Аймақтар • 05 Сәуір, 2023

Су сапасы сын көтермейді

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көктем келіп, қызыл су жүргелі облыс орталығы тұрғындарының тарапынан ауыз судың сапасына өкпе-реніш білдіретіндердің қатары күрт көбейіп кетті. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары су сапасының сын көтермейтіні су тазалайтын қондырғылардың ескіруінен деп түсіндіреді.

Су сапасы сын көтермейді

Лай су ең алдымен түрлі жұқпалы ауру­лар таратуы мүмкін. Жағдайдың алдын алу үшін жыл сайын су желілері тазартылады. Әйтсе де, көктемде қы­зыл су жүрген кезде қаланың кейбір аймақ­тарында үлкенді-кішілі апаттың орын алуы үйреншікті жағдайға айналған. Басты себебі – құрылғылардың әбден тозып, істен шығуы. Департамент бас­шы­­сының орынбасары Серік Омар­ханов­тың айтуына қарағанда, тазалау қон­дырғылары 1986 жылы іске жарамсыз деп танылған.

Көкшетау қаласы тәулігіне 20 мың текше метрден аса суды пайдаланады. Орасан мол суды 1970 жылы пайдалануға берген жалғыз станса тазартады. Бір­ақ көне стансаның қуаты жетпейді. С.Омар­хановтың айтқанындай, 1986 жылы арнайы комиссия жарамсыз деп қоры­тынды шығарған. Ұзын-ырғасы 343,93 шақы­рымды құрайтын су құбыр­ла­рының 40 пайыздан астамы әбден ес­кіріп, қаусап тұр.

Мамандардың пікірінше, Шағалалы су қоймасының суын қызыл су жүрген кезде пайдалану мүмкін емес. Су мүлде лайланып кетеді. Көктемде ғана емес қара күзге дейін ауыз судың тазалығы кү­мән тудырады. Су қоймасының дәл жанында шомылып жүрген адамдар ала жаздай бір босамайды. Өздері ғана емес, иттерін шомылдыратындары не сән?! Жағалау қоқысқа толы. Үп еткен желмен бірге су қоймасына түсіп жатады. Кө­лік жуатындар да кездеседі. Бұл су қой­масына тіршілік нәрі Шағалалы өзені арқылы құйылады. Зеренді ауданын басып өтетін Шағалалы өзеніне сай-жыл­ғалар арқылы лай су лықсып келіп жатыр. Міне, түпкі себеп – осы төңіректе.

Екінші су көзі Сергеев тоспа су қоймасы арқылы тартылған. Бұл суды да жоғарыда атап өткен іске жарамсыз, көнетоз станса тазалайды. 2011 жылы «Су желілерін тазарту қондырғыларын жаңғыртып кеңейту арқылы тәулігіне 60 мың текше метр су өткізуге жеткізу» жобасы бойынша жаңа су тазалау қон­дыр­ғысының жұмысы басталған еді. Міне, содан бері бұл жұмыс аяқталған жоқ.

Бүгінгі таңда қала халқы лай су ішіп отыр. Арыдағы жұрт «ауру астан» деп айт­ты емес пе? Ендеше, көкшетаулықтар неге жиі ауырады деп таңдануға болмас, сірә?!

 

Көкшетау