Қоғам • 04 Сәуір, 2023

Әскери тәртіп – әскери қызметтің ажырамас бөлігі

694 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сарыөзек гарнизонындағы шабуылдаушы құрамдарының әскери қызметшілері «Әскери тәртіп» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әскери тәртіп – әскери қызметтің ажырамас бөлігі

Аталған іс-шараға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Ораз Кучуков, Сарыөзек гарнизонының әскери полиция өкілдері мен әскери бөлімдерінің командирлері және офицерлер мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер қатысты.

Сарыөзек гарнизоны баспасөз қызметінің басшысы, майор Абзал Сартаев айтуынша, жиын әскердегі тәртіпті күшейтуге бағытталған. Одан бөлек жастарды әскери патриотизмге тәрбиелеу болып отыр.

Кездесуді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары полковник Ораз Кучуков ашып, кешке шақыртылған құқықорғау органының қызметкерлерін таныстырды және өткізілгелі отырған іс-шараның мақсаты мен маңыздылығы туралы кеңінен баяндап өтті.

Сондай-ақ ол әскери бөлімдерде көптеп өткізіліп жатқан әскери тәртіп бойынша жұмыстары және әскери тәртіптің міндеті мен тәрбиелеу әдістері туралы сөз қозғады.

Сонымен қатар күн тәртібіндегі екінші мәселе 2022-2024 жылдарға арналған әскери бөлімдерде құқық бұзушылықтардың алдын алу бағдарламасын іске асыру аясында атқарылып жатқан өзекті тақырыптарға тоқталып, жоғары басшылықтардың талаптарын жеткізді.

Өз кезегінде әскери полиция өкілдері алдымен өткен жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінде түрлі себептер бойынша әкімшілік және құқықбұзушылық фактілерді қатысушыларға жеткізіп, оған жол бермеуге шақырды.

Одан басқа әскери қызметшілерге дөңгелек үстел тақырыптары бойынша жан-жақты түсінік беріліп, әскери тәртіптің талаптары толық түсіндірілді. Одан өзге, жиынға қатысушылар өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, туындаған сұрақтар бойынша пікір алмасты.

«Кездесу өте мазмұнды өтті, барлық тілек білдірушілер сөз сөйледі, әскерімізде әскери тәртіпті жоғары деңгейде ұстанып, оны қалай үнемі жақсартуға болатыны туралы көптеген мағлұматтар айтылды. Әскери тәртіп әрбір әскери қызметшіні өзінің әскери борышын адал атқаруға міндеттейді. Ал әскери адамдардың бұл қасиетке жақын болуы ішкі тәртіптің күштілігінде», деп түсіндірді 12740 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Нұрғали Ақылбаев.

Жиынды қорытындылаған полковник Ораз Кучуков әскери тәртіп пен басқа да құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту бойынша міндеттерді іске асыру негізінде біршама тапсырмаларды бекітті.