Кітапхана • 04 Сәуір, 2023

Үлкен астана – тар кітапхана

972 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде өткізген кеңесте кітапханалардың тым аз екенін атап өткен. Сондай-ақ әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашуды тапсырған еді. «Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында кітап оқу мәдениеті жайлы айттым. Алайда қалада кітапханалар желісі дамымай тұр. Астанада небәрі 18 кітапхана бар. Оның кейбіреуі 40 шаршы метрден аспайтын бөлмеде отыр. Кітапханалар заман талабына бейімделіп, коворкинг орталығы сияқты жұмыс істеуі керек. Бұл салада ақпараттық технологияны кеңінен қолданған жөн. Әр ауданда заман талабына сай кітапхана ашу қажет», деді Президент.

Үлкен астана – тар кітапхана

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Берілген тапсырма бұл күнде қа­лай орындалып жатыр? Еңсесін енді тік­теген елордада рухани шаңырақ – кітапханалардың саны көбейе ме? Жалпы, заманауи кітапхана қандай болуы керек? Осы сұрақтардың ізімен астанада­ғы Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне (ОКЖ) барып қайттық.

 

20 мың адамға – бір кітапхана

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде елімізде барлығы 3 920 кітапхана бар. Оның ішінде 3 877 әмбебап (көпшілік), 19 ғылыми, 20 арнайы кітапхана тіркелген. Ал 253-і балаларға арналған. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда, әрине аз көрсеткіш. Өйткені кейінгі уақытта бір жылдың өзінде 66 ауылдық кітапхана жабылған. Оның сыры рухани ошақтарға ортақ мәселе: жеке мекеменің жоқтығы, жөндеу жұмыстарының жүргізілмеуі, айлық аз, маман тапшы.

Еске салсақ, Президент Жолда­уын­­­дағы тапсырмаға сәйкес былтыр кітапха­­на­­шылардың жалақысы 20 па­йыз­­ға өскен болатын. Әрине, бұл әлеу­мет­тік қолдау сала қызметкерлері үшін қуанышты жаңа­лық, дегенмен еліміздегі кітапханалар төңі­регіндегі қордаланып қалған көп мәселені толық шеше алмайтыны белгілі. Әлқисса.

Астана қаласы әкімдігінің «Орталық­тандырылған кітапханалар жүйесіне» барлығы 18 кітапхана – 11 көпшілік, 6 балалар кітапханасы мен көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған бір арнайы кітапхана кіреді.

Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәді­баева­ның айтуынша, тұрғындар тарапынан қалалық кітапханаларға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Себебі қаланың барлық аудандары кітапхана қызметімен толық қамтылмаған.

«Осы себептен ССК-1 (спорттық сауық­­тыру кешені) жанынан әдебиет­тер­ді беру үшін 2 пункт ашылды – Көктал 2 және Өндіріс ауылдарынан. Бұ­дан бө­лек 5 мамыр мен 31 қазан ара­лығында Бай­қоңыр ауданындағы «Ашық аспан астын­дағы кітапхана» ат­ты жазғы оқу залы тұрғындарға қыз­мет көрсетті. Елордамызда білім ошақ­тары, балабақшалар, мектеп-лицейлер көбейіп жатқанда, 18 кітапхана, әрине жеткіліксіз. Оған қоса жұмыс істеп тұр­ған кітапханалардың қызмет көрсету аймақтары үнемі ұлғайып, ал оқырмандар саны күннен-күнге артып жатқаны тағы бар. Мәселен, Алматы, Сарыарқа, Есіл жә­не Байқоңыр аудандарының аумақ­тарында халықтың тығыздығы бойын­ша қалалық кітапханалар желісінің орна­ласуы қазіргі заман талабына сай емес. Тұрғындарына ақпараттық қолдау көрсетілмеген бірқатар аудан болса, Есіл ауданының аумағында бүгінде бір ғана қалалық көпшілік кітапхана бар», деді ОКЖ басшысы.

Иә, қаланың іргелес ауылдары мен са­лынып жатқан жаңа аудандарын алсақ, Есіл ауданы – «Достар» ТК, «Жағалау» ТК, Қосшы ауданы, Пригородный ауданы, Алматы ауданы – №12, №13 ма­гистралі, Сарыарқа ауданы – Сарыарқа даң­ғылының басы – Сейфуллин – Кене­сары көшелерінің басы – Абай даңғылы, 187-188-189 қоса алғанда, Көктал-2 аудандарында кітапханалар ашу қажеттігі туралы өткір мәселе туындап жүргенін ел біледі.

Бүгінгі таңда жүйедегі кітапханаларда 126 адам жұмыс істейді. Оның 102-сі шы­ғармашылық, 90-ы кітапхана қызмет­кері және 24-і техникалық қызметкер. ОКЖ басшысы саладағы ең бірінші мәселе – кітапхана ісі мамандарының жетіспеушілігі екенін айтады.

«Бүгінде жас мамандарды даярлайтын оқу орындарының аздығы өзекті болып отыр. Сондай-ақ кітапханашылардың әлеу­меттік-тұрмыстық жағдайы да алаң­датады. Еңбек табысының аздығынан мем­лекеттік бағдарламаларға қатыса ал­майды. Кітапханашылардың баспанамен қам­тылуы да өзінше бір тақырып. Ал кітапханалар санын арттыру, жаңа кітапха­налар ашу мәселесіне келсек, ол кітапха­на ашу нормаларына сәйкес жүр­гізілуге тиіс. Яғни 20 мың тұрғыны бар ауданда 1 кітапхана ашу қажет. Бұл жұ­мыстар Мәдениет басқармасымен бір­лесіп, кітапханаларға бейімделген ғима­раттарды қарастыру бағытында жүргізіліп отыр. Астанада әзірге кітапханалар үшін арнайы салынып жатқан ғимараттар жоқ», дейді ОКЖ басшысы.

Зерттесек, елордадағы кей кітапха­налар ғимараттарының көлемі небәрі 53-80 шаршы метрден аспайды екен. Бұл мыңдаған кітап ұсынатын рухани орда үшін өте аз ке­ңістік. Тіпті шындап ойлансақ, ақылға қонбайды.

«Кітапханалар санын көбейту үшін тұрғын үйлер немесе бизнес орталық­тарын салатын кезде бірінші қабатынан кітапханаларға кем дегенде 350 шаршы метр орын алып қалуға болады. Қазіргі таңда салынып болған үй-жайлардан да қарастыруға мүмкіндік бар. Қала әкімдігі тарапынан сол үйлердің бірінші қабатынан кітапханаларға 200-ден 1 000 шаршы метрге дейін бөлмелер сатып алып, кітапхана балансына берілсе деген ұсыныс бар», дейді Гүлбадан Мәдібаева.

Сондай-ақ ол штат кестесіне қажетті мамандарды қарастыра отырып, оның жиһаздық және кітап қорына қаражат бөлу, яғни материалдық және штаттық ресурсын қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.

«Жалпы, кітапханалар санын көбей­ту мәселесін Астана қаласы кітапхана жүйесі, Ұлттық академиялық кітапхана, Астана қаласы кәсіподақ федерация­сы ­тарапынан 2004 жылдардан бері көтеріліп келеді. Қазір де үнсіз емеспіз. 2013 жылдардан бері қала тұрғындары елорда әкіміне, кітапхана жүйесіне хат арқылы, «ikomek» арқылы 12-13 магис­траль, Тұран, Ақмешіт, Сығанақ, Мәң­гілік ел көшелерінде, Көктал 2 аудандарында кітапхана ашуды сұрап отыр», деді ОКЖ басшысы.

 

Әкімдік: әр ауданнан бір кітапхана ашылады

Аталған мәселенің қалай шешіліп жатқанын білмекке Астана қаласының әкімдігіне сұрау салған едік. Мәдениет басқармасы өкілінің айтуынша, биыл төрт кітапхананың ғимаратына жөндеу жұмыстары жоспарланып отыр.

«Биыл 4 кітапхананың ғимаратына жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жүр­гі­зуге қажетті қаражат бөлінді. Атап айт­сақ, №4 балалар кітапханасы, Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасы, №3 балалар кітапханасы, Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған кітапхана. Сондай-ақ сәуір айында мемлекеттік сатып алу жос­пары бойынша тағы төрт кітапхананы жаңғырту бойынша конкурс жарияланады. Алдағы уақытта елорданың әр ауданынан бір ғимарат сатып алу жұмыстары жүргізіледі. Аяқтау мерзімі – 2023 жыл­дың желтоқсан айы», дейді Мәдениет бас­қармасының өкілі.

Бүгінде аталған кітапханалардағы кітап қоры 700 мыңнан асыпты. 18 кітапха­наның шеңберінде бұл орташа көр­сеткіш. ОКЖ басшысының айтуынша, өткен жылдарға қарағанда қазір қазақша кітаптардың саны артып келеді.

«Кітап қоры мемлекеттік сатып алу жолымен толықтырылады. Сонымен бір­ге сыйға тарту, мемлекеттік тапсырыс бағдарламасы бойынша кітаптар түсіп отырады. Бұрындағы кітап қорын то­­лық­тыруға мемлекеттік бюджеттен 3-5 миллион теңге бөлінсе, кейінгі жылдары 15-20 миллион қарастырылады. Деген­мен қорда балалар әдебиеті мен жас­өспірімдерге арналған қазақ тіліндегі көр­кем әдебиет, салалық әдебиеттер аз. Соны­мен бірге көзі көрмейтін, нашар кө­ре­тін азаматтар­ға арналған аудио­­кітаптар жоқтың қасы. Елімізде Брайль қарпіндегі кітаптар тіптен шыға­рылмайды. Бұл да – үлкен мәселе», дейді Г.Мәдібаева.

Қазір әр салада цифрландыру үрдісі жүріп жатыр. Десек те осы бір заманауи тәсіл кітапхана сөрелеріне толық жетті ме екен? Ең бастысы, оқырманға қолжетімді ме? Мұны да сұрап білдік.

«Кітап қорын цифрландыру жұмыс­тары 2019 жылдан бастап іске асыры­лып келеді. Оған арнайы сканерлер алынды. Цифрландырудан өткен кітаптар КазНЭБ келісімшарты бойынша жүргізіледі, яғни кітап қорымыздағы өлкетану шы­ғармалары және сирек кітаптар цифр­ландырылып, осы электрон­ды кітапха­на порталына енгізіледі. Со­ны­мен бірге кітапхананың ресми сай­тын­да «Электрондық каталог» орна­лас­ты­рылған. Мысалы, оқырман элек­трон­ды ­каталог арқылы іздеген кіта­бы­ның кітапхана қорында бар не жоқ еке­нін анықтай алады. ОКЖ кітапха­нала­рын танымал ету, беделін көтеру, кітапха­налардың қызметін насихаттауда бар­лық 18 кітапхананың Facebook, Instagram, YouTube платформаларында парақ­ша­лары жұмыс істейді», дейді жа­уапты өкіл.

Мыңдаған кітаптың арасында жүр­генде оқырман туралы еріксіз ойла­насың. Осы кітаптарды іздеп, сұрап жүріп оқитын жан көп пе екен? ОКЖ басшысы әр кітапхананың тұрақты оқырманы аз емес дейді. Оған қоса жыл сайын қосы­латын жаңа келушілер тағы бар.

«Оқырман саны жылдан-жылға артып келеді. Қашанда кітапты іздейтін адамдар болады. Өйткені бірі бос уақытын қамту үшін оқыса, бірі рухани байлық алу үшін, енді бірі білім алу үшін, өзін өзі дамыту үшін кітапқа ұмтылады. Оқырман арасында қазір отбасымен оқу үрдісі белең алып келеді. Әсіресе әкелер балаларын кітапханаға ертіп әкеліп, оқырман залында бірге кітап оқып отырады. Бұл – өте әсерлі көрініс. 2021 жылы 78 мыңнан астам оқырманымыз болса, 2022 жылы 85 мыңнан асты. Яғни бұл кітапхананың оқырманға ұсынар мүмкіндігінің барын білдіреді. Одан бөлек кітапхананың әлеуметтік желілердегі оқырмандарының саны да артып келеді. Онда оқырмандарға кітаптарды насихаттау, аудиокітаптар оқу, ертегі оқу сияқты түрлі іс-шаралармен бірге сайыстар, акциялар, конкурстар, челлендждер өткізіліп тұрады», деді ол.

Сондай-ақ «Оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың кітап оқу бел­сенділігін арттыру мақсатында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» іс-шаралар кешені ұйымдастырылып келеді. Мәселен, былтыр «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­дық мерей­тойына орай ғалымның шығар­машылы­ғына арналған болса, биыл оқырмандар жазушы Төлен Әбдіктің ­туындыларын оқып жатыр. Ал «Әдеби өлкетану» жобасы аясында жергілікті ақын-жазушылар­дың шығармаларын кеңінен насихаттау һәм шығармашыл жандарды қолдау мақ­сатында «Менің қолтаңбам», «Тірі кітап», «Авторлық бағ­дарлама» сынды іс-шара­лар өтіп жүр. «Нағыз оқитын кез» бағытын­да букрос­синг, букдейтинг, акциялар, кітап фес­тивальдары, квест, интеллектуал­ды ­ойындар, сайыстар ұйымдастырылады.