңжылдықта пайда болды деген болжам айтады.

Шахмат қалай пайда болды?

Шахмат жайлы Үнді аңыздарының бірінде Джамхур патша дүние салғаннан кейін оның екі баласының арасында таққа отыру жөнінде үлкен талас туады. Көп кешікпей патшаның балалары Гав пен Талханд әскер жинап, соғыс ашады. Бұл соғыста Талханд жағы жеңіліске ұшырайды. Оның өзі піл үстінде кенеттен қайтыс болады.

Соғыс аяқталған соң анасы кіші ұлының қайғылы қазасына ашынып, Гавқа «бауырыңды өлімге қалай қидың» деп аналық айып тағады. Гав анасын жұбату үшін және қиян-кескі соғыста ағасына ешкімнің де қару көтермегенін, оның жарақатсыз өлгенін көрсету мақсатымен ел ішіндегі дана-ақылгөй адамдардың бәрін патша сарайына жинайды. Солардың ішінен бір айбынды да дана адам майдан алаңын бейнелейтін тақта жасайды. Оны өзара тең шаршыларға бөліп, тақтаның екі жақ бетіне қару-жарақтары бар әр түсті әскерді бейнелейтін фигураларды тігеді. Осыдан кейін ол фигураларды кезек-кезекпен жүргізіп, қиян-кескі соғыстың барысында қолбасшылардың өмірін сақтай отырып, қырғынға ұшыраған әскерлерді бейнелеп береді. Тағдыр жаршысы тураның (шахмат тасы) жазуы бойынша Талханд дүние салған, яғни шах мат болған. 

Шахмат ойыны туралы алғашқы деректер парсы поэмасында да кездеседі. 570 жылға дейін бұл ойын туралы өзге мәлімет болмағандықтан, тарихшылардың көбі шахмат осы уақытта пайда болған деп есептейді. Шахматтың ең көне нұсқасы – үнділердің чатуранга ойыны. Оның тастары қазіргіден қарағанда өзгеше болған. Ал бүгінгі таңда қолданылып жүрген шахмат тастары XV ғасырдың аяғында пайда болды.

Үнді халқы бұл ойынды VI ғасырда парсы патшасына сыйға тартады. Кейінірек, Араб елінде де тарала бастайды. Олар ойынды шатранж деп атаған.

Уақыт өте бұл ойын дамып, қазіргі шахмат ойыны қалыптасты. ХІХ ғасырдың ортасында халықаралық жарыстар жүйесі пайда болды. Алдымен түрлі қалалар мен елдердің ең мықты шахматшылары арасындағы матчтар түрінде өтсе, кейіннен Халықаралық турнирлер түрінде өте бастады. 1886 жылы Вильгельм Штайниц матчта Иоганн Цукертортты жеңіп, шахматтан алғашқы әлем чемпионы атанды.

Ал 1924 жылы Парижде Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) құрылды. Қазіргі таңда 189 ұлт өкілдері шахмат федерациясының мүшелігінде бар. Рейтингтік тізіміндегі шахматшылардың саны 300 мыңнан асады. Бірқатар елдерде шахмат мектеп бағдарламасына міндетті пән ретінде енгізілген.

1966 жылдан бастап ЮНЕСКО-ның шешімімен 20 шілде бүкіл әлемде Халықаралық шахмат күні болып белгіленді. Себебі дәл осы күні шахмат федерациясы құрылып, жұмысын бастаған.