Руханият • 04 Сәуір, 2023

Қасиетті өнердің Мыңжасары

704 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздің оңтүстік өңірінде түлеп, әлемдік музыка мәдениетінің кәсіби деңгейдегі ірі тұлғасы болып қалыптасқан, қазақ мәдениеті мен өнерінің дүлдүлі атанған Мыңжасар Маңғытаев өте кішіпейіл, сырбаз, парасатты, мәдениетті, білімді азамат болды. Адам неғұрлым қарапайым болса, оған елдің құрметі де соғұрлым арта түседі.

Қасиетті өнердің Мыңжасары

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Мыңжасардың әкесі Маңғытай мен шешесі Сәлима тоғыз перзент сүй­ген (алты ұл, үш қыз). Жетінші пер­зенті Мың­­жасар 1937 жылдың 23 желтоқ­са­нында Түркістан облысы Отырар ауданы Маяқұм ауылында туған. 1946 жылы Жетісай ауданында «Қызыл таң» мекте­бін аяқтап, сол жылы Шымкенттегі өнер­кәсіп техникумының механика бөлімі­не оқуға түседі. Техникумда оқып жүріп ән жазып, композитор Е.Брусиловскийге хат жолдап отырған. Техникумды бітірер шақта Композиторлар одағынан хат алады. Бұл хатта «Қымбатты Мыңжасар Маңғытаев, талабың жақсы, әнің шикі. Ән жазуды тастама. Бірақ техникумды бітір! Е.Брусиловский» деп жазылған-ды. Мыңжасар атақты адамнан осындай хат алғанына қатты қуанады.

М.Маңғытаев Шымкент өнеркәсіп техникумын бітірген соң, Алматы қала­сындағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға түсу үшін (композиторлық мамандыққа) құжат тапсырады. Оқуға аталған мамандық бо­йынша жалғыз өзі қабылданады. Бір өзін оқыту мүмкін болмағандықтан, дайын­дық курсына және Опера және балет театрының жанынан ашылған хор сту­диясына қабылданады. Келесі жылы тағы бір талапкер Теміржан Базарбаев келеді. Екеуі композиторлық мамандығын про­фессор Құддыс Қожамияровтың кла­сында 1965 жылы бітіріп шығады. Кон­сер­ваторияда оқып жүріп күрделі шы­ғар­малар жазады. Еңбек жолын Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің өнер бас­қарма­сында аға инспектор ретінде бастайды.

1971 жылы КОКП Орталық Коми­теті Саяси бюросының қаулысы негі­зінде арнайы комиссия құрылады. КСРО Композиторлар одағының бірінші хатшысы Т.Хренников бастаған кіл мық­тылар одақтық республикалар компо­зи­торларының талантын анықтау мақ­сатымен іссапарға шығады. Бұл топ Қазақ­станға да келеді. Қазақстан композиторлар одағына мүше азаматтар жиналады. Одақтан келген комиссия оларға түрлі тақырыпта музыка жазуды тапсырып, оны орындауға белгілі бір уақыт береді. Белгіленген уақыт аяқталған соң, комиссия мүшелерінің бірі пианиноға отырып тексереді. Комиссияның бір мүшесі музыка жазылған қағаздарды қажетсінбей шетінен лақтыра береді. Әлден соң бір шығармаға көңілі толып, «мына шығарма кімдікі, аты-жө­нін неге жазбаған?» – деп таңғалып әрі қуана тіл қатады. Сол жердегі компо­зиторлар бірауыздан Мыңжасар Маң­ғытаевтікі екенін айтады. Содан М.Маң­ғытаев КСРО Композиторлар ода­ғының жетекшісі Тихон Хренников пен басқалар қол қойған Құрмет дипломымен марапатталады.

Артынша Мәскеуге шақырту алып, КСРО Композиторлар одағының хатшы­лығына тағайындалады. Баспана мен қызметтік көлік беріледі. Бұл қызметті алты ай ғана істейді. Алматыда қал­ған отбасы жағдайына байланысты елге қай­ту­ға тура келеді. Сөйтіп, елге кел­ген соң Қазақстан композитор­лар ода­ғының хатшысы болып тағайын­да­лады.

Мыңжасар Маңғытаев қа­лам тарт­паған музыка жанры жоқ. Оң­түс­тік топырағынан нәр алып өскен қай­та­ланбас дарын бір ғана «Құлагер» сим­фо­ниялық шығармасымен қазақ музыка мәдениетінде ерекше құбылыс болып танылды. 1976 жылы шығармалары одақ­тық байқаудан сүрінбей өтті. М.Лер­монтов атындағы орыс драма театры­ның әртісі И.Вавиленко: «Құттықтаймын! «Құлагер» симфониясы қазақ кәсіби музыкасының шеңберінен шығып кетті», десе, Тихон Хренников «Қазақ музыкасы еуропалық деңгейге жетті» деп құттықтаған-ды. Ол музыка өнерінің бар­­лық жанрын толықтыра отырып, Қазақстанның кәсіби музыка өнерінің дамуына зор үлес қосты.

Мыңжасар Маңғытаев өзіне дейінгі Мұқан Төле­баев, Евгений Брусиловский, Ахмет Жұ­бановтардан бастау алатын күрделі жанр – опера, ән-романс, симфония, оратория, кантата жазды әрі аталған көрнекті тұлғалардың жолын жалғастырды. Оның хорға арналған шығармаларынан қазақ даласының болмысы сезіліп тұратын. «Елім менің» ораториясы, «Замана», «Атамекен Түркістан», «Қаратау әуен­дері» кантаталары, «Құлагер», «Арман», «Ақтолғай», «До мажор» симфониялары, «Қозы мен Баян», «Желтоқсан» симфониялық поэ­малары биік кәсіби шеберлігін танытты. Сондай-ақ хор капелласына арналған «Бақыт ордасы», «Ақсақ құланы» мен «Отырар сазы» оркестріне арналған «Жайлауда», «Ырғақты», «Тө­гілмелі», «Маржан шашу», «Көктем» поэмалары мен «Концерттік күй», «Эле­гия» атты аспаптық шығармалары, «Аққу­дың айырылуы» төрт бөлімді ән топ­тамасы ұлттық музыканың қоржынына қосылған үлкен олжа. Өмірінің соңында Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған, бірақ әлі лайықты бағасын алмаған «Отырар шайқасы» операсы өз алдында бір төбе. Оның бұдан басқа «Бәйшешек», «Көк­жиек» көркем фильмдеріне және Қаныш Сәтбаев туралы деректі фильмге, «Қожанасыр сәулетші», «Әулие есек», «Үш түлек» мультфильмдеріне музыка жазды. Бұл шығармалар – әлемдік деңгейдегі музы­калық сахналардың төл туындылары.

М.Маңғытаев – жанры жағынан, күр­делілігі мен саздылығы жағынан жоғары деңгейдегі Моцарт, Бетховен, Бах, Глинка сынды композиторлардың жолын жалғай алған қазақтан шыққан санаулы өнер иелерінің бірі. Композитор соңына 300-ге тарта мұра қалдырды. Олардың ішінде кең тараған «Ақмаржан», «Алғашқы махаббат», «Сағындым сені», «Сағыныш» әндері бар.

Композитор шығармашылық жолында Қ.Қожамияров, С.Мұхамеджанов, Е.Рахмадиев, Б.Жұманиязов, Б.Байқа­дамов, Н.Тілендиев, И.Жақанов сияқ­ты композиторлармен, ақын Н.Шәке­нов, Н.Әлімқұлов, Қ.Аманжолов, С.Мәу­ле­нов, Т.Молдағалиев, Қ.Мырза Әлі, С.Аса­нов сынды ақындармен, Е.Сер­ке­баев, Р.Бағланова, Б.Төлегенова, З.Қойшы­баева, Л.Төлешова, Н.Нүсіпжанов сынды дара әншілермен шығармашылық байланыста болды. Олардың М.Маң­ғытаев шығармашылығы, адам­гершілік қасиет­тері, мінез-құлқы, дара таланты жайлы айтқан ойлары, берген бағала­ры ком­­позитордың тұлғалық келбетін айқын­­дай түседі.

Осы күні өнер сахналарында М.Маң­ғытаевтың шығармалары үзілмей орындалып келеді. Бұл музыка әлемінде мың жасауға бағыт алған композитордың өлмес шығармаларындағы ұлттың асқақ рухын аңғартса керек. Әлемдік сахналарға лайықты мұра қалдырған композитор М.Маңғытаев – қазақтың музыка тарихында қайталанбас дара қалпымен келер ұрпақты таңдай қақтыра береді. Халық сүйікті перзентін ұмытпайды. Есімін мәңгілікке қалдыру туралы әріптестері талай мәрте мақала жариялады.

Кезінде Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданының әкімі болған Омарбек Нұржанов Мыңжасарға: «Сіз оқыған мектепке атыңызды берсек деген ойымыз бар. Міңке, не дейсіз?» – дегенде, кішіпейіл сазгер тосылыңқырап барып: «Айналайын, ниетіңе, ұсынысыңа рахмет! Ойланайыншы», дейді. Содан елде бір-екі күн жүріп Алматыға қайтады. Арада екі жұмадай өте әкім О.Нұржанов телефон соғып қайта сұраса, Мыңжасар ағамыз: «Әй, Омарбекжан-ау, алдымен өліп алайыншы!» – деп күлген екен.

2011 жылдың 5 желтоқсанында Мың­жасар аға жетпіс төртке қараған жасында бақилыққа озды. Қабырғасы қайысып соңында елі қалды.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты Әшірбек Сығайдың кезінде «Мыр­за­шөлден түлеп ұшқан еді...» Қа­зақстан халық әртісі Нұрғали Нүсіп­жа­новтың «Мақтааралдан шыққан композитор Мыңжасар Маңғытаевтың есімі ұмыт қалмауға тиіс», Парламент Мәжілісінің депутаты болған марқұм Мырзагелді Кемелдің «Талантты қадірлейік», Жетісай ауда­нының Құрметті азаматы Тойым Жүніс­тің «Өте орынды және әділетті болар еді» деген мақалалары баспасөз бет­терінде жарияланып, композитор­дың есі­мін насихаттап, құрмет көрсету мә­се­лесі көтерілген болатын. Нұрғиса Тілендиев «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Аманат жүгі» атты сұхбатын­да Мыңжасар Маңғытаевтың еңбегін жоғары бағалады.

2016 жылы 14 қарашада Б.Төлегенова, Н.Нүсіпжанов, А.Мұсақожаева, Б.Бая­хунов, Н.Үсенбаева, Т.Мұхамеджанов, С.Маңғытаева Түркістан облысының сол кездегі әкімі Ж.Түймебаевтың атына хат жолдап, көрнекті композитор Мыңжа­сар Маңғытаевтың еңбегін ескеріп, оны ұлықтау мақсатында мәдени мекемелерге есімін беруді сұраған.

Қазақ музыка мұрасының қара нары, ұлттық саз өнерінің саңлақ суреткері, киелі Отырар жерінен түлеп ұшқан мұзбалақ перзент Мыңжасар Маңғытаев, шын мәнінде, қасиетті өнердің қаршығасы еді. Ол музыканың сан саласына қалам тартты және оның қай-қайсысы да қазақ ұлтының жанымен үндесіп, болмысымен астасып жатты. Оның күрделі симфония­лары, оратория-кантаталары, тынысы кең романс­тары, спектакльдерге жазған сиқырлы музыкалары, хорға арналған поэмалары, опералық туындылары өмір өзегімен, ­заман лебімен, жаратылыс сұлу­лығы­мен жымдасқан жақұт дүниелер. Арна­сы кең композитордың «Іздедім сені», «Қарагөз», «Ақмаржан» сынды әндері ән сүйер қауымның аузында жиын тойдың төрінен түспеген туындылар.

Қазақстанның халық әртісі, Мемле­кеттік сыйлықтың лауреаты, білікті профессор М.Маңғытаев кіндік қаны тамған жеріне жиі келетін. Жайдары жүзінен мейірім моншағы төгіліп тұратын. Са­бырлы мінезінен майда самал ескендей сезілуші еді. Салмақты сөзі, жағымды үні ішкі әлемінің тазалығы мен қарапайым қалпын танытып тұратын-ды. Талай-талай өнер байқауында байыпты ойын, парасатты пікірін айтып, дарын иелеріне шын жанашырлық көрсете білген кең жүректі, біртуар азамат еді-ау!

 

Алмас БЕЙІМБЕТҰЛЫ,

М.Маңғытаев атындағы

№ 43 жалпы орта мектептің мұғалімі

 

Түркістан облысы,

Жетісай ауданы