Қоғам • 06 Сәуір, 2023

Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі сотқа берілді

411 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Байқоңыр ауданының №2 сотының өндірісіне бюджет қаражатын ұрлады деген айыппен Арыстанбек Мұхамедиұлының қылмыстық ісі келіп түсті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі сотқа берілді

Сонымен қатар А. Ш. Нұразхан, А. Қ. Көшенов және А. Т. Сәдуақасовтардың да ісі сотқа жетті.

«Аталған қылмыстық іс бойынша негізгі сот талқысы 2023 жылы 17 сәуірде сағат 10.00-ге тағайындалды», делінген Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 сотының хабарламасында.

Сот отырысы ашық өтеді.

2022 жылы 29 мамырда Арыстан Мұхамедиұлының қамауға алынғаны белгілі болды. Оған қатысты халықаралық көрмелерді өткізуге бөлінген 140 млн теңгеден астам қаражатты жымқырды деген күдік бойынша қамауға алуға санкция берілді.

16 шілдеде Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша ұрлықтың тағы бір эпизоды анықталды. Антикор Ұлттық музей орындалған жұмыстар үшін мердігер ұйымға 1,3 млрд теңге асыра төлегенін хабарлады. Ал  тексеру жұмыстың нақты құны 83,4 млн теңгені құрағанын айқындаған.

26 тамызда Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша жаңа мәліметтер пайда болды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте тергеу «Әлем мұражайлары бойынша Алтын адамның шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі орындары мен мұражай қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша жүргізіліп жатқандығын айтты.

2023 жылы 17 қаңтарда Астананың мамандандырылған ауданаралық тергеу соты Арыстанбек Мұхамедиұлын қамауға алу тағы бір айға ұзартылғанын хабарлаған.

24 қаңтарда Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша Қазақстан Ұлттық музейі директорының бұрынғы орынбасары ұсталғаны белгілі болды. Антикордың мәліметінше, Алмаз Нұразхан Мұхамедиұлымен және басқалармен сөз байласып, «Әлем мұражайлары бойынша  Алтын адамның шеруі» халықаралық көрмесінің жобасын іске асыру кезінде 221 млн теңге сомасында сеніп тапсырылған бюджет қаражатын ұрлаған.