Сұхбат • 06 Сәуір, 2023

Ярослава ШВЕДОВА: Жанкүйерлер қолдауын сезіну – зор бақыт

215 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы 14-15 сәуір күндері елордада Билли Джин Кинг кубогінің іріктеу кезеңі аясында Польша теннисшілерімен шеберлік байқасады. Матч Астанадағы «Beeline Arena» ұлттық теннис орталығының кортында өтеді. Осы кездесудің алдында Қазақстан әйелдер құрамасының капитаны Ярослава Шведовадан теннисшілердің жауапты кездесуге дайындығын, жерлестеріміздің биылғы маусымдағы мақсат-міндеті қандай екенін сұрап білген едік.

Ярослава ШВЕДОВА: Жанкүйерлер қолдауын сезіну – зор бақыт

– Ярослава, алдағы матчтың маңыздылығы сондай, Қазақ­стан құрамасы жеңіске жеткен жағдайда өз тарихында екін­ші рет командалық әлем чемпио­натының финалдық кезеңіне жолдама алады. Әрине, матч өз алаңымызда өтетіндіктен, Қазақстан құрамасының жеңіс­ке жету мүмкіндігі көбірек еке­ні күмәнсіз. Дегенмен қар­сы­ласқа жоғарыдан қарауға да болмайтын шығар.

– Иә, әрине, қай қарсылас та өз алдына үлкен мақсат қоя­ды. Сондықтан жауапты сәтте қапы қалмау кім-кім үшін де өте маңызды. Сол себепті біз Ас­танада ойын басталмастан бір апта бұрын жиналуды көздеп отырмыз. Орталық кортта топы­рақ төселді, спорт кешені матчқа толық дайын. Бізде кортқа ертерек бейімделіп, жақсылап дайын­далуға мүмкіндік болады.

– Алдағы бәсекеге ойыншылар қандай жағдайда келгелі отыр?

– Өздеріңіз білетіндей, қазір­гі таңда теннисшілеріміздің бар­лығы өз бабында. Маусымды табысты бастап, Аустралия ашық чем­пионатының финалына дейін жетіп, Индиан-Уэллс­тегі «Мастерс» додасында жеңіс тұғырынан көрінген команда көшбасшысы Елена Рыбакинаның аяқ-алысы тек жанкүйерлерді ғана емес, бізді де қуантады. Ол Майамиде де табыс­ты өнер көрсетіп, финалға дейін жетті. Анна Данилина мен Юлия Путинцева топырақ төсенішінде әдеттегідей тәуір ойнауы керек, әсіресе Юлия жап-жақсы өнер көрсете алады. Сондай-ақ командамыз жаңарып жатыр. Құрамаға Гөзал Айнитдинова мен жастар сапынан Жанель Рүстемованы шақырдық. Қыздарға қосалқы ойыншы ретінде Аружан Сағын­дықова да көмек көрсетеді. Жа­нель мен Аружан – біздің бола­шағымыз. Біз олардың негізгі ойыншылардың қатарына ертерек қосылуын қалаймыз.

– Польша теннисшілерін қан­шалықты зерттеп үлгер­діңіз?

– Польша – тәжірибе мен жас теннисшілер шоғырланған мық­ты ұжым. Олардың әлсіз және мықты тұстарын әлі де зерттеп, зерделеп жатырмыз. Былтырғы іріктеу кезеңінің жеребесі біз үшін сәтті болып, елордада өткен матчта Германия құрамасын же­ңіп, әлем чемпионатының фи­налдық кезеңіне жолдама алған болатынбыз. Биыл да ірік­теу бәсекесін Астанада өткіземіз. Бұл жолы да тек жеңіс үшін ойнап, жанкүйерлерімізді қуанту үшін бар күшімізді саламыз және де жанкүйерлеріміздің ерекше қолдауын күтеміз.

– Жарақатына байланысты Астанаға әлемнің бірінші ракеткасы Ига Швентек келмей­тін болды. Бұл Қазақстан құра­масы үшін қаншалықты тиімді болмақ?

– Қазіргі таңда Ига – тек Поль­ша құрамасының ғана емес, әлемнің үздік ойыншыларының бірі. Әрине, Швентек келгенде матч біздің теннисшілерге оңайға соқпайтыны белгілі еді. Бірақ Билли Джин Кинг кубогі командалық әлем чемпионаты болған соң, бұл жерде теннисшілердің рейтингтегі орны, жеке шеберлігі маңызды рөл атқара бермейді. Польша командасы Швентексіз де мықты, әлемнің 20-ракеткасы Магда Линетт, жұптық сында жақсы ойнайтын теннисшілері бар. Польша құрамасы Швентексіз де қауіпті, мұны жақсы түсінеміз.

– Сіз Қазақстанның әйелдер құрамасымен бірге біраздан бері жұмыс істеп келесіз. Капи­тан ретінде көңіліңіз толмайтын тұстар бар ма?

– Қазір менің бар ойым, мақса­тым – алдағы матчта жеңіс­ке жетіп, қыздармен бірге Билли Джин Кинг кубогінің финал­дық кезеңіне шығу. Ең бастысы, біз қайда жүрсек те, қайда өнер көрсетсек те, елдің, жан­күйерлердің қолдауын сезініп келеміз. Бұл – үлкен бақыт. Ендеше, ел үмітін ақтаудан басқа мақсат жоқ бізде.

– Уақыт тауып, ой бөліске­ніңізге көп рахмет.

 

Әңгімелескен

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»