Түркістанда 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының жеңімпазы, «Барыс» орденінің тұңғыш иегері, талантты боксшы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасындағы халықаралық турнир өтті. Облыс әкімдігі, облыстық спорт басқармасы және Әбдісалан Нұрмаханов атындағы Олимпиадалық спорт мектебі ұйымдастырған халықаралық бокс додасына Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстанмен қатар, еліміздің барлық аймағынан былғары қолғап шеберлері қатысты. Жалпы, 22 команда, 200-ден аса боксшы қатысқан биылғы бокс бәсекесінің ерекшелігі – тұңғыш рет қыздар да 5 салмақ дәрежесінде қолғап түйістірді. Ұлдар 13 салмақ бойынша жеңімпаздарды анықтады. Жиырма жасында жасындай жарқылдап, Сидней Олимпиадасының шыңын бағындырған Бекзаттың анасы Сырлыкүл Саттарханова да батыр ұлын еске алуға арналған турнирдің ашылу рәсіміне арнайы келді. Спорт жанашырлары мен белгілі боксшылар Олжас Оразалиев, Қанатбек Шағатаев, Біржан Жақыпов қатысты.
Тартысты өткен бокс додасы Бекзат Саттархановтың туған күні, яғни 4 сәуірде аяқталды. Әуесқой бокста 143 жекпе-жек өткізіп, 132 кездесуінде жеңіске жеткен, 20 жасында Олимп тұғырын бағындырған Бекзат Саттарханов тірі болса, 43 жасқа толар еді. Турнир жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бастаған азаматтар жеңіске жеткен боксшыларды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.
«Ер Бекзаттың туған жерінде күш сынасу, жүлдегер атану – кез келген боксшының арманы. Ғұмыры қысқа болғанымен, өшпес із қалдырған спортшыға әр отандасымыздың құрметі бөлек», деді облыс әкімінің орынбасары. Кезінде Сидней төрінде Бекзатпен бірге ұлттық құрама-
ның намысын қорғаған, Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбырайымов турнирдің деңгейі жоғары екенін жеткізді. Дәстүрлі бокс турнирі жыл сайын қаншама талантты жастың шеберлігін шыңдап жатыр.
Сонымен халықаралық турнирде қыздар арасында өңір намысын қорғаған 50 килодағы түркістандық Дельфина Әбілхан алтын медаль иеленді. Ал 57 килода Ұлжан Сәрсенбек топ жарса, 75 килодағы түркістандық ару Шұғыла Нәлібайға тең келер қарсылас болмады. Осылайша, қыздар арасындағы айқаста 3 алтын медаль облыс қоржынына түсті. Ал ұлдар арасында Түркістан облысының басты үміті 60 килода жұдырықтасқан Бақтияр Анарбаев жеңімпаз атанды. Бұдан өзге алтын медаль жеңіп алған ринг қожайындары қатарында 63,5 килода бақ сынаған Төрехан Сабырхан, 67 килода Ерасыл Жұмақұл бар.
Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне лайықты құрмет көрсетілді.
ТҮРКІСТАН