04 Шілде, 2014

Басқару жүйесінің қазіргі заманғы тиімді тетігі

1836 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Future Technology Display Кибернетиканың негізін қалап кеткен Н.Винерден «Тиімді өмір сүру – бұл дұрыс ақпаратпен өмір сүру» деген сөз қалыпты. Оның тіпті мемлекеттік реформа дегеннің өзін міндетті түрде түбегейлі өзгеріспен байланыстыратыны бар. Бұл қарапайым мүмкіндіктерді салмақтап, соған орай тапсырманы дұрыс қою керек екенін білдіреді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев ел тәуелсіздігінің іргетасын қалаған күннен кәсіби мемлекет құру постулатына бағыт ұстап келеді. Бұған ТМД мемлекеттерінің арасында тұңғыш болып «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңды қабылдауымыз, мерзімінен бұрын орындап үлгерген «Қазақстан-2030» Стратегиясындағы «Кәсіби Үкімет» басымдығынан бастап «А» корпусының жасақталуы дәлел бола алады. Ақпараттандыру – әлеуметті басқарудың негізгі элементтерінің бірі. Кибернетика тұрғысынан «басқару үрдісі әрқашан және қандай жағдайда болмасын ақпаратты беру мен өңдеуге» келіп тіреледі. Қазір әлемде тарал­ған «электронды үкіметтің» қызметін «мемлекет мемлекет үшін» (government to government), «мемлекет азаматтар үшін» (government to citizens), «мемлекет бизнес үшін» (government to business) деп аталатын үш тармаққа бөліп, қарастыруға болады. Кейінгі екі тармақ бойынша Қазақстанда азды-көпті жұмыс істеліп келеді. Мысалы, бізде қазір электронды салық жүйесі, электронды сатып алу жүйесі бар. Ал «мемлекет мемлекет үшін» жүйесінде әлі біздің атқарар шаруамыз жетерлік. Себебі, бүгінгі мемлекеттік билік органдарына келіп түсіп жатқан әртүрлі қызметтік құжаттар көбіне шешім шығаруға қажет ақпараттан кемшін түсуде. Он­дағы мәліметтер шашыраңқы әрі жүйеге түспеген, сондықтан олар басқару нысандары туралы мақсатты да дұрыс сипат бере бермейді. Мұның өзі бізге «мемлекет мемлекет үшін» жүйесін дамыту қажеттігін білдіреді. Бұл бағыттағы бірінші кезектегі шаруа мемлекеттік қызметтің беделін арттыра түсу болуы тиіс. Ондай тәжірибелер әлемде жеткілікті. Айталық, Оңтүстік Кореяда мемлекеттік қызмет деген қатарының ең алды баратын, оның өзі қатаң тексерістен өтіп отыратын, білімін ай сайын, білігін жыл сайын арттыруды талап ететін жауапты қызмет екені халық санасына әбден сіңірілген. Корей, жапон, малай елдері мемлекеттік қызметкерлерінің өздерін зорығуға дейін апара­тын еңбекқорлық пен шектен шықпаған әдептілік жаңа заман­ның аңызына айналып үлгергені содан. Бізде жалпылай сипат алмаса да, ішінара Абай айтқан «өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді қашық болатын бес нәрсенің сипаты біліктігі кемшін маманның бойынан көрініс беріп жатады. Ондайлар білім қууға жалқау, кісілікке сараң, тәжірибесі аз болған соң, тірліктің ретін таппайды да, жобаның жолын кесіп, жемқорлыққа ұрынады. Ілімі мен әдібі келіспеген соң дүмшелікке, тоңмойындылыққа салынады. Сондықтан мемлекеттік қыз­метке алынар қызметкердің ең құ­рығанда орта мектепті, не болмаса жоғары оқу орнын үздік бағаға бітіргенін міндеттеу нормативтердің біріне енгізіп қойылса, ілгерілеу коэффициентін арттырар еді. Бұл – бір. Ілгерілеу коэффициентін арттырудың ең келелі жолы осы білімді де білікті маманның негізінде ақпараттық технологияның мүмкіндігін сарқа пайдалануда жатыр. Бұл саладан біздің Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Норвегия, Дания секілді электронды басқару жү­йесінің эталонына айналып отыр­ған елдерден үйренеріміз әлі көп. Алдымен ақпараттық технологияны үлкен мәліметтерді өңдеу, жинақтау, сұрыптау үдерісінде пайдаланудан бастаудың қағи­даларын қалыптастыру керек. Біз «электронды үкімет» секілді аса ірі мегамастодонт жобалардың легінде жүріп, ақпараттық технологияны күнделікті тұрмыс­та, жергілікті өндірісте, яғни қа­ра­пайым азаматтардың өмі­ріне өте жақын, вербальді  шекараға жақындата қоймаппыз. Ал Астанадағы министрліктен шыққан қандайда бір шешімнің ақырғы тірелер нүктесі қай жер? Әрине, жергілікті басқару жүйесі! Жергілікті басқарудың төменгі сатысы қай жер? Ауылдық округ, аудан орталығы, облыстық деңгейдегі қала және облыс орталығы. Демек, мемлекеттің іргетасы жергілікті басқару жүйесіне жаңа технологияларды жатсынбай ендіруіміз тиімді болып тұр. Ауылдық округ, аудан орталығы, облыс орталығының басқару жүйесі жетілдірілсе, республиканың төрт аяғы тең басылады. Сонда істі неден бас­таймыз? Барлық дерлік жер­гілікті басқару жүйесінің өз ша­руашылық кітабы болады. Бұл кітапқа сол жүйеге қарасты аумақтың кіріс-шығысы, тиесілі жері, жиналған егіс пен салықтың көлемі, қорадағы төрт түлік мал мен үй-жайдың саны секілді ең маңызды мәліметтер жазылады. Енді осы кітапты алып, жаңа технологиямен автоматттандырып, электронды басқару айналымына түсіріп жіберу ғана қалды. Астанада отырып, 2 000 шақырым қашықтықтағы халық саны 500-ден аспайтын ауылдық округтің тіршілігін алақанға салып көргенмен тең бұл. Ауылдағы әкімшілік кітапты автоматтандыру арқылы сол ауылдың мемлекеттік ресурстарын автоматтандырдық десек, енді барлық деңгейдегі және дәрежедегі мемлекеттік ресурс­тарды электронды айналымға енгізуді жалғастыруымыз керек. Бұл дегеніңіз – кәріз құ­бырлары, ауданаралық жол, мемлекетке тиісті ғимараттар, газ желісі, кітапханадағы кітап саны, тұрғын үй көлемі секілді қисапсыз деректерді паспорттап, мәліметтер қорына енгізу деген сөз. Бұл не береді? Осыдан соң ғана мемлекеттің әр мүлкін қолмен ұстап, көзбен көргендей шынайы түрде бақылау мүмкіндігі болмақ. Мысалы, су құбырларына паспорттау енгізсек, оның қашан ауыстырылғанын, енді қанша мерзімнен кейін ауыстыру керек екенін, күніне қанша көлемде су ағып жатқанын ұдайы біліп отырамыз. Автоматты басқару жүйесі су құбырының апталық, тоқсандық, жылдық ахуалына сараптама беріп, апаттық нүктесін анықтап, алдағы күтімнің жос­парын шығарып тұрады. Мұны білу үшін міндетті түрде енді құбырдың жарылып, тұрғын үйлердің сусыз қалуы міндетті емес. Негізі, автоматты басқару негізінде аналитика беретін жүйелер қазір де аймақтық деңгейде бізде қолданылып келе жатыр. Бірақ оған мәліметті мамандар қолмен теріп жаза­тындықтан, бұл деректер мем­лекеттің әр мүлкін паспорттап, автоматтандырған жүйеге қарағанда, нақты емес, болжалды түрде ақпарат береді. Ал жаңа үлгідегі мәліметтер қорында, айталық, белгілі бір ғимарат жайлы мәлімет керек болса, одан оның картасын, қай жылы соғылғанын, инфрақұрылымдық жағдайы мен күтімін, тұрғын саны секілді барлық шекті ақпаратты біліп аласыз. Бұл жүйе дами келе қазіргі Норвегияның жергілікті басқару жүйесіндегі инновацияларға ұласуы әбден мүмкін. Аталған елдің әр азаматы мемлекеттік және жергілікті басқару органдарының 85-87 пайыз құжатына еркін қол жеткізіп, таныса алады. Осыған орай әрбір шенеунік өзінің шыққан және кірген корреспонденциясын тіркеп отыруы қажет. Тіпті, басқармалар мен бөлімдердің арасындағы ішкі хабарларды да тіркеу міндет. Осы себепті қазір Норвегия электронды үкіметті ендіру рейтингісінде бірінші орында тұр. Ол үшін бұл елдің кез келген азаматы oep.no порталына тіркеліп, тірек сөздермен керек бөлімін тауып алады да, іздеген құжатын табады. Бір Норвегияның өзінде мемлекеттік органдары мен басқармаларында бір мезгілде 750-ге дейін автоматтандырылған басқару жүйелері жұмыс істейді. Мұның бәрі не үшін керек? Мемлекеттік мекемелердегі мамандар өздері жиі шағынатын күнделікті күйбең тірліктен құтылады. Қазіргі жұмыс режі­мінде мемлекеттік қызметкердің қомақты уақыты келген құжат­тардағы сан деректерді тексеруге жұмсалады. Облыс әкім­дігіндегі маман аудан орталы­ғындағы маманнан келген құ­жаттағы деректерді тексереді. Аудан орталығындағы маман өз кезегінде ауылдан келген мәліметті тексеріп, уақытын ысырап етеді. Қандай да бір цифрдан қате шығатын болса, кінәліні іздеу тізбегі құрылып, оны алып келіп, бәрінің жұмысын қойғызып, жиналыс өткізу, сөгіс айту се­кілді әкімшілік шаралармен аяқталады. Бұл қатенің біразы да сол атқарылмай қалған жұмысты атқарды деп, жүргізілмей жатқан құбырды жүрді деп жалған ақпар беруден шығып жатады. Құжат алмасудың көптігі соншалық, әр қызметкердің басына 500 құжаттан келетінін Елбасымыз өз сөзінде ашынып айтқан болатын. Былтыр қазақстандықтар мемлекеттік органдардың сұра­нысы бойынша 22 миллион анықтама тапсырған екен. Әр мемлекеттік қызмет түріне орташа есеппен 450 тәртіп бұзушылықтан келетіні де есептеліп қойған. Айналып келгенде, мұның бәрі кетіп жатқан есіл уақыт. Оның үстіне, қаншама қаражат пен жұмыс күші зая кетіп жатыр деңіз. Осы тұста The Microsoft Government Leaders Forum жиынында келтірілген ақпаратқа сенсек, Еуропадағы бюрократиялық шырғалаңға жылына 484 млрд. доллар, ал АҚШ-та шамамен 843 млрд. доллар кетеді екен. Егер үкіметтер осы шығынның ең болмаса 15 пайызын үнемдесе, бұл денсаулық сақтау саласына кететін қаражаттың тең жар­тысына сәйкес болар еді. Ал European Commissions eGovernment Action Plan құжа­ты­­на сәйкес, британиялық зей­нетақы комиссиясын электронды басқаруға тапсырған соң, штат­тың 50 пайызы босап,                                  ба­с­­қа әкімшілік жұмыстарға жұ­мылдырылды. Тіпті, уақтылы ақпараттандырып отырудың өзі үлкен пайда әкеледі. Implementing the Presidents Management Agenda for E-Government ақпа­рына қарасақ, шағын бизнес­ке заңнамалық және реттеуші ақпараттарды ұсынып отыратын америкалық UsinessLaw.gov сайты кәсіпкерлерге жылына 56 млн. долларын үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал заңнамалық актілерге түсініктеме беріліп отырылатын Regulations.gov сайты тек алғашқы жылдың өзінде кәсіпкерлерге 90 млн. долларын сақтауға мұрсат бергені бар. Осы жерде менің теміржол саласын басқарудағы тәжірибем­нен бір мысал айта кеткім ке­леді. Біздің «Қазақстан темір жолы» АҚ-та 148 мыңдай адам жұмыс істейді. Қазақстандағы ең ірі жұмыс беруші деген өзіндік локалды рекорды бар. Ал Қазақстандағы теміржолдардың ұзындығы – 15 мың шақырымға жетер-жетпес. Енді осы алып құрылымның көлбеу және тік билігі кішігірім жемқорлық, алып­сатарлық секілді келеңсіз сырқаттардан сау емес. Себебі, мұнда жекеменшік деген ұғым жоқ, «мемлекеттік болған соң, бәріне ортақ» деген кеңестік патернализмнен қалған ескі түсінік қалған. Жыл сайын теміржолдан вагондардың шығып кетуі, рельстердің майы­суы, өртену секілді ауыр апаттар қайталанып жатады. Мұның бәрі өте алып механизмнің өзін әлі толық авто­маттандырылмағандықтан болып отыр. Сол теміржолдың апаттық болжамын автоматты басқару жүйесіне тапсыруға болатын еді. Бұған қарсы дәлел ретінде Канаданың теміржолдарының ұзындығы 73 000 шақырым екенін айтайық. Біздің жолдардан 4 есе көп. Бірақ осынша жүйеге бар-жоғы 35 000 адам қызмет жасайды. Біздің қызметкерлерден 3 есе аз. Тағы да сол автоматтық басқарудың артықшылығынан. Әйтпесе, алып бара жатқан басқа құпиясы жоқтың қасы. Осыдан 10 жылдай бұрын қазақ баспасөзінде «Сингапурдың 1 мемлекеттік қызметкері Қа­зақстандағы 6 қызметкердің жұмысын атқарады екен» деген мәлімет желдей есті. Соның сырын ақпараттық технологиялардың еркін келуімен енді ұққандаймыз – өзін өркениетті ел санайтын мемлекеттерде мемлекеттік қызметкерлер саны барынша аз, бірақ сонысына қарамай өте тиімді жұмыс жасайды. Неге? Олар баяғыда-ақ саннан сапаға көшкен, қағазбасты күйбеңдіктен күнделікті есеп-қисап алудың машақатын ақпараттық жүйеге сеніп тапсырған. Мемлекеттік қызметтегілер бұл жүйеге қа­лыптасқанда арқасы босап, «мына қалаға қандай инвесторды тарта аламын, алдағы 10 жылдан кейін қаланың дамуы қалай болмақ, 28 жылдан кейін болатын шараларды қалай көремін?» деген секілді стратегиялық жос­парлармен, идеологиялық қарымданумен айналысады. Бір өкініштісі, біз осы жүйеге тамсанып, разы бола отырып, оның негізгі құрылымдық элементтерін көшіруге келгенде, жайбасарланып қалатынымыз бар. Мемлекеттік басқарудың ақ­параттық жүйесін құру – бұл бю­рократиялық машинаға жаңа тех­никалық қосымшаны іле салу емес, керісінше, заңның үстемдігі, адам құқы, өзін өзі басқару ме­ханизмдерін қоса алғанда, ор­тақ жүйені құру. Тек сол кезде ғана мемлекеттік басқарудың рационалдығы мен тиімділігіне иек артуға болады. Бұған мысал ретінде Оңтүстік Кореяның астанасы – Сеулде енгізілген элек­тронды басқарудың «OPEN» жүйесін келтіреміз. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, өткен ға­сырдың соңында енгізілген жү­йенің арқасында Сеул ше­неу­ніктерінің арасындағы жемқорлық 6 есеге азайыпты. Ал Эстония 2001 жылдан бері «Бүгін мен шешемін» (Tana otsustan mina) деген интернет-порталды іске қосу арқылы рес­публиканың әр азаматының заңнамаларға өз түзетуін ұсыну, оқиғаларға өз пікірін айту сияқты мемлекетті басқару ісіне араласуы қамтамасыз етілді. Сол Эстонияда жаңа кәсіпорынды бар-жоғы 18 минутта ашуға болады. Канаданың canada.gc.ca, Ирландияның RevenuOn-Line, Польшаның KSIZUS, Нидерландының Kadaster-on-line жүйелері туралы да осындай жақсы лебіздер көптеп айта алар едік. Егер Елбасымыздың баста­маларының бәрі жалғасын тауып, халықтың игілігіне жарасын десек, мемлекеттік қызметтің жұмысын ақпараттық технологияның ауа­нына бұрып, бар мәліметті пас­порттап, оны автоматты басқару жүйесіне салу қажеттіліктің қажеті болып қалады. Бұл халық пен биліктің интуитивті тіл табысуын қамтамасыз ететін «алтын көпір» қызметін атқара алады. Автоматты басқару жүйесіне негізделген мемлекеттік қызмет пен жергілікті басқару моделі біз үлгі ететін мемлекеттердің бәрінде дерлік ілгерілеушілік коэффициентін берді. Сонда ағайын-туыс, пара-ауызбастырық секілді адами фактордың сипаттары барынша азайып, жергілікті басқару органдарының бүкіл ақпараты күндіз-түні оған құзы­ретті органның бақылауында тұрады. Бұл арқылы араға әуе кемесі ұшып, жол тартылмаса да, халық мен құзыретті органның арасындағы бір-біріне мұқтаждық сезімі күшейеді, ауылдың қажетін Астана бірден сезе қоятын, Астананың бұйрығын ауыл бірден ала қоятын коммуникативтік байланыс күшейіп сала береді. IT-жобаларды жүзеге асы­рудың статистикасына қарасақ, ресурстың 80 пайызы жобаны түсіндіруге, алға сүйреуге, тек 20 пайызы ғана оны жүзеге асыруға кетеді. Осыған байланысты, шаруаны қоғамдық келісім мен осыған мүдделі органдардың жан-жақты түсіністігі арқасында ғана алға жылжытуға болады. Ал мұндай технологиялық мүмкіндіктен аш бола тұрып астан бас тартқан адамша құр қалудың еш реті жоқ. Ең бастысы, осы мүмкіндіктерді жүзеге асырар интеллектуалды басқару жүйелерін біздің қауымдастық жасады. Енді осыны ел игілігі үшін ұсынуға әзір. Азаматхан ӘМІРТАЙ, Қазақстан софтверлік компаниялар қауымдастығының президенті.