Сұхбат • 06 Сәуір, 2023

Қырғыз күресінің келешегі жарқын – Азат ЕРКІНБАЕВ

450 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары Қырғызстанның күресі жақсы дамып келеді. Қазіргі кезде балуандық өнерде бай дәстүрі бар алпауыт мемлекеттердің балуаны олармен санасады. Әсіресе грек-рим күресі шеберлерінің қарқыны күшті. Бір ғана мысал, 2021 жылы Токиода алауы тұтанған Олимпия ойындарында айыр қалпақты ағайындар бір күміске қол жеткізсе, былтыр Белградта ұйымдастырылған әлем чемпионатында екі алтын мен бір қоланы олжалап, жалпы есепте үздіктер қатарына қосылды. Таяуда Қазақстан күрес федерациясы баспасөз қызметінің мұрындық болуымен біз аталған елдің ұлттық құрама командасының бас бапкері Азат ЕРКІНБАЕВҚА жолығып, әңгімелескен едік.

Қырғыз күресінің келешегі жарқын –  Азат ЕРКІНБАЕВ

– Азат мырза, алдымен өзіңіз жайын­да мағлұмат берсеңіз. Балуан ретінде қандай табысқа қол жеткіздіңіз және ұлт­тық құраманың бас бапкері болып қай кезде тағайындалдыңыз?

– Бозкілемде біраз жыл тер төктім. Елішілік жарыстарда топ жарып, 2005 жылы Азия біріншілігінде қола медаль иелендім. 2012 жылы Қырғызстан ұлт­тық құрамасының тізгінін ең беделді балуандардың бірі, Олимпиада мен әлем чемпионаттарының жүлдегері Қанатбек Бегалиев ұстады. Сол кезде мен үлкен спорттан енді ғана қол үзген едім. Бірден Қанат­бектің көмекшісі болдым. Ал бас бап­керлік қызметке 2018 жылдың көк­темінде тағайындалдым.

– Кезінде Қыр­ғызстанның грек-рим күресі шебер­лері әлемдік дең­гей­дегі жарыстарда жүлдені сирек алатын еді? Бұған не себеп болды?

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезең­дерде Қырғызстанның күресі көпке дейін еңсе тіктей алмады. Барлық жағдай қар­жы мәселесіне келіп тірелді. Сол кезде Ратбек Санатбаев қана дүбірлі додаларда дараланып жүрді. Басқа балуандарымыз әлемдік деңгейдегі жарыстарда көңіл көншітерліктей нәтижеге қол жеткізе алмады. Бұл жағдай күрес десе ішкен асын жерге қоятын қырғыз халқын, басшылар мен бапкерлерді қанағаттандырған жоқ. Сол кездері күрес жанашырлары бірігіп, «Балуандық өнердің көсегесін қайтсек көгертеміз?» деп біраз бас қатырды. Содан осы бағытта ауқымды істерді қолға алып, біраз шаруа атқарылды. Уақыт оза ерен еңбек өз жемісін бере бастады.

– Тоқсаныншы жылдары тек әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының екі дүркін күміс жүл­дегері, Азияның екі дүркін чемпио­ны Ратбек Санатбаевқа ғана сенім артып келдіңіздер? Оның өзі Алматыда жат­тығатын. Солай ғой?

– Иә, оныңыз рас. Ратбек аға бізге «жол ашып берді» десек те болады. Сөз орайы келгенде, қырғыздардың мақтанышына айналған азаматқа қазақтың даңқты ба­луаны Дәулет Тұрлыхановтың көп кө­­мек көрсеткенін айта кеткен абзал. Оның еш алаңсыз жаттығуына барынша жағдай жасалды. Сондай қамқорлықтың арқасында Санатбаев күрес әлеміндегі биік белестерді бағындырды. Өкінішке қарай, ол кісінің өмірі келте болды. Бірақ қырғыздың талай қарадомалақ баласы Ратбек ағаларына еліктеп, күрес үйірмелерінің табалдырығынан аттады. Кейіннен Қанатбек Бегалиев, Руслан Түменбаев, Данияр Қабонов, Жанарбек Кенжеев, Уран Қалилов және тағы басқа балуандар шықты. Осы азаматтардың бар­лығы да Қырғызстанның классикалық күресінің еңсе тіктеуіне зор еңбек сіңірді.

– 1993-2016 жылдар аралығында өткен әлем чемпионаттарында Қырғыз­станның грек-рим күресі шеберлері бар-жоғы үш жүлде ғана алды. Атап айтсақ, 1999 жылы Ратбек Санатбаев – қола, 2006 жылы Қанатбек Бегалиев – күміс және 2010 жылы Данияр Қабонов қола медальдерді иеленді. Есесіне 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында Бегалиев екін­ші және Руслан Түменбаев үшінші орынды олжалады. Бірақ содан кейін де спорттың осы түрінің көсегесі бірден көгермеді ғой. Не себепті деп ойлайсыз: елде дарынды жастар аз ба еді, әлде мем­­лекет тарапынан қаржыландыру жағы кемшін болды ма?

– Оның себебі көп. Бұрынғы кезең туралы мен ештеңе айта алмаймын. 2012 жылы Лондон Олимпиадасынан құ­ралақан қайтқаннан кейін ұлттық командамыздың тізгіні Қанатбек екеумізге сеніп тапсырылды. Біз ел үмітін ақтау үшін көп еңбектендік. Бірақ бірден елеулі табысқа қол жеткізе алмадық. Мәселен, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпия ойындарында 59 кило сал­мақта күрескен Арсен Ералиевтің жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндігі болды. Нәтижесінде, ол қола медаль үшін тартыста өзбекстандық Елмұрат Тасмұратовқа есе жіберіп, бесінші орында қалып қойды. Құрлықтық деңгейдегі додаларда көбіне-көп күміс пен қола медальды қанағат тұтып келдік. 2014 жылы Руслан Царев пен Жанарбек Кенжеев Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында екі алтын алғанда, ерекше шаттандық. Себебі сол кезге дейін аталған жарыста Қырғызстанның әнұраны бірде-бір рет екі мәрте шырқалған жоқ еді. Осылайша, бірте-бірте еңсе тіктей бастадық.

– Есесіне бүгінгі таңда Қырғыз­стан­­ның грек-рим күресі шеберлерінің даңқы дүркіреп тұр. Соңғы бес-алты жыл аралығында әлемдегі ең мық­ты командалардың қатарына қосыл­ды­ңыз­дар. Соның бәрін көре отырып, кезінде біз «Egemen Qazaqstan» газетін­де «Қыр­ғыздарға қызыға қарайтын бол­дық» деген мақала да жариялаған едік...

– Барлығы да осы саланың басы-қасында жүрген мамандардың табан­дылығы мен ізденісі, қажырлы еңбегі мен ауызбіршілігінің арқасы. Қырғыз күресінің көсегесін көгерту үшін ешқай­сымыз аянған жоқпыз. Соңғы бес жыл ішінде әлем чемпионатында бес жүлде олжаладық. Ақжол Махмұдов пен Жола­ман Шаршенбеков әлем чемпионы атанды. Оған Жоламанның екі күмісі мен Амантұр Исмаиловтың қоласын қосыңыздар. Токио Олимпиадасында Ақжол күміс медальды мойнында жарқыратты. Жакартадағы Азия ойындарында төрт өреніміз жеңіс тұ­ғы­рына көтерілді. Соңғы бес құрлық чем­пионатында 35 жүлде олжаладық. Оның алтауы алтын, 9-ы – күміс және 20-сы – қола.

– Былтыр Белградта жалауы желбі­реген әлем чемпиона­тындағы көрсет­кіштеріңіз тіпті керемет болды. 2 алтын мен 1 қоланы ие­леніп, жалпыко­ман­далық есепте үшін­ші орынға табан тіре­діңіздер.

– Сербияның астанасында Ақжол мен Жоламан қарсылас шақ келтірмесе, Аман­тұр үшінші орынға табан тіреді. Әрине, үш бірдей өреніміз жеңіс тұғы­рында қол бұлғап тұрғанда, кеудемізді мақ­таныш сезімі кернеді. Тіпті көзімізге жас та келді. Сол күндері тек спортшылар қауымы ғана емес, күллі қырғыз халқы ерекше шаттанып, қалпақтарын аспанға атып қуанды. Негізі аталған жарыстың жалпыкомандалық есебінде біз бесінші орынды иеленген едік.

– Иә, ұпай саны бойынша Түркия, Әзер­байжан, Сербия және Ираннан қалып қойып, бесінші орынға тұрақта­ғандарыңыз рас. Бірақ медальдың саны мен сапасы бойынша үшінші орын (2 ал­­тын, 1 қола) алған екенсіздер. Алда­­рыңызда – сербтер (4 алтын) мен түрік­тер (2 алтын, 3 қола) ғана.

– Онда тіпті керемет екен (бір рахаттанып күліп алды).

– Азат, кейбір жанкүйерлер қазіргі кезде Қазақстанда Жоламан мен Ақ­жол­ға лайықты қарсылас жоқ деп есеп­тейді. Әлде жаңсақ пікір ме?

– Ол уәжбен келіспеймін. Қай кезде де Қазақстанның күрес мектебі өте күшті болған. Қазір де солай. 60 кило сал­мақта Айдос Сұлтанғали мен Мейрамбек Айнағұлов бар. Екеуі де – әлем чемпионат­тарында екі реттен жеңіс тұғырына көте­рілген сақа спортшылар. Жоламан үшін олар – өте қауіпті қарсыластар. 77 кило салмақ дәрежесінде Демеу Жадыраев, Мақсат Ережепов, Темірлан Шадукаев сынды мықты балуандар бар. Ақжолға да олармен арпалысу оңай емес.

– Кейбір мемлекеттің ұлттық құрама бапкерлері аса жауапты жарыстарға өз шәкірттерін немесе көңілдері түскен ба­луан­дарды ғана апарып жүргені белгілі. Ал шын таланттар тасада қа­лып қояды. Сіздерде осы жағы қа­лай?

– Біздің елде ондай әділетсіздікке жол берілмейді. Шын мықтыға еш уақытта қиянат жасамаймыз. Бізге дейін де солай болған, біз де солай істейміз. Қырғызстанның ішкі біріншілігінде топ жарған балуандар бірден халықаралық аренаға шығады. Сол бәсекелерде өзде­рінің мықтылығын мойындатқан балуандар дүбірлі додаларда ел намысын қор­ғайды. Ешкім өз шәкіртін сүйремейді. Бар­лығымыз ортақ мүдде, яғни қырғыз спор­тының абыройын асқақтату үшін ғана жұмыс істейміз.

– Жоғарыда есімдері аталған шоқ­жұлдыз­дардан бөлек, Узур Жүсіп­беков, Қаныбек Жолшыбеков, Тынар Шар­шенбеков, Атабек Азизбеков, Каледин Асы­кеев және тағы басқа апайтөс­тер шықты. Олардың барлығы да құр­лық­тық деңгейдегі додаларда даралан­ды. Осы ба­луандардың қазіргі аяқ а­лыс­та­ры қалай?

– Бәрі де бабында. Биыл жауапты жарыстар өте көп. Алматыдағы Азия чемпио­наты, Ханчжоудағы Азия ойындары және Белградтағы әлем чемпионаты бар. Алла қаласа, өзіңіз есімдерін атаған балуандарды сол жарыстарда көресіздер.

– Қазіргі кезде спорт саласын қар­жы­­ландыру жағы қалай? Мемлекет та­ра­­пынан күрес түрлеріне тиісті көңіл бөліне ме?

– Қырғызстанда тек күреске ғана емес, спорттың барлық түріне мемлекет және агенттік тарапынан барынша қолдау көрсетіледі. Қаражат жағынан еш қағажу көріп жатқан жоқпыз. Бәрі де дұрыс, барлығы да жақсы.

– Биыл Белградта әлем чемпионаты өтеді, келесі жылы Парижде Олимпия ойындарының алауы тұтанады. Сол жа­рыстарда қанша жүлде аламыз деп жос­парлап отырсыздар?

– Жорамал айтуға аса әуестігім жоқ. Бірақ сол жарыстарға барған балуан­дарымыздың барлығы да жүлде алып, Қырғызстанның даңқын асыру үшін еш аянып қалмайтыны анық.

– Әңгімеңізге көп рахмет, Азат мырза! «Қазақ пен қырғыз бір туған» деп бекер айтпайды ғой. Алдағы уақыт­тарда өте­тін байрақты бәсекелердің барлы­ғын­да бауырлас қос елдің өрендері же­ңіс тұ­ғырында қатар тұруына тілек­тес­пін.

– Сізге де көп рахмет.

 

Әңгімелескен

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»