03 Шілде, 2014

Әлем таныған тұлға

1046 рет
көрсетілді
41 мин
оқу үшін

79797Таңдау төрінде

Сексен тоғызыншы жыл Кеңес Одағы тари­хын­а ең күрделі кезеңнің бірі ретінде енді. Қайта құру арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуді мақсат еткен Горбачев саясаты кеңес қоғамында қордаланған қайшылықтарды одан әрі ушықтырып жіберді. Саясат экономикалық дамудың алдына түсті. Цензура шектеле бастады. Сол себепті бұрын тоталитарлық жүйеге қарсы бағытталып жазылған, тыйым салынған шығармалар жүздеген мың тиражбен басылды. Шетелдік ақпарат құралдары Кеңес Одағына ағылып келе бастады және олар өзімен бірге сөз бостандығының батыстық үлгісін ала келді. Бұрын жер аударуда, мырзақамақта, енді бірі түрмеде отырған академик А.Сахаров бастаған демократ-диссиденттер бостандыққа шықты. Олар онсыз да қызуы көтеріліп тұрған қоғамның саяси көрігін одан әрі қыздырып жіберді. Саясатқа белсене араласып, алды баламалы негізде өткен сайлауларда КСРО Халық депутаты болып сайланды. Жаңа ақпарат құралдары, «Взгляд» сияқты миллиондаған аудиторияны өзіне баураған еркін ойлы телебағдарламалар ашылды. Экономикадағы жағдай барған сайын шиеленісе түсті. Мұнай мен газ бағасының төмендеуі кеңестік қаржы жүйесін мүлдем шатқаяқтатып жіберді. Маскүнемдік пен алкоголизмге қарсы күрес науқаны кезінде бұрын мемлекетке едәуір мөлшерде пайда түсіріп отырған арақ-шарап өндіру саласы тұралап, миллиондаған гектар жүзімдіктер шабылды. Бұл ішімдікке әбден бойы үйренген тұрғындардың сансыз көп тобының ашу-ызасын туғызып, үлкен әлеуметтік проблемаға айналды. Экономиканы дағдарыстан шығарып, нарықтық қатынастар элементтерін енгізуге бағытталған «Кооперация туралы», «Жекеше еңбек қызметі туралы» заңдар қолданыстағы заңнамамен қайшылыққа түсіп, салықтан жалтарудың небір қитұрқы түрлері пайда болды. Чернобыльдағы апат, Ауғанстандағы соғыс кеңес экономикасына жығылған үстіне жұдырық болып тиіп, ішкі саяси-экономикалық жағдайды тіпті нашарлатып жіберді. Одақтық деңгейде осыншама қиын түйінді проблемалар орын алып отырған жағдайда республикалардың халі тіпті мүшкіл еді. Борис Ельцин бастаған топ барған сайын бедел алып, оның төңірегінде Горбачевтан көңілі қалған қайраткерлер біртіндеп топтаса бастады. Осы кезде қайткенде Одақты, сол арқылы өз қызметін сақтап қалуға тырысқан Горбачев одақтық республикалардан қолдау күтті. Сол себепті ол енді жұлдызы жанып келе жатқан жас қайраткер Н.Назарбаевқа КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметін ұсынды. Ол онсыз да қырық пышақ болып бөлініп, береке-бірлігі мүлде кете бастаған дәрменсіз одақтың Үкімет басшысы қызметінен сыпайы түрде бас тартады. Сол кезде оған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығы ұсынылады. Без имени-1 Тарихи пленум 1989 жылғы 22 мау­сым күні өтті. Пленум жұмысына кәнігі чекист, Брежневтен Горбачевке дейін Кеңес Одағының ең қаһарлы, ең үрейлі құрылымы – КГБ-ны басқарып, ендігі кезде КОКП хатшысы қызметін атқарып отырған Саяси Бюро мүшесі В.М.Чебриков қатысты. Күн тәртібі бекітілген соң, сөйлеушілердің санын да, уақытын да шектемеу жөнінде регламент қабылданды. Әуелі «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» Колбин бірауыздан қызметінен босатылды. Екінші мәселеге көшкенде алғашқы сөзді В.М.Чебриков алды. Сөзін өте қысқа қайырған ол: «Маған оның өмірбаянын айтудың қажеті жоқ, оның қалай жұмыс істегенін, қалай еңбек еткенін айтудың да қажеті жоқ, сіздер оны жақсы білесіздер. Ол республикада үлкен мектептен өтті, түрлі лауазымдарда болды, қазір де жауапты қызметте отыр. Республиканы біледі, оның проб­лемаларын да біледі және, сондықтан, маған бұл туралы егжей-тегжейлі айтудың қажеті жоқ қой деп ойлаймын. Мен бұл жерде республика бойынша біздің кейбір бағалауларымызды тұжырымдап, сіздердегі орын алып отырған,  түзетуді қажет ететін кемшіліктерді атап өтетін тұрғыда тағы да сөз сөйлеуді меңзеп отырмын», – дей келіп, КОКП ОК Саяси Бюросының атынан Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын республика партия ұйымының басшылығына ұсынды. Әрине, Чебриковтің сөзі мұнымен шектелмеу керек еді. Оның көмекшілері қалыптасқан дәстүр бойынша ұсынылып отырған кандидатураның бүкіл өмір­баяны, жетістіктері, артықшы­лықтары жан-жақты негізделген сөз жобасын дайындағаны белгілі, бірақ ол соны пайдаланғысы келмеген, керісінше талқылау барысында «сіздерде бар кем­шіліктерді атап өту» сияқты екіұш­тылау ой айтып, сынап-мінейтіндер болса тыңдауға бейіл екендігін ишаралайды. Бір нәрсе айқын еді: Чебриков не десе де, залда отырғандардың қай-қайсысы болмасын, Назарбаевты одан әлдеқайда артық білетін және олардың ұсынылған кандидат жөнінде әлдеқашан қалыптасқан пікірі бар еді. Әуелі Жамбыл облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы С.М.Байжанов, одан кейін республика Ауыр өнеркәсіп министрі И.Б.Еділбаев сөз сөйледі. Әрине, екеуі де қолдап шықты. Еділбаев: «...Егер оның бағдарламасына келер болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлының енді ғана аяқталған КСРО Халық депутаттары съезінде сөйлеген сөзі – бағдарламалық сөз», – деп бірден көптің көкейіндегі сөзін айтты. Бұдан кейін Қарағанды облыстық партия комитетінің 1-ші хатшысы В.И.Локотунин сөз алып, былай деді: «Н.Ә.Назарбаевтың өмірбаянын сіздер мен біздер анкеталық деректер бойынша, барлығымыздың көз алдымызда өткен жұмысы бойынша білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің еңбек жолын Қарағанды металлургиялық комбинатында бастады. Қарағандыдағы, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіндегі жұмысы кезінде, рес­публика Министрлер Кеңесінде ол партиялық және кеңестік жұмыстың үлкен мектебінен өтті. Біз оны Қазақ­стан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы лауазымына лайықты кандидатура деп санаймыз». Қарағандылық басшының сөзі қасаңдау көрінгенімен, аргументтері мықты, дәлелдері темірдей болып шықты. Бұдан кейін еңбек адамдары атынан Алматы облысының сауыншысы В.А.Кузьменко сөйледі. Ол – Нұрсұлтан Әбішұлын елге келгенде талай көрген, теледидардағы сөйлеген сөздерін тыңдап, газеттен оқып жүрген адам. Оның сөзі өте әсерлі әрі табиғи болды: «Менен ОК-нің бірінші хатшысы кім бола алады деп сұрағанда мен, өздеріңіз білетіндей, ешқандай бұлталақсыз Назарбаевтың атын атадым. Бұл Қазақстанда тұратын барлық ұлттарға теңдей қамқорлық көрсетіп келе жатқан адам, экономиканы, саясатты біледі. Нақты қай жерде, қай өңірде не істеу керек екенін біледі, барлық адамдарды біледі. Мен жұмысшылармен сөйлестім, шын мәнінде, олардың барлығы қолдайды және былай дейді: ОК-нің Бюросы Назарбаевтың кандидатурасын дұрыс ұсынған. Мен барлығыңызды осы кандидатураны қолдауға шақырамын». Содан кейін сөйлеген әйгілі колхоз басшысы Н.Н.Головацкий мен Лениногор полиметалл комбинатының директоры И.И.Думанов, Павлодар облыстық партия ұйымының жетекшісі Ю.А.Мещеряковтар да ұсынылған кандидатты жақтап шықты. Еңбек адамдары, әсіресе, металлургтер Елбасына ежелден жақын. Осы топ ішінде сөйлегендер арасынан Думанов соны дәлелдеп шықты. Ол ешбір артық-кемі жоқ: «Мен ол Қазақстан кораблін оның байлығымен, еңбексүйгіш халқымен бірге Отанымыздың игілігі мен өсіп-өркендеуі міндеттерін шешуде дұрыс жолмен жүргізетін лидер деп ойлаймын», – деп Назарбаевтың болашағына, тіпті, Қазақстанның келешегіне дәл бір айнадан қарап тұрғандай сөйледі. Жаңа ғана сайланғалы тұрған басшының атына қарата айтылған металлургтің «лидер» сөзі араға жылдар салып «Лидер нации» – «Елбасы» конституциялық ұғымына ұласты. Мінберге шыққан Қарметком­бинат­тың жұмысшысы С.В.Дрожжин жаттанды емес, жүректегі сөзін айтты: «Мен оны 18 жылдан бері білемін. Сол бір Қарағанды металлургия комбинатындағы қиын жылдарда ол партия комитетінің хатшысы болды. Зауыт басқармасының дәлізімен кездейсоқ бір жүріп қалған кезде партком хатшысының есігі ашық тұрады. «Не, Сергей, кірмейсің бе, әлде жанымнан өте шықпақсың ба?» – деп сұрайды ол. «Иә, қайтейін енді, Нұрсұлтан Әбішұлы, – деймін мен, – сіз жұмыс істеп отырсыз, ал маған анда бару керек». «Ештеңе етпейді, кір. Отбасыңның жағдайы қалай, бригадада не хал, денсаулығың қалай?» дейді ол. Түсінсеңіздер, 5-ақ минут сөйлесеміз, ал кабинеттен көңіл күйің көтеріліп шығады. Келе жатып жұртқа осындай адамның жанында жұмыс істейтініңді айтқың келеді». Пленумда ең ұзақ сөйлеген Қызылорда облыстық партия ұйымының басшысы Е.Н.Әуелбеков болды. Ол өзінің «байырғы партия қызметкері» екендігін айтудан бастап, республиканың кетіп бара жатқан басшысы Колбинді ұзағырақ мақтады. Оның «бір күн де дем алмай» (дәл осылай: «ни одного дня не отдыхал»), бар күш-жігерін республиканың экономикасы мен мәдениетін өркендетуге жұмсағанын, қыруар жұмыс атқарғанын желпінте мақтап, алдағы қызметіне жеміс тіледі. Бір қарағанда, мұнда тұрған ештеңе жоқ. Онсыз да қызметінен кеткен адамды мақтау айтып, шығарып салу – бұрыннан бар дәстүр. Басқаша жағынан алсақ, Әуелбеков сияқты тәжірибелі партия қызметкеріне Колбиннің деңгейі ортадан да төмен, бастаған ісінің бірде-бірін аяғына жеткізе алмаған шалағай функционер екені әбден мәлім болатын. Соны біле тұра, Колбинді асыра көтермелей тым ұзақ мақтады. Ол әрі қарай Нұрсұлтан Назарбаевтың кандидатурасын қолдайтынын жеткізді. Бұдан кейін Еркін Нұржанұлы жалпы жайттарға: кадр жайы, партиялық тәртіп, тоқырау кезіндегі қателіктерді түзеу сияқты мәселелерге ауысты. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуына да тоқталып өтті. Халықтар достығы, интернационалдық тәрбие мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Ұзақтау сөйлеген сөзінің аяғында: «Егер естеріңізде болса, мен жасы үлкен адам ретінде оны талай рет сынадым, бірақ Нұрсұлтан Әбішұлы сол сыннан дұрыс қорытынды жасай білді», – деп өзін де көтермелей сөйлеуді ұмытпады. Егер Әуелбековтің сөзіне жан-жақты талдау жасар болсақ, оның бағдарламалық сипатта жазылғанын аңғару қиын емес. Соған қарағанда, қашанда «бөліп ал да, билей бер» қағидатын ұстанатын мәскеулік басшылардың оны да соңғы күндерге дейін емексітіп, баламалы кандидат ретінде ұсыну жоспары болғанға ұқсайды. Кейін қоғамдық пікірді ескере келіп, бұл мақсаттарынан бас тартқан сияқты, ал Еркін Нұржанұлы алдын ала дайындаған мәтінді барынша қысқартып, тезис күйінде оқып шыққан. Мәскеу әрқашан бір бармағын бүгіп қалатын. Колбиннің кететіні белгілі болғаннан кейін Кремль басшылықтан үміткерлермен көзге көрінбейтін «ойынды» бастап кетті. Сол тұста бір кездері республиканың Мемлекеттік қауіпсіздік комитетін басқарған З.Камалиденовтің де есімі жиі атала басталды. Пленумға оның тікелей бастығы болған Чебриковтің келуі онсыз да лаулап тұрған отқа май құя түсті. Бірақ Н.Назарбаев сияқты өзінің «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрегімен» бүкіл қазақстандықтардың ықыласына бөленіп үлгерген қоғамдық пікірдің талассыз топжарғаны тұрғанда екінші желтоқсан оқиғасына алып келуі әбден мүмкін мұндай әрекетке баруға Мәскеудің батылы жетпеді. Әуелбековтен кейін бір-ақ адам сөйледі. Ол да жұмысшы екен. Көптің көкейіндегі сөздің бірін Н.Е.Руснак есімді осы азамат айтты. Ол: «Назарбаев жолдастың кандидатурасына қатысты айтатын болсам, мені көпшілік қолдайды ғой деп ойлаймын, және бұл туралы менен теміржолшылар өтінді: егер, тіпті, Назарбаев ұсынылмаса да, сен дейді, өз пікіріңді айт. Қалай дегенмен де, осындай сәйкестілік болды. Демек, мен Назарбаев жолдасқа жақсы жұмыс, біздің ұлы Отанымыз бен Қазақстанның игілігі жолында табыстар тілеймін». Бұдан кейін жарыссөз тоқталып, жасырын дауыс беру басталды. Пленумға қатысқан 158 адамның 154-і жақтап (4 адам қарсы), Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің 1-ші хатшылығына сайланды. Жаңа басшының қалыптасқан дәстүр бойынша бірауыздан емес, басым көпшілік дауыспен сайлануы, тіпті 4 адамның қарсы дауыс беруі талқылаудың да, сайлаудың да мейлінше ашық демократиялық жағдайда өткенін көрсетіп береді. Дауыс беру хаттамасы бекітіліп, бірінші хатшы қызметіне ресми түрде сайланғаннан кейін сөз алған Н.Ә.Назар­баев сенім білдірген әріптестер атына айтылатын дәстүрлі лебізден соң республиканың әлеуметтік-экономикалық салаларында және ұлтаралық қатынастарда әлі шешімін таппаған проблемалар өте көп екендігін алға тарта келіп: «Менің осы мәселелердегі ұстанымым, жолдас­тар, сіздерге белгілі. Ол КСРО Халық депутаттарының бірінші съезінде сөйлеген сөзімде анық тұжырымдалған болатын. Осы бағдарламаларды жүзеге асыратын жұмыстарды берік жүргі­земін деп сіздерді сендіргім келеді», деп барша әріптестерін аянбай еңбек етуге шақырды. Оқырмандар неге менің Н.Ә.Назарбаевтың КСРО Халық депутаттарының съезінде сөйлеген сөзіне мұның алдындағы тарауда егжей-тегжейлі тоқталғанымды енді жақсы түсінетін болар деймін. Пленум соңында мәскеулік мейман да сөз сөйледі. Оның ащы ішектей созылған іш пыстырар сөзі қайта құрудың мән-мағынасы жөніндегі жұртты әбден ығыр еткен жаттанды тезистерден тұрды. Дегенмен, Чебриков сөзіндегі кейбір детальдар назар аударуға тұрарлық: «Өткен бесжылдық барысында басқа республикалардағы тұтынушылар Қазақстаннан шамамен 3 миллиард рубль сомасындағы өнімді алған жоқ. Республика осы жылдары жалпыодақтық қорға шамамен 20 миллион тонна астық, 260 мың тоннадан астам ет және шамамен 60 миллион тонна сүт өнімдерін  кем берді». Байқайсыз ба, Чебриковтің пікірі бойынша қазақтар өзге жұрттың бәріне қарыздар. «Өзге республикаларда тұтынушылар Қазақстаннан 3 миллиард сомның өнімін кем алған». Неге олар емес, біз қарыз болуға тиіспіз? Бұл жағы мүлде айтылмайды. Чебриковтің сөзінің сықпытына қарасақ, Қазақстан өзге республикалардан, одақтық қордан миллиардаған сом қаражат, 20 миллион тонна астық, 60 миллион сүт өнімін, 260 мың тонна ет қарызға алып, қайтармай отырған сияқты. Саяси Бюро мүшесі трибунада осы сөздерді айтып тұрғанда Қазақстан дүкендерінде ет өнімдері мүлде сатылмайтын, тіпті ел астанасы – Алматының дүкендерінде ет орнына сүйек сатылатын «дәстүр» шыққан. Ал шайға қатар сүт сатып алу үшін алматылықтар түн қараңғысынан кезекке тұратын. Чебриковтің сөзінен айқын аң­ғарылып тұрғандай, Қазақстан сол кезде миллиондаған тонна ет-сүт өнімін өндірген, ал соның басым көпшілігі одақтық қор мен Ресейдің Қазақстанмен шектес аса ірі индустриялық орталық­тарына жіберілетін. Республикадағы ет-сүт тапшылығына қарамастан одақ басшылары Қазақстанға «азық-түлік салығын» барған сайын арттырып, өз несібесі өзіне еркін жететін халықты шалақұрсақ жағдайға жеткізген. Міне, мәскеуліктердің республика жөніндегі типтік түсінігі ешбір артық-кемі жоқ тура осындай еді. Чебриковтің пікірі дәл бір қарызын даулай келген адамның сөзі сияқты шыққан. Ол әрі қарай: «Республиканың агроөнеркәсіп кешенінде өсім қарқыны төмен. Тек 1988 жылы ол 380 миллион рубльдің өнімдерін кем берді. Астық, қант қызылшасы, көкөніс, картоп, жеміс пен жидек сатып алу бойынша тапсырма орындалған жоқ. Тұтастай алғанда, Қазақстан үш жылда мемлекетке 8 миллион тонна астық қарыз болды», – дейді. Осындайда «Егер Қазақстан Одаққа тек беру үшін жаралған республика болса, ондай Одақтың қазақтарға не керегі бар?» деген заңды сұрақ туады. Бірақ егемендіктің аз-ақ алдында тұрған рес­публика саяси элитасының алдында сөз сөйлеп тұрған мәскеулік партия функционерін мұндай сұрақ та, оның себебі де, тіпті, болашақта орын алуы мүмкін салдары да мазалаған жоқ. Пленум аяқталды. Жоғары лауазымды қонақ кетті. Жаңа сайланған басшыға Қазақстан сияқты алып республикамен бірге толып жатқан проблемалар қалды. Аса шиеленіскен саяси жағдай, экономикалық құрылымдар арасын­дағы диспропорция, ірі өнер­кәсіп орындар­дағы ереуілдік ахуал, жалақы мен зейнетақының уақытында төлен­беуі, азық-түлік өнімдерінің тап­шылығы, халықтың әлеуметтік тұр­мы­сының күрт нашарлауы, Семей поли­гоны мен ел аумағындағы әскери поли­гондардың жай-күйі, Арал апаты, ұлтара­лық қатынастың шиеленісуі – мұның бәрі кейінге қалдыруға болмайтын аса күрделі мәселелер еді. Қазақта «болат қайнауда, батыр майданда шынығады» деген қанатты сөз бар. Жасөспірім жігіт кезінен болат қорытып, шойын құйған ортада қалыптасып, саясат майданында шарболаттай шыңдалған Қазақстанның сабырлы да салмақты басшысы өзіне мұра болып қалған осы мәселелерді біртіндеп шешуге кірісті. Дәуірлеу кезеңінде Қазақта «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген қанатты сөз бар. Біз жоғарыда тоқталып өткен оқиғалар әлдеқашан өткен тарихтың еншісінде қалды. Тіпті ол соған тікелей қатысқан, куәгер болған адамдардың да жадынан өше бастады. Сол кезде мектепте жоғары сыныпта оқығандардың алды бүгін ел басқару ісіне араласып, үкімет мүшесі қызметіне дейін көтерілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін дүниеге келген еркін буын университет тәмамдап, ел болашағына қызмет істеуде. Бүгінгі азат ұрпаққа Қазақстан әрдайым дәл осындай шалқып-тасып тұрған сияқты болып көрінуі бек мүмкін. Ал шындығына келсек, жаңа замандағы жаңа Қазақстан небір «тар жол, тайғақ кешулерден» өтті. Ел тағдыры сынға түскен ең күрделі кезеңде халқының екі тізгін, бір шылбырын ұстаған Елбасы туған елін қаншама қиындықтардан аман алып өтіп, дүние жүзі мойындаған мемлекеттердің қатарына қосты. Елімен бірге өзі де әлем таныған қайраткер тұлғаға айналды. Әңгімеміздің әлқиссасын «Мейдзи реформасынан» тегін бастаған жоқпыз. Елбасы билікке келуімен қазақтың жаңа дәуірі басталды. Бұл – егемендік, тәуелсіздік, еркіндік дәуірі. Бұл ер қазақтың Елбасымен бірге дәуірлеу кезеңі. Елбасы осыдан ширек ғасыр бұрын алдына нақты мақсат қойды. Оны Американың «мемлекет қалып­таушы әкелеріндей» рет-ретімен, кезең-кезеңімен асқан сабыр, кемел кемеңгерлікпен орындап шықты. «Қазақстан Республикасы» атты мемлекетті қалыптастырды және оны өзіндік даму жолы, халықаралық қауымдастықта биік беделі бар іргелі елге айналдырды. Жұбан ақын айтса айтқандай, қазақ – «мың өліп, мың тірілген» халық. Бірақ оның кешегі сақ, ғұн, көк түрік, Алтын Орда, Қазақ хандығы заманында да дәл бүгінгідей атағы аспандап, абыройы асқақтап көрген емес. Халқымызға осы атақ пен абыройды әперген – ұлты үшін туған ұлы қайраткер, әлем таныған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Елбасының қазақ халқы алдына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Оны өз іші­міз­дегі де, сырт жұрттағы да небір сая­саткерлер талай мәрте тамсана, таңдана жазды. Мен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап, ел ішіндегі, шетелдердегі сан алуан сапарларында жүріп, бүгінде әлдеқашан тарих төрінен орын алған аса үлкен оқиғалардың куәсі болдым. Сондықтан бүгін өзім көрген, білген, қатысқан Қазақстанның нақты жетістіктерін ой елегінен өткізіп, тағы да қалың қазақтың есіне сала кеткенді жөн көрдім. Ең алдымен, Елбасымыз дамудың ұшар биігіне жеткен Батыс пен Шығыс елдерінің тәжірибесін зерттеп, зерделеп, жинақтап, жүйелеп, ұлт менталитетінің сүзгісінен өткізіп, «Қазақстандық жол» атты мемлекет дамуының жаңа моделін жасады. Аға буын «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп баға берген дәл осы жол бізді өркениет биігіне бастап келеді. Екінші. Қаншама ұзақ жолдың алғашқы шақырымнан басталатыны сияқты «Қазақстандық жол» да ешкім баспаған соны соқпақтардан бастау алды. Ол тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жылдарындағы тәжірибе негізінде жасалған «Қазақстан-2030» бағдарламасында жүйеленді. Елбасымыз осы құжатта алға қойған мақсаттарды мерзімінен бұрын орындаған соң әлемдік экономиканың дамуы мен жаһандық геосаясат ұсынған жаңа проб­лемаларды қорытып, ел дамуының жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан-2050» бірегей стратегиясын жасады. Дүние жүзі саясаткерлері айрықша құжат ретінде мойындаған дәл осы стратегия Қазақ елін әлемнің ең дамыған 30 елінің биігіне шығаратын болады. Үшінші. Елдің етек-жеңі жиналып, мемлекеттік институттары қалыптасқан соң Назарбаев саяси реформаны мықтап қолға алды. Ол тәуелсіздіктің елең-алаң шағында қабылданған ел егемендігі туралы декларацияның, тәуелсіздік туралы конституциялық заңның да басты авторы болып, АҚШ-тың «негізін қалыптаушы әкелер» қызметін жалғыз өзі атқарды. Қазақ қоғамына тың тыныс, соны серпін берген жаңа Конституцияның да басты авторы болды. Дәл осы Конституция ұлттық заңнама жүйесіне берік іргетас болып қаланды. Заң шығарушы, атқарушы билік пен тәуелсіз сот жүйесінің негізін құрды. Президенттік биліктің іргесін бекітті. Береке-бірлік пен ынтымақтың Конституциясына айналды. Бұл да Елбасы даналығының айқын айғағы болса керек. Төртінші. Елбасымыз Ата Заңға негіздеп, ел тарихында тұңғыш рет қос палаталы кәсіби Парламент түзді. Әуелгіде жаңа үрдісті жатырқай қабылдаған көршілер бүгінде жапатармағай өз Парламенттерін Қазақстан үлгісімен қос палаталы етіп жасақтауға кірісті. Қай саясатта болмасын, таразы басын тең ұстауды жөн көрген сабырлы Елбасы ұсынған қос палаталы Қазақстан Парламенті уақыттың барлық сынынан сүрінбей өтіп, өз қызметін абыроймен атқаруда. Бесінші. Тәуелсіздіктің берік қорғаны, қалқанына айналған Қазақстан Қарулы Күштерін құрып, оның Жоғарғы Бас қолбасшысы болды. «Сақтансаң – сақтаймын» дейді Жаратушым. Қорғалған тәуелсіздіктің ғана іргесі берік, түтіні түзу болады. Ілкідегі Тәжікстан мен Грузия, кейінгі Армения мен Әзербайжан, кешегі Қырғызстан мен Украинадағы қанды оқиғалар – осының айғағы. Тәуелсіздік жылдары бірде-бір қазақ анасы соғыста шейіт болған баласын жоқтаған жоқ. Бұл – Жоғарғы Бас қолбасшының нағыз ел қорғаны екендігінің бұлтартпас дәлелі. Алтыншы. Ел тәуелсіздігін алғанда «өгіз терісі – талыстай» ұлан-байтақ қазақ даласы ешбір халықаралық құжатпен ресімделмей, ашық жатқан еді. Тіпті қазақ жерінің Балқашқа дейінгі бөлігі Қытай оқулықтарында өз территориясы ретінде көрсетілсе, Горбачев өз билігінің соңғы кезеңінде Қазақстанның солтүстік облыстары Ресейге тиесілі дегенді айтып, отқа май құйған болатын. Сол кезде айыр қалпақты, ала тақиялы, сеңсең бөрікті ағайындар арасында да қазақ жеріне көз аларта қарайтындар жетіп-артылатын. Міне, осындай «гордий түйінінен» де қиын мұраны кемеңгер Елбасы қисынмен шешіп, қазақ шекарасын халықаралық құжаттармен бекітіп, біржолата және мәңгілікке шегендеді. Бұл – оның бүгінгі һәм қазақтардың болашақ ұрпағы алдындағы ұмытылмас тарихи еңбегі. Жетінші. Ұлы Абай, кемеңгер Шәкәрім, данышпан Мұхтар туған топырақта Кеңес Одағы кезінде әрқай­сының қуаты Хиросима мен Нагасакиге тасталған бомбадан әлденеше рет асып түсетін 340 ядролық жарылыс жасалып, ұлылардың жәннат бағы тозаққа айналды. Семей полигонынан қазақ көп зардап шекті, әлі де шегіп келеді. Осы ажал апанын 1991 жылдың өзінде-ақ жапқан Елбасымыз екенін күллі қазақ жұрты ешуақытта ұмытпақ емес. Н.Назарбаевтың бүкіләлемдік ядролық қарусыздануға, атом жарылыстарын тоқтату мен бейбітшілікті сақтауға қос­қан осы бір теңдесі жоқ үлесі оны сол жылдардың өзінде-ақ әлемдегі батыл ойлы мемлекет басшыларының қатарына қосып, Қазақстан әлемдегі ядро­лық қарусыздану қозғалысының көшбасшысына айналды. Сегізінші. Ел тәуелсіздігін алғанда мемлекет қазынасында көк тиын қаражат болмағаны өз алдында, Қазақстан Республикасының өз валютасы да жоқ еді. Ұлттық теңгеміздің атын да, затын да ойлап тауып, оны сыртқа сыр шығармай, алдын ала шетелде бастырып, аяғынан тік тұрған валюта жасаған да Елбасымыз болды. Дәл қазір сіз осы жолдарды оқып отырғанда, Қазақстан Республикасының ел экономикалық тұрақтылығының кепілі саналатын Ұлттық қоры мен алтын-валюта қорында 105 миллиардтан астам АҚШ долларына жуық қаражат бар. Тоғызыншы. Алдағы мақсат айқындалып, міндет зорайған соң Елбасы астананы Сарыарқаның төріне қондырды. Елбасы қазақтың бағына туған елдің ұлы перзенті болса, Астана – Елбасының төл перзенті. Елорда қазақтың атағын аспандатып, мерейін тасытты. Досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіретін болашақтың қаласына айналды. Елордамен бірге ел еңсесі көтеріліп, қазақтың даңқы артты. Оныншы. «Қазақстан-2050» Страте­гиясында көрсетілген экономикалық мақсаттарға қол жеткізу үшін әуелі «30 корпоративті көшбасшы», кейін еліміздің «Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламасы» жасалды. Соның аясында бүкіл еліміз бойынша ондаған зауыттар мен жүздеген өндірістік кәсіпорындар ашылып, әлемге танымал жапон, корей автомобильдері, америкалық локомотивтер шығарыла бастады. Жаңа кәсіпорындармен бірге Қазақстанға әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті өнім шығаратын жаңа технология келді. Он бірінші. Ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамыды. Кеңес заманында қолдан жасап, қосып жазып жүріп, әупірімдеп 1 миллиард пұт (16 млн. тонна) астықты әрең алатын Қазақстан ауыл шаруашылығы саласында жүргізілген жүйелі реформаның нәтижесінде жыл сайын 20-25 млн. тонна астықты еркін жинайтын дәрежеге жетті. Қазір Қазақстан әлемдегі ең ірі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарынан берік орын алды. Он екінші. Өз дегенімен емес, тағ­дыр­дың жазуымен көп ұлтты мемлекет болған Отанымыз береке мен бірліктің мекеніне айналды. Қашанда рахым мен рахманды, қанағат пен сабырды серік еткен Елбасы қиыннан қиыс­тырып жол тауып, сан алуан ұлт өкілдерін алтын күні әркімге бірдей шуақ шашқан көк тудың астына тоғыстырды. Тәуелсіздіктің елең-алаңында Ресейдегі әсіреқызыл шовинистердің арандатуымен батыста – Водолазов, солтүстікте – Супрунюк, шығыста Васильева сияқты әпербақандар ұлтаралық жағдайды өте шиеленістіріп жіберді. Ресейде кейбіреулер демін ішіне тартып, іштен ілік іздеді. Осындайда қазақ билігі тарапынан кеткен бір ғана оқыс қимыл бүгін бүліншілікке ұшы­раған Украинадағыдай орны толмас трагедияға әкелуі әбден мүмкін еді. Елбасы Қазақстанды мекен еткен әралуан ұлт пен ұлыс өкілдерінің тізгінін тең ұстап, бірегей мемлекеттік институт – Қазақстан халқы Ассамблея­сын құрды. Қоғамдағы орны мен құзыреті Ата Заңда бекітілген бұл ұйым ел бірлігі мен халықтар достығына берекелі қызмет істеп, Біріккен Ұлттар Ұйымы тарапынан әлем мемлекеттеріне үлгі-өнеге ретінде ұсынылуда. Он үшінші. Адамзат тарихында соғыс атаулының басым көпшілігі дін үстемдігі үшін болған. Елбасы әрбір қазақстандыққа наным, сенім бостандығын берді. Алуан түрлі дін өкілдерінің басын қосып, дүние тарихында қатарынан төрт рет Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізіп, ежелгі қазақ жерін дін жолындағы ізгі жандардың бата-шапағатына бөледі. Он төртінші. Ата-баба дәстүрі мен ұлт мәдениетінің ұлы қасиеттерін жас­тайынан бойына сіңіріп өскен Елбасы қазақ халқының көне заманнан күні бүгінге дейінгі бай мұрасын жүйелетіп, «Мәдени мұра» бағдарламасын жасатты. Ұлт мәдениеті дамуына соны серпін берген дәл осы бағдарламаның аясында 100-ге жуық тарихи-мәдени ескерткіштер жаңғыртылып, халқымыздың мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, ертегілерінен бастап, ғашықтық жыр, тарихи дастан, батырлар жырларына дейін 100 томдық «Бабалар сөзі» деген бірегей басылымға жинақталды. Ұлт музыкасының інжу-маржандарынан тұратын «Қазақтың 1000 әні», «Қазақтың 1000 күйі» антологиялары жарық көрді. Көне мәдениетті әлемнің ең озық мәдениеті үрдістерімен ұштастырып, Астанада Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Орталық концерт залы, «Астана Опера» театры, Ұлттық кітапхана, Ұлттық мұрағат, Ұлттық музей сияқты бірегей мәдениет нысандарын салдырды. Мұның бәрі жаңа замандағы қазақ мәдениетін әлемдік биікке көтерді. Он бесінші. Тәуелсіздік жылдары екі мыңнан астам бұқаралық ақпарат құралдарынан тұратын ұлттық ақпарат кеңістігі қалыптасып, сандық ақпараттық технологиялар енгізілді. Кеңес заманында жалғыз телеканалға телміріп қалған қазақстандық көрермендерге қазір 70-тен астам телеканал қызмет істеуде. Ел аумағында Интернет, Фейсбук, Твиттер сияқты әлеуметтік желілер еркін қызмет етуде. Осылайша Қазақстан жаһандық ақпарат жүйесінің бөлінбес бөлшегіне айналды. Он алтыншы. Ел тәуелсіздігінің елең-алаң шағында жеке дара мемлекет­тік мәртебеге ие болған ұлттың ұлы қазынасы – қазақ тілінің қолдану аясы кеңейді. Кеңестік кезеңде жабылған 600 мектептің орнына 1000-ға жуық қазақ мектебі ашылып, орта білім жүйесінің 70 пайызға жуығы мемлекеттік тілде оқытатын оқу бағдарламасына көшті. Тілдерді дамытудың 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы жасалып, ұлт тарихында тұңғыш рет 150 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігі» жарық көрді. Он жетінші. Ғылым, білім саласы айтарлықтай өсіп, тәуелсіздік жылдары 500-ге жуық жаңа мектеп ғимараты салынды. Әлемдік университеттермен терезесі тең «Назарбаев Университеті» ашылып, республикамыздың әрбір өңірінде 20-дан астам «Назарбаев зияткерлік мектептері» бой көтерді. Елбасы тапсырмасымен «Болашақ» стипендиясы бойынша 10 000-нан астам талантты жас шетелдердің беделді универ­ситеттерінде білім алып, бүгінде ел бола­ша­ғына қызмет істеуде. Он сегізінші. Еліміздің денсаулық сақтау саласы да айрықша дамыды. Кешенді «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданып, 100-ден астам аурухана мен емхана салынды. Астанада әлемдік деңгейдегі ең озық техникамен жарақтанған Ұлттық медициналық холдинг ашылып, оның құрамындағы «Республикалық диагностикалық орталық», «Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы», «Республикалық жедел медициналық көмек көрсету ғылыми орталығы», «Республикалық балаларды оңалту орталығы», «Республикалық нейрохирургия орталығы» және «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» сияқты ауқымды медициналық мекемелерде ең күрделі операциялар жасалуда. Он тоғызыншы. Елбасы жыл сайын экономикалық күш-қуаты артып, саяси беделі көтеріліп келе жатқан жетекші елдердің басын құрайтын, бүгінде әлемдегі ең беделді халықаралық ұйымдардың біріне айналған, құрамына Қазақстанмен шекаралас елдердің бәрі кіретін Шанхай ынтымақтастық ұйымын құрудағы бастамашыларының бірі болды. Осылайша ол әлемдегі саяси күштердің ара-салмағын сақтауға үлкен үлес қосты. Жиырмасыншы. Мемлекет басшысы­ның жеке-дара бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес те өзінің өміршеңдігін көрсетіп берді. Әуелі Ресей мен Орталық Азия елдерінің басын құраған бұл ұйымның құрамында қазір Ресей, Қытай, Үндістан бастаған 26 мүше, АҚШ пен Жапония қостаған 7 бақылаушы мемлекет бар. Ол ХХІ ғасырда қауіп-қатер ошағына айналған Азиядай алып құрлықтағы ең қиын түйінді мәселелерді шешетін ЕҚЫҰ-ның Азиядағы аналогы ретінде ықпалды халықаралық ұйымға айналды. Жиырма бірінші. Елбасы туған елінің даңқын асырып, айбынын асқақтатып, Еуропа төріне шығарды. Еуропаның ғана емес, мұхиттың ар жағындағы АҚШ пен Канаданы қоса қамтып, 56 мемлекеттің басын қосатын ЕҚЫҰ-ның төріне шықты. Күмәнсіз, қапысыз, өз абыройымен, өз беделімен шықты. Шығып қана қойған жоқ, қашанда бізді үйретумен келген кәрі құрлықтың басшыларын қазақ жеріне келтірді. Ақордаға еңкейте кіргізіп, құрметпен сәлем бергізді. Әр қазақтың жүрегіне қазақ болып туғаны үшін, Алаш жұртының азаматы болғаны үшін мақтаныш сезімін ұялатты. Жиырма екінші. Қашанда екі тізгін, бір шылбырды қатар ұстап, алысты болжап, биікті межелейтін Елбасының арқасында Қазақстан дүние жүзінің 57 елінің басын қосатын Ислам конференциясы ұйымына төраға болды. Бұл да еліміздің абыройын асырды. Елбасымен бірге дін қарындастың рухын көтеріп, еңсесін тіктетті. Әлем халқының бір жарым миллиардтан астамын қамтитын осы ұйымның тізгінін ұстау Елбасының мұсылман дүниесіндегі аса биік халықаралық беделінің айқын көрінісі ретінде қабылданды. Жиырма үшінші. Түркі халықтары ежелден Еуразиядай апайтөс алып құрлықтағы басты интегратор болған. Еуразиялық одақ туралы орыс және түркі халықтарының зиялылары ежелден-ақ армандағанымен, бұл жоба да орындалусыз қалған. Осы идеяға 1994 жылы жан бітіріп, оны 20 жыл бойына табандылықпен алға жылжытқан және биыл Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің қатысуымен құрылған посткеңестік елдер ішіндегі ең үлкен экономикалық ұйымға айналдырған – Қазақ елінің басшысы Нұрсұлтан Назарбаев. Жиырма төртінші. Қашанда ел болашағын ойлайтын, туған халқын әлемдік биіктерден көруді қалайтын Елбасы әлемдегі ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің, жаңалық атаулының ең үздік жетістіктерін насихаттайтын ЕХРО көрмесін 2017 жылы Астанада өткізуге қол жеткізді. Бұл – әлем жұртшылығының Қазақстанның бүгінгі әлеуеті мен күш-қуатына ғана емес, оның кемел келешегіне берік сенімінің белгісі. Жиырма бесінші. Кез келген мемле­кет­тің ең ұлы байлығы – халқы. Қазақ деген халық болмаса, Қазақстандай алып мемлекет те, оны әлемге танытқан Елбасы да болмас еді. Осыдан тура ширек ғасыр бұрын өткен Кеңес Одағындағы ең соңғы халық санағындағы дерек бойын­ша республикамызда тұратын қазақ­тар­дың үлес салмағы 39 пайыз ғана болса, тәуелсіздік жылдары алыс-жақын елдер­дегі қандастарымызға айқара есік ашылып, өз ішіміздегі ағайынның үздіксіз өсіп-өнуге бағытталған Елбасының сараб­дал саясаты нәтижесінде дәл Сіз осы жол­дар­ды оқып отырғанда қазақтардың саны 67 пайызға дейін жетті. «Армансыз ту­ған асыл ер ұрпақтың қамын ойлайды» деген қанатты сөз дәл осындайда айтылса керек. Иә, тұтас емес, тіпті, жарты да емес, небәрі ширек қана ғасыр. Тарлан тарих үшін – қас-қағым ғана сәт. Бұл – қазақ халқы үшін, тәуелсіз Қазақстан үшін ғасырлар жүгін арқалаған ғаламат дәуір. Соның бәрінде елі үшін туған Елбасы Қазақ елінің алып кемесін өмір атты ұлы мұхиттың ешбір жарта­сы­на соқтырмай, қайраңында қалдыр­­май, ашық айдындарға бастап келеді. Елбасы туралы әлемге әйгілі мемлекет басшылары, аузымен құс тістеген сая­саткерлер аз жазған жоқ. Ол баспасөзде үздіксіз жарияланып келеді. Соның бәрін қайталамай-ақ, еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Елбасының сенімді серігі болып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілген  Қ-Ж.К.Тоқаевтың сөзімен айтсақ: «Қазіргі дүние жүзінде өзінің тәжірибесі, ақылмандығы, ерік-жігері, көрегендігі және нәтижелігі жөнінде Қазақстан Президентіне тең келер тұлға жоқ». Қасым-Жомарт Кемелұлы айтудай-ақ айтқан. Бұған алып-қосудың өзі артық. Қазақстан – бүгінде іргесі берік, ынтымағы жарасқан, экономикасы қуатты, саяси жүйесі сараланған, өз жолын, өз болашағын айқындаған, әлемдік қауымдастық алдындағы беделі биік мемлекет. Оның туған халқын замананың сан алуан сынынан аман алып шығып, биіктен биікке бас­тап келе жатқан, әлем таныған тұлға – Елбасысы бар. Ендеше, Елбасымен бірге өркениет биігін бағындыра берейік, ардақты ағайын! Автордан: материалды дайындау барысында мұрағаттық қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің директоры А.С.Сағынғали мен Қазақстан Республикасы Президенті мұрағатының директоры Б.Ә.Жапаровқа алғысымды білдіремін. Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД. (Соңы. Басы 128-нөмірде).