Сырлы сазға толы кеште алдымен белгілі күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай жиналғандарға тұғырлы тұлғаның шығармашылығына тоқталып, мазмұнды сөз қозғады. Одан кейін айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров күй атасына арнап, жырдан шашу шашты.
Жалпы, ұлы тұлғаның шығармаларында ұлттық рух атойлап тұрады. Оны тыңдағанда өзіңіздің де делебеңіз қозып, ат үстінде шауып келе жатқандай әсерленесіз. Өнертанушылар Құрманғазының күйлерін ұлт тарихын әуен тілімен жазған эпопеяға теңейді. Шынында да, күйшінің әрбір шығармасынан ел өміріне қатысы бар оқиғалар көз алдыңыздан тізбектеліп өтіп жатады.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айтжан Тоқтаған орындаған күйшінің «Айда бұлбұл, Айжан-ай» туындысын тыңдармандар ұйып тыңдады. Сондай-ақ күй атасының «Ақбай», «Байжұма», «Қайран шешем, «Күреңше», «Арба соққан», Терісқақпай» және тағы басқа да шығармалары ұсынылды. Сонымен қатар кеш барысында Құрманғазының күйлерімен бірге басқа да өнер тарландарының шығармалары ойналды. Мәселен, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедияров тарлан күйші Әбікен Хасеновтің «Қоңырын» шебер орындады.
Қысқасы, күй атасының шығармашылығын дәріптеген концертте өнер көрсеткен Орынбай Дүйсен, Тұрар Әліпбаев, Әбілғазы Ахмадиев, Марат Нүкеев, Еділ Басығараев, Бақытжан Дүйсенғазинов, Қайрат Айтбаев, Алмат Сайжан, Батырлан Әбенов, Жұмабек Қадырқұлов, Ақжусан Иманғазықызы, Бауыржан Мұхаметбай, Бауыржан Бекмұханбет, Абылайхан Орманбек секілді өнерпаздарға жиналған қауым дән риза болды.