Пікір • 05 Сәуір, 2023

Баспана жыры тұрғындарды тығырыққа тіреді

459 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында «Қарағандыда заңсыз салы­нып жатқан 7 үйдің құрылысы сот шеші­мімен тоқтатылды, тағы 3 үйге қатысты материал қаралып жатыр» деген ақпарат жарияланды. Үйлердің аты аталып, түсі түстелген тізім де қоса шықты. Артынша редакциямызға алаң көңіл тұрғындар ха­бар­ласа бастады. Айтуларынша, қара­құрым халық аталған үйлердің пәтер­леріне ен салып, ақысын төлеп те қойған. Арасын­да бүгін-ертең кілті берілетін үйлер де бар. Кейбірі – бір емес, бірнеше ғима­раттан тұратын тұтас кешен.

Бәрінен бұрын сол компаниялар қаланың қақ ортасынан ойып орын алып, жерді қопарып, шаңын аспанға шығарып жатқанда, бірнеше ай бойы қабырғасын қалап жатқанда құрылыстың заңсыз екені жөнінде неге дабыл қағылмады? Мәселені арқан қыл мойынға тақағанда көте­ріп, «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шық­тының» керін келтірген құрылыс басқармасының әрекеті түсініксіз...

Байқамай қалды дейін десең, салынып жатқаны тауық қора емес, кемі 5 қабат, кейбірі 9-10 қабатты зәулім нысандар. Үлгермеді дейін десең, қалада құрылыс жүргізіп жатқан кәсіпорын, салынып жатқан үй саусақпен санарлық. Бәрі көз алдарында.

Қынжылтатыны – бұл жерде ең алдымен қарапайым халықтың зардап шегетіні. Көп адам басындағы жалғыз баспанасын сатып, жылдар бойы тиыннан теңге құрап жинаған, банкке 15-20 жылға борыштар болып алған қаражатын әлгі тізімдегі үйлерге салып қойған. Енді олардың жағдайы не болмақ?

Баспана деген кімге де болсын басты мәселеге айналғаны белгілі. Бас бермей тұрған бағаны көріп, «қолым бір пәтерге жете ме, жетпей ме?» деп жүрген күпті көңіл жан көп. Осы тұста халықтың жүйкесіне ши жүгіртіп ойнау кімге қажет болды? Билік органдарына, жалпы, мемлекеттің жасап жатқан іс-шараларына сенім­нің азаюы, өкпе-реніштің ұлғаюы осын­дайдан басталатыны белгілі.

Жауапты органдардың жаттанды жауабы бізге белгілі. «Үлескерлер қаржысын қандай құрылысқа салуға болмайтыны заңда көрсетілген. Сақ болуы керек еді» дейтіні анық. Алайда сол заңның орындалуын «іс бітіп, қу кеткенге» дейін бақылауға не кедергі? Кәсіпорындар пәтерлерді үлестіріп, көпшіліктің ақшасын жинай бастағанда-ақ бұл әрекетті тоқтатып тастауға болмас па? Оған берілетін жауапты да білеміз. «Мораторийге байланысты бизнеске тексеру жүргізе алмаймыз» дейді. Ол да – сылтау. Барлық компания клиент тартуда жарнамасын ашық жасап отыр. Үйдің қадасы қағылмай жатып әлеуметтік желіде сауын айтып, пәтерлерді сатуды бастағанын, қаншасы сатылып, қаншасы қалғанын, құны қанша екенін жасырмай жариялап келеді. Ешбір компанияны барып тексермей-ақ желідегі парақшаларын бір шолып шыққанда бәрін түсінуге болады. Оған соншалықты уақыт та, ресурс та кетпейді. Сол мәліметтер бойынша, заң бұзушылықты дер кезінде анықтап, құрылысты жағдай ушықпай тұрғанда тоқтатып, бұл туралы халыққа жан-жақты ақпарат беруге болар еді.

Осы мәселе тек бір қалаға тән жағдай емес екеніне проблема еліміздің барлық өңірінде болып жатқанына көзіміз жетті. Жақында ғана елорда әкімдігі Астана қаласында 76 нысан заңсыз салынып жатқаны туралы хабарлады. Іле-шала «Ақтауда 11 тұрғын үй заңсыз салынған. Барлығы да құрылысы аяқталған нысандар» деген хабарды көзіміз шалды. Дәл осындай ақпарат Алматыдан да жетті. Әкімдік мәліметінше, бірнеше тұрғын үй қара тізімге енген. Заңсыз салынған бұл үйлерді кейін бұзып тастауы да ықтимал екен.

Жасыратыны жоқ, бұл мәселеде тұрғындар­дың да кінәсі бар. Құрылыс компанияларының үлескерлер қаражатын қандай жағдайда тарта алатыны ресми құжаттарда көрсетілген. Үй салушы кәсіпорын үлескерлер қаражатын тарту үшін ең алдымен тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының кепілдігін алуға тиіс. Екіншіден, екінші деңгейлі банктің жобасына қатысуы қажет. Үшіншіден, алдыңғы екі талапқа сай болған жағдайда компания үлескерлердің ақшасын тұрғын үйдің қаңқасы салынғаннан кейін ғана тарта алады. Жұртшылық әдетте ашық дереккөздерде жан-жақты жарияланған осы ақпаратты қарай бермейді. Бұл ретте жергі­лікті билік осыны жиі-жиі ескертіп тұруы шарт.

Құрылыс компаниялары да сүттен ақ, судан таза емес. Клиент тарту кезінде олар пәтерді күні бұрын сатуға рұқсаты жоқ екенін жасырып қалады. Осындай бір-біріне ұласқан салғырттық халықтың зардап шегуіне себеп болып отыр.

Президент бұрнағы жылы Жолдауында: «Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы, дұрыс және әділ шешім шығару қажет» деп атап өтті. Осы орайда бұл саладағы өкілетті орган құрылысты салу мен сатудағы былық-шылықтың жолын кесіп, тұтынушылар мүддесін қорғауды жүйелі жолға қоюға тиіс. Белгілі бір шеңберден шықпай, «Сен тимесең, мен тиме» қағидасымен жаса­лып жатқан жұмыстың нәтижесі осындай болмақ.

Сондықтан Индустрия және инфрақұры­лымдық даму министрлігіне жергілікті атқарушы орагандармен бірлесіп, осы проблеманы жоятын уақыт жетті.