03 Шілде, 2014

Тату көршілік табысқа бастайды

290 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Теңіз арқылы шектесетін көрші Әзербайжан елінің өкілдері Маңғыстауға келді. Бұған дейін қалыптасқан қарым-қатынас арнасын кеңейтіп, екіжақты бірлескен жұмыстарды жандандыра түсу мақсатындағы сапар аясында Ақтауда ел игілігіне қажет жаңа нысанның іргетасы қаланды. 1403948850_img_5482«Ақтау теңіз порты» арнайы эконо­микалық аумағында қазығын қаққан бұл нысан – «Азерсун өңдеу және логистика орталығы жобасы» деп аталады. Өткен жылғы екі ел өкілдері басқосқан жиында сөз болып, талқылана бастаған бұл жоба Маңғыстау облысындағы сауда орындарына өткізілетін азық-түлік, әсіресе, көкөніс пен жемісті сақтауға мүмкіндік береді. Орталықтың бастапқы инвестициялық құны шамамен 8 млн. (жалпы құны – 20 млн.) АҚШ долларын құрайды. Орталыққа арналған жер телімінің көлемі 4,8 га, ал жабық қойма имараттарының жалпы көлемі 10 мың шаршы метр. Оның 5 мың ш.м. мұздатқыш қоймасы болса, қалған 5 мың ш.м. құрғақ жүкке арналған қоймалар. Келешекте Қазақстанның батыс өңірін ғана емес, өзге өңірлерді де жақсы сақталған көкөніс түрлерімен қамтамасыз етеді деп күтілетін жобаның іргетасын қалау салтанатында Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев аталмыш орталық іске қосылған кезде өңірдің азық-түлік, жеміс-көкөніс нарығындағы бағаны төмендетуге ықпалын тигізетіндігін айтып, екі елдің кәсіпкерлерін іскерлік қатынастар орнатуда белсенділік танытуға шақырды. – Бұл екі мемлекет басшыларының тікелей тапсырмасы, өзара келісімі негізін­де туындаған жоба болып табылады. Қысқа мерзім ішінде қазақстандық тараппен өзара әріптестік меморандумына қол қойылды. Бұл нысан мемлекеттеріміздің экономикасындағы мұнай-газ саласынан тыс секторлардың дамуына зор ықпалын тигізеді деп санаймыз, – деген Әзербайжан Республикасының Экономика және өнеркәсіп министрі Ш.Мұстафаев жоба­ның іске асырылуы әзербайжандық ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен Ақтау қаласының кәсіпкерлері үшін көптеген қолайлы жағдайлар туғызып, бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретіндігін айтты. Ал, «Азерсун Холдинг» компаниясының президенті А.Гоозал орталықтың заманауи техникамен жабдықталған жоғары дәрежедегі логистикалық орталық болатындығын, тауарлардың жоғары сапада сақталуы үшін әлемдік логистика өндірісінің ең соңғы үлгідегі технологиялары қолданылып, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсетілетіндігін жеткізді. Әзербайжандықтардың Маңғыстауға сапары одан әрі бірлескен бизнес-форуммен жалғасты. Жиынды ашқан Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев форумның екі ел арасындағы көршілік қатынастарды әрі қарай нығайтуға, тәжірибе және инвес­тициямен алмасуға септігін тигізетіндігін атап өтті. Әзербайжан Қазақстанның Кавказ аймағындағы негізгі экономикалық-саяси әріптесі. Екі ел арасында энергетика, мұнай тасымалдау, қазақстандық тауарлар мен жүктерді халықаралық рыноктарға шығару, сондай-ақ, әзербайжандық тауарларды Қазақстанға жеткізу үшін Каспий теңізін тиімді пайдалану мәселелерінде өзара түсінікті іс-қимыл жолға қойылған. Солардың бірі – «Баку астық терминалы» Қазақстан-Әзербайжан бірлескен кәсіпорны. Қазақстан астығын қабылдау және ауыстырып тиеумен айналысатын кәсіпорын Бакуде 2007 жылдан бері жұмыс істейді. 2010 жылы астық терминалының қызметін дамыту мақсатында 2 млн. 43 мың доллар тұратын дербес кешен салынды, құны 2 млн. 670 мың еуро «Бюллер» неміс-швед компаниясының заманауи ұн тарту кешені монтаждалып, іске қосылды. Сонымен бірге, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен «ГНКАР» Әзербайжан мемлекеттік мұнай компаниясының арасында өзара ынтымақтастық сәтті өрбуде. Маңғыстау облысы шетелдіктермен іскерлік әріптестік құруға ынталы, оған аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы зор мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 5 ай ішінде облыстың өнеркәсіптік өндірісі 4,2 пайызға өсіп, 5,5 млрд. АҚШ долларын (1014,5 млрд. теңге) құраған. Өсім мұнай саласының есебінен қамтамасыз етілген, нақтырақ айтсақ, мұнай өндірісінің үлесі облыс өнеркәсібінің жалпы көлемінің 93 пайызын құрайды екен. Өңірдің инвес­тициялық тартымдылығы да оң әлеуетке ие. 2014 жыл басынан бері аймақ экономикасына инвестициялардың өсімі 25 пайыздай құрап, 900 млн. АҚШ долларын (165,5 млрд. теңге) құраған. Сондай-ақ, облыста кәсіпкерлік субъектілерінің саны 15,3 пайызға артып, оларда жұмыс істейтін адамдар 85,8 мың адамға дейін жеткен, бұл өңір дені шағын және орта кәсіпкерліктің қалыпты даму ырғағын байқатады. Мұнай-газ саласын дамыту, мұнай сервисі кластерін құру, көлік, логистика, туризм, құрылыс индустриясы сынды бағыттар Маңғыстау облысының географиялық орналасу ерекшеліктеріне орай, аймақ экономикасын дамытудың басым бағыттары болып айқындалған десек те, шикізаттық емес сектор мен экономиканы әртараптандыруға айрықша көңіл бөлінген. Соңғы төрт жылда индус­трияландыру бағдарламасы бойынша 23 жоба пайдаланылуға берілген. Биыл осы екпінді үзбей, 226 млн. АҚШ доллары (41,5 млрд. теңге) болатын және 650 жаңа жұмыс орнын құратын 2 жобаны аяқтау көзделген. Маңғыстау облысының бүгінгі ты­ныс-тіршілігі мен даму ырғағы туралы баяндаған А.Айдарбаев аймақтың тоғыз жолдың торабы ретіндегі өткізгіштігіне тоқталды. – Ақтау, Құрық, Баутин порттарын дамыту республикамыз үшін ма­ңызды болып табылады. «Ақтау халықаралық теңіз-сауда» портының өткізу қабілетін жылына 16 мың тоннаға дейін ұлғайту үшін солтүстік бағытта кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын. Болашақта бұл көрсеткішті жылына 20,5 мың тоннаға дейін жеткізу жос­парлануда. Құрық теңіз порты – Каспий теңізіндегі қыста қатпайтын бірден-бір порт және ол Каспийдің қазақстандық секторында мұнай операцияларын қолдаудың негізгі нысандарының бірі болмақ. Теңіз мұнай операцияларын қолдау базасының бірі – Баутин теңіз порты, мұнда қазір теңіз операцияларын қолдау үшін ұзындығы 3 мың метрден астам айлақтары бар жеткілікті инфрақұрылым салынған, – деді Алик Айдарбаев. Форумда Әзербайжан Республи­касының Экономика және өнеркәсіп министрі Ш.Мұстафаев көрші мемлекеттер арасында сауда-экономикалық, іскерлік байланыстарды тереңдете түсу маңыздылығына тоқталды. «АZPromo» экспортты ынталандыру және инвестициялар қорының президенті Р. Маммадов кәсіпкерлер алдында Әзербайжан Рес­публикасының экономикалық әлеуеті туралы баяндаса, Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ж.Доспаев аймақтың инвестициялық және экономикалық екпіні туралы айтты. Нәтижесінде «AZPromo» экспортты ынталандыру және инвестициялар қоры мен Маңғыстау облысының кәсіпкерлер палатасы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Татулық дамуға бастайды, білек пен білік біріктіре қимылдап, алып істі бірлесе еңсергеннен екі жақ та ұтылмайды. Бірінде жоқты бірі жеткізіп, бір-бірінен тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсете әрекет ету – уақыт талабы. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». АҚТАУ.