Шынында, дәл қазір Жамбыл жері ән-жырдан тербеліп тұр. Өткен аптада ғана Қордай жерінде Кенен Әзірбаевтың 130 жылдық мерейтойы дүркіреп атап өтілді. Осынау тойға алыс-жақыннан келген қонақтар той қызығын кең даланың бозторғайы атанған Кенен атамыздың қара шаңырағына бас сұғып, құран бағыштаудан бастады. Қазақтың небір мықты-жайсаңдары талай рет қонақ болып, дәм татып, Кенекеңнің көптеген ән-жырлары дүниеге келген осынау аядай екі бөлменің төріне шыққандар өткен-кеткенді еске түсіріп, ақынның өмір жолынан ғибратты әңгімелер айтты. Кенен ата ауылындағы мәдениет сарайында өткен салтанатты кеш те өте әсерлі өтті. Қазақтың өнер әлеміндегі Алатаудай асқақ ақын, кербез композитор Кенен Әзірбаевтың кейінгі ұрпаққа қалдырған өлмес мұрасы мен өшпес өнегесі тағы бір паш етілді. Жиын соңында ән-жырдан шашу шашылды.
Одан кейін Тараз төрінде «Отбасым – тірегім, Отаным –жүрегім» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Бұл жыр додасы Жамбыл облысының 75 жылдығы мен «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығына арналды. Жамбыл жұрты айтысты сағынып-ақ қалған екен, Әулиеата өңірінің атын төрткүл дүниеге мәшһүр еткен, ұрпағына өнеге-үлгі болған батыр бабаларымыздың қайсар рухы мен асқақ айбынын асырып, ел тәуелсіздігі мен халықтар достығын, береке-бірлікті жырлауды мақсат еткен бұл өнер сайысында зал халыққа лық толып отырды. Балғынбек Имашев, Нұрмат Мансұров, Анар Жаппарқұлова, Рүстем Қайыртайұлы, Жақсылық Орынбасар, Қайнар Алагөзов, Асхат Қылышбек, Біржан Байтуов бастаған бір топ ақын сөз жарыстырып, елдің көкейіндегісін дөп баса білді. Әйтсе де, «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...» деген бар, бас жүлдені қызылордалық ақын Нұрмат Мансұров қанжығасына байлады. Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев аламан топтан атылып алға шыққан Нұрматқа 2 миллион теңгенің сертификатын тапсырды. Бірінші орынды ақтөбелік Қайнар Алагөзов, екінші орынды жамбылдық Әсет Дүйсебаев иеленіп, үшінші орындарды Балғынбек Имашев пен астаналық Жақсылық Орынбасаров бөлісті.
Апта соңында Жамбыл облысының жұртшылығы Астананың мерейлі мерекесіне ән-жырдан шашу шашты. Нақтырақ айтсақ, Тараз қаласында ІІ халықаралық «Қаратау сарыны» атты дәстүрлі музыка фестивалі өтіп, оған Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай елдерінің өнер шеберлерімен қатар, еліміздің Астана мен Алматы қалалары, Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарының әншілері, белгілі дәстүрлі орындаушылар, өнерпаздар қатысты. Бұл күні шынында Әулиеата жері әуезді сазбен тербелді. Ән айтылды. Қисса-дастан жырланды. Өнерпаздар терме толғап, айтыс та жасады. Бірі түрікше, енді бірі қарақалпақша. Оған қырғыздың да мақамы қосылды. Тіл бөлек болғанымен, бастысы сарын ортақ.
– Біздің музыкалық аспаптарымыз да ұқсас. Сіздерде домбыра болса, бізде саз деп аталады. Түбіміздің бір екенін әуендеріміздің ұқсастығынан да байқаймыз. Тек ұлттық дәстүрлерімізге сай сәл ғана өзгешеліктер бар, – дейді бұл жөнінде фестивальға қатысушы Гехкан Кара.
«Құт арылмас Сарыарқа, елдігімізді асқақтатқан Астана». Шаһардың орталығындағы «Достық» алаңында ізгі тілегі бір арнаға тоғысқан әншілер мен алаңға жиылған көпшілік бір мезгілде қазақтың 10 әнін қосыла шырқады. Қарт Қаратау – ұлтымыздың тағдыр талайына талай мәрте куә болған тарихы терең өлке. Енді, міне, осынау өлке рухани байлығымызды көпке паш етіп, ел ынтымағын арттырып отыр. Бесігін ән тербеген Қаратау – саусағынан саз төгілген дәулескер күйшілердің де мекені. Дәстүрімізді жаңғыртқан өнер фестивалінде күйшілер де аянып қалмады. Көңілдің мұңы мен назы қос ішекте шертіліп, шалқар шабытпен күй төгілді.
Нұрмағамбет Баймырзаұлы... Кешегі жұмада дүйім жұртқа Балуан Шолақ деген атымен мәлім, композитор, әнші Нұрмағамбет Баймырзаұлының 150 жылдық мерейтойы Шу ауданының орталығы Төле би ауылының төрінде кеңінен аталып өтті. «Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ақын өмірінің жұмбақ, құпия тұстары қызу әңгіме болды. Жауырыны жер иіскемеген күш атасының бабалары негізінен осы Шу өңірін мекендегендіктен, көптеген тарихшылар Балуан Шолақтың кіндік қаны тамған жер осы топырақ деп шатастыратыны, ал бірақ оның туған жері Көкше өңіріндегі Бұланды аймағы екені осы жиында айтылды. Рас болса, өмір бойы казак-орыстармен жер үшін айқасып өткен балуан соңғы демі үзілер сәтте өзінің қабірінің қай жерде екенін ешкімнің білмеуін аманаттаған көрінеді.
Бұл күні «Балуан Шолақ Баймырзаұлы» атты кітаптың тұсау-кесері өтті. Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қазақтың айбыны, мақтанышы болып келе жатқан перзенттің есімін ардақтау, ұлтымызға қалдырған ұлағатын ұлықтау тарихымызға құрметпен қарау екенін баса айтты.
Шынында, сан қырлы талант иесі Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығын терең зерттеу, жарыққа шығару бүгінгі ұрпақтың басты міндетінің бірі екені даусыз.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.