Ол кішкентай кезінен ата-әжесінің тәрбиесін көріп, төрт түлікке жақын болып өскен. Әжесіне мал жайғауға көмектесіп жүріп, әсіресе жылқыға қызығушылығы оянған.
«Жылқының адамды тартып тұратын қасиеті бар. Өзімнің жеке тұлпарым болғанын қалаушы едім. Бұл қалауыма әке-шешем қолдау білдіріп, өзім жинаған ақшаға тай сатып алдым. Сол тайды өзім қолға үйретіп, жем-шөбін, суын бердім. Алғаш рет тайға мінген сәтім ұмытылмайды», дейді Дария Болатқызы.
Оқушының айтуынша, аттан бірнеше рет құлап, гипспен жүруіне тура келген. Мұны көрген әке-шешесі атқа мінуіне тыйым салыпты. Кейін қызының ынтасын байқап, рұқсатын берген екен.
«Әр ата-ана баласының амандығын ойлайды. Баласының ештеңеге ұрынбай, аман оралғанша алаңдап жүреді. Аттан құлағанымды көрген әке-шешемнің қобалжуы, алаңдауы орынды. Бірақ мені ешкім атқа мінуге мәжбүрлеген жоқ. Атқа міну – өзімнің қалауым», дейді ол.
Дарияның отбасында әпкесі мен сіңлісі, інісі бар. Әкесі Болат Берекеновтің мамандығы – механик. Ал анасы Айсұлу Жұмғалиева мектепте еңбек пәнінен дәріс береді.
«Атқа мінудің пайдасы өте көп. Біріншіден, көңіл күйің көтеріліп, сергек жүресің. Екіншіден, бұл – біздің халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетіміз. Бұрынғы бабаларымыз атқа мініп, байтақ жерімізді қорғап қалғанын тарихтан білеміз. «Жаужүрек мың бала» киносын көргеннен соң атқа деген қызығушылығым арта түсті. Маған сол кинодағы Қорланның образы ұнады. Мен де осындай ұлттық киноға түсуді армандап жүрмін», дейді асау үйреткен оқушы қыз.
Бәйге, қыз қуу, жамбы ату секілді ұлттық спорт түрлерін меңгерген. Былтыр Махамбет ауданында Конституция күніне орай ұлттық ойындар бәйгесіне қатысты. Ат спортына ден қоюмен шектелмей, өзі баптаған тұлпарын бәйгеге қосып жүр. Бәйгеге қосқан тұлпары 20 жүйріктің арасынан 2-орынды иеленген.
«Халқымыздың ұлттық ойынының бірі – қыз қуу. Бұл ойынға Нұршат Әлихан, Фатима Орынғали, Қымбат Асылхан, Сәуле Асанкелді секілді құрбыларыммен бірге алғаш рет қатысқан едім. Маған қыз қуудың шарты ұнады. Ережеге сәйкес жігіт қызды қуып жетіп, белбеуінен шарфты жұлып алуы керек. Сол ойында біздің жолымыз болды. Біз мінген тұлпарларға жігіттер жете алған жоқ. Ұлттық ат спорт түрлеріне қатысқаныма екі жол болды. Ұл болсам, аударыспақ пен теңге ілуді, көкпарды да меңгеріп алар едім. Спорттың қиын түрі жоқ. Ең бастысы, кез келген спорт түрін еркін меңгеріп, жетістікке жету үшін ынта қажет», дейді Д.Болатқызы.
Онымен бірге атқа мінуді, ат үстінен садақ атуды үйреніп жүрген қыздар бар. Өзінің сіңлісі де атқа құмар. Оқушы қыз күніне 4-5 сағатын тұлпарын баптауға арнайды. Жем-шөбін, суын жаңартып, серуенге алып шығады.
«Біздің ауылда атқа мінуді серік еткен 10-ға жуық ер бала бар. Сол ұлдармен бірге мен де атқа мінуді үйреншікті әдетіме айналдырдым. Тұлпарымның қасында жүрсем, уақыттың қалай тез өткенін аңғармай қаламын. Болашақта ұлттық ат спортының өркендегенін қалаймын. Сол себептен, оған өзімнің үлесімді қосқым келеді. Осы мақсатымды іске асыру үшін Алматыдағы қазақ қыздар педагогикалық университетіне оқуға түсуге дайындалып жүрмін. Жоғары білім алып, ұлттық спортты дамытуға қызмет ететін білікті маман болғым келеді», деп алдағы мақсатымен бөлісті асау үйреткен ару.
Атырау облысы