Қоғам • 09 Сәуір, 2023

Қанатқақты комикс

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Amanat» партиясы Қоғамдық саясат институтының «SocioExpert Club» алаңында «Жаңа саяси мәдениет және креативті индустрия» тақырыбы аясында «Капитан Qazaqstan» комиксінің тұсауы кесілді.

Қанатқақты комикс

Туындының авторы – партия жанын­дағы Қоғамдық саясат инс­титутының бас сарапшысы Ерлан Ахмеди. Бұл оның алғашқы туындысы емес. Бұған дейін оның «ХХІ ғасыр шешені. 77 кеңес» кітабы және «Власть. Серый кардинал» атты саяси романы жарық көрді.

– Тұсауы кесіліп отырған комикстің нобайын оқушы кезімде жасай бастадым. «Marvel»-дің, «DC»-дің киносын, мультфильмдерін көріп өстім. Заманауи Қазақстанның қаһарманы, саясаткері қандай болуы керек деп көп ойландым. Оның жемісі – осы «Капитан Qazaqstan». Ол отбасылық құндылықтарға басымдық беріп, отансүйгіштікті, әділеттілікті ту етеді. Біз жас отандастарымызды дұрыс бағытта тәрбиелеуіміз керек, – деді Е.Ахмеди.

Комикстің бас кейіпкері Дінмұхам­мед Қасымхан күндіз әділеттілікті ту ететін саясаткер, түнде әділетсіздікпен күресетін суперқаһарман – «Капитан Qazaqstan». Комиксті Астана қала­сын­­дағы «Алаш» және «Абай» кітап дүкен­дерінен сатып алуға болады.

– Комикс қоғамдық мәдениетті қалып­тастырады. Өкінішке қарай, отандық комикстер өте аз. Саусақпен санарлық. Бұл – еліміз үшін мүлдем жаңа сала, тың қадам десе де болады. «Капитан Qazaqstan»-ды елімізде жарыққа шыққан саяси тақырыптағы тұңғыш комикс деуге толық негіз бар. Тіпті бұл еңбекке тек балалар ғана емес, ересектер қауымы да қызығушылық танытады деген сенімдемін, – деді «Kitap.kz» жобасының авторы, медиа­сарапшы Мақпал Жұмабай.