Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының бөлім басшысы Мұқағали Кенжетайұлы мәлімдегендей, «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалінің ашылу салтанаты бүгін, яғни 7 сәуір күні Түркістандағы «Керуен сарай» кешенінің аумағы мен этноауылда өтеді. «Аудан-қалалардың өнер ұжымдары алдын ала бекітілген кестеге сәйкес кезекпен келіп, өнер көрсетеді. Алғаш болып фестиваль шымылдығын Сайрам ауданының көркемөнерпаздары ашады. Фестиваль төрт айға жоспарланып отыр. Онда аудан-қалалар этноауылда суретшілер мен қолөнер шеберлерінің және аудан, қаланың жетістіктері туралы көрмелер ұйымдастырады. Қылқалам, қолөнер шеберлерін қатыстыра отырып сурет салу, қолөнер бұйымдарын дайындау жұмыстарын көрсетеді. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүр, ән-жыр, әдет-ғұрыпқа байланысты көріністер де сахналанады», дейді облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Нұрғалиұлы.
Ал аптаның жексенбі күні «Керуен сарай» туристік кешені аумағында әр аудан, қала мерекелік концерт дайындап, көрермендерге ұсынады. Фестиваль қорытындысы бойынша үздік деп танылған көркемөнерпаз ұжымдары және әншілердің қатысуымен Гала-концерт ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады.
ТҮРКІСТАН