03 Маусым, 2010

МӘДЕНИЕТТЕР ҮНДЕСТІГІ – ӘЛЕМ ЖАСАМПАЗДЫҒЫ

711 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Қазақстанның ұлтаралық үнқатысуды дамытудағы тәжірибесі Өркениеттер альянсы ІІІ форумына қатысушылар тарапынан оң бағаланды. Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында БҰҰ-ның Өркениеттер альянсының ІІІ форумы жұмысын аяқтады. Ол “Мәдениеттер үндестігі – әлем жасампаздығы” деген ұранмен өтіп, оны Бразилия үкіметі ұйымдастырды. Аталған шараға Қазақстанды қосқанда Альянсқа мүше 100 елдің өкілдері қатысты. Біздің делегацияны Мәдениет вице-министрі, Қазақстаннан Өркениеттер альянсының ұлттық үйлестірушісі Ғазиз Телебаев бастап барды. Форум жұмысына тұңғыш рет Өркениеттер альянсының мүшесі ретінде Америка Құрама Штаттары қатысты. Форумды Бразилия президенті Луиш Инасиу Лула да Сильва мен БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун ашты. Оның жұмысына қатысқан басқа жоғары меймандар арасында Аргентина мен Боливия президенттері К.Киршнер мен Э.Моралес, Түркия мен Португалия премьер-министрлері Р.Эрдоған мен Ж.Сократес, ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.Бришамбо, Ислам Конференциясы Ұйымының Бас хатшысы Э.Ихсаноғлы, Араб мемлекеттері лигасының Бас хатшысы Ә.Мұса, Испания мен Сауд Арабиясының сыртқы істер министрлері М.Моратинос пен С.Әл-Файсал және басқалар болды. Форумға Өркениеттер альянсының жоғары өкілі, Португалияның бұрынғы президенті Жорже Сампайо төрағалық етті. БҰҰ басшысы өзінің сөзінде әлемдегі жанжалдардың төрттен үші мәдени қайшылықтардан туындайтынын атап көрсетті. Оның пікірінше, проблемаларды шешу үшін шетін мәселелерге жауап таба білу қажет. Ол мәселелер мыналар: барлық тұрғындар үшін ортақ қоғам құра білу, әйелдердің рөлі мен мүмкіндігін жоғарылату, жастарды экстремизмге икемдегісі келетіндердің үнін өшіру. Осыған байланысты Өркениеттер альянсының бастамалары атап өтілсе, оның рөлін Пан Ги Мун былайша айқындап берді: “Альянс әлемнің төрт бұрышындағы журналистердің бірігуіне жәрдемдеседі. Осы арқылы кейбір пікір қайшылықтары мен түсініспеушіліктерге күш біріктіріп қарсы тұруға болады. Оған мысал ретінде журналистердің Израиль мен Араб әлеміндегі оқиғаларды бірлесіп көрсетіп келе жатқанын келтіруге болады. Бурундиде сіздер түрлі этностық топтағы жастардың өзара үнқатысуларына көмектесіп жүрсеңіздер, Оңтүстік Азияда жанжалдарды реттеу жөніндегі бағдарламаларды қолдап келесіздер. Сондай-ақ сіздер Еуропадағы иммигранттарға көмектесіп, Таяу Шығыс пен Африканың солтүстігіндегі жастарға жұмыс тауып беріп отырсыздар”. Түркия премьер-министрі Өркениеттер альянсының ядролық қарусыз әлем құру жолында ядролық қатерді қысқарту бойынша қызметінің маңызын ерекше атап өтті. Осыған байланысты шараға қатысушылар ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі тұңғыш мемлекет ретінде Қазақстанның үлгісін еске түсірді. Форумға келгендер үш күн бойы ұлтаралық, дінаралық, мәдениетаралық және өркениетаралық келіспеушіліктерді еңсерудің оңтайлы шешімін іздеу бойынша егжей-тегжейлі пікірталастар өткізді. Сессиялар шеңберінде мәдени көпқырлылық жағдайында демократия құру, білім арқылы әйелдерді қолдау, адам құқы, журналистік этика, жанжалдарды бейбіт жолмен шешу, дағдарыс жағдайындағы жұмыссыздық пен кедейшілікті төмендету, мәдениетаралық үнқатысу жолындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік, миграция, бейбітшілікті ілгері жылжытып, адамзатты дамытудағы дін лидерлерінің рөлі сияқты қазіргі заманның көкейкесті тақырыптары бойынша терең пікір алмасулар жүрді. Қазақстан делегациясының басшысы Ғ.Телебаев шетел делегациялары басшыларының алдында сөйлей келіп, Қазақстанның Өркениеттер альянсы алға қойып отырған міндеттерді шешудегі табыстарын атап көрсетті. “Этносаралық келісімді нығайту Қазақстанның ішкі және сыртқы саясатындағы басымдықтарының бірі болып табылады. Біздің жерімізде бейбітшілік пен түсіністікте 140 шамасындағы этностар өкілдері өмір сүріп жатыр”, – деп атап өтті ол. “Исламофобияны еңсеру” тақырыбында өткен сессияда Қазақстан делегациясының елімізде 46 конфессияның өкілдері достық пен келісімде тұрып жатыр деп мәлімдеуі Қазақстанның аталған бағыттардағы артықшылықтарын еселей түсті. Ж.Сампайо Қазақстанның үлгісін жоғары бағалай келіп, еліміздің тәжірибесі Альянс қызметі үшін қажет екеніне екпін түсірді. Қазақстан басшысының Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін шақыру туралы бастамасын әлемдік қоғамдастық Өркениеттер альянсының мақсаттарына қол жеткізудегі сүбелі үлес ретінде қарастырады. Төраға Қазақстанға Альянс аясындағы белсенді жұмысы үшін жеке ризашылығын білдірді. Бұл Қазақстан Үкіметінің Альянс аясында жасап жатқан Ұлттық іс-қимыл жоспарының ұстанымдарымен де сәйкес келеді. Өркениеттер альянсы Испания мен Түркияның бастамасы бойынша құрылған болатын. Ол өзінің қызметін БҰҰ туы астында жүзеге асырады. Альянстың кезекті ІV форумы Катардың астанасы – Доха қаласында өтеді. “Егемен-ақпарат”.