Қазіргі уақытта Отбасының цифрлық картасы мемлекеттік қолдау іс-шараларын алуға құқығы бар қазақстандықтарға өтініш жазбай-ақ жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 9 түрін ресімдеуге мүмкіндік береді. Олар – жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем, асыраушысынан айырылылғанда берілетін әлеуметтік төлем, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анасына (қамқоршысына) арналған жәрдемақы, мүгедектерге берілетін жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек.
Мәселен, елорда тұрғыны Алтынқыз Елеу автоматты түрде хабарлама алғаннан кейін бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлемді ресімдеген. «Әрине, мұндай төлем берілетінін білетінмін. Ол үшін бір жерге барып арыз жазу керек деп ойладым. Бірақ маған хабарлама келді. Оған ыңғайлы банкті таңдау арқылы жауап бердім және бір айдың ішінде ақша шотыма түсті. Бұл өте ыңғайлы», дейді Алтынқыз.
Сондай-ақ Отбасының цифрлық картасы арқылы зейнетақы төлемдерін алу мүмкіндігі туралы автоматты хабарлама іске асырылған.
Мемлекеттік қолдау іс-шараларын алуға құқық белгіленген кезде әлеуетті алушыға 1414 бірыңғай байланыс орталығынан SMS-хабарлама жіберіледі. Хабарлама алған азамат оған келісімі туралы жауап беруі керек. Өтінішті ресімдеу және әлеуметтік жәрдемақы немесе төлем тағайындау автоматты режімде жүргізіледі. Содан кейін қаражат алушының банк шотына аударылады.
«Алаяқтық тәуекелін болдырмау мақсатында 1414 бірыңғай байланыс орталығынан келіп түскен SMS-ке жауап беру қажет. Сұрақтар туындаса, 1414 нөмірі бойынша Call-орталыққа хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін», деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Отбасының цифрлық картасы – әртүрлі мемлекеттік органдардың мәліметтерін жинақтайтын, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатының деңгейін анықтауға және оларға проактивті форматта кепілдендірілген мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе. Бүгінгі таңда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректері негізінде Отбасының цифрлық картасында Қазақстанның 19,5 млн азаматы немесе 6,3 млн отбасы туралы ақпарат жинақталған.