Былтыр аталған оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілді. Осы бағытта оқу орны заманауи ғылыми-өндірістік экожүйені дамытуға, әлемдегі зерттеу университеттерінің озық дәстүрлері негізінде бизнеспен және өндіріспен сабақтастықты дамытуды жолға қойды.
– Елімізде ғылымды қаржыландыру едәуір өсті. Соған байланысты ғалымдардың әртүрлі бағыт бойынша жүргізген ғылыми жобаларының саны екі есе ұлғайды. Профессорлық-оқытушылық құрам мен ғалымдардың ғылыммен айналысудан түскен табысы көбейді. Халықаралық қауымдастықпен ортақ жобаларды жүзеге асыру жолға қойылды. «Жас ғалым» президенттік жобасының нәтижесінде ғалымдар тобы 86 постдокторантқа кеңейді. «500 ғалымның тағылымдамасы» жобасы аясында 50-ден аса ғалым екінші жыл қатарынан әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп жатыр. Сонымен қатар университет коммерцияландыру идеясын қолдау үшін өз гранттарын да ұсынып келеді. Бүгінде біздің университет әлемнің үздік 300 жоғары оқу орнының қатарына кіреді және «QS World University Rankings» рейтингінде 277-орынды иеленді, – деді университеттің Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева.
Университеттегі Ядролық технологиялар паркінде энергетика, құрылыс, ауыл шаруашылығы және медицинаға арналған экологиялық қауіпсіз өнімнің 10-нан аса түрі шығарылады. Осы бағыттағы жетістіктің бірі ретінде «Beta sorb» инновациялық гидрогелін айтуға болады. Радиациялық тігілген суперабсорбент өнімділігін 30 пайызға өсіріп, суару шығынын 50 пайызға дейін азайтады. Сонымен бірге құрғақшылыққа төзімділікті және топырақ ылғалдылығын сақтауды қамтамасыз етеді. 1 грамм суперабсорбент 300 грамм суды сақтайды.
Бізді «Кровлен» өнімінің технологиясы қызықтырды. Мұны құрылыста, химия және металлургия өнеркәсібінде гидрооқшаулағыш және шатырға арналған материал ретінде қолданады. Оның беріктігі, икемділігі, қолайсыз ауа райына, соның ішінде күн радиациясына төзімділігі жоғары. Ғалымдар бұған полимерлі қоспалары бар каучуктың арнайы сорттарын соңғы радиациялық технологиялармен өңдеу арқылы қол жеткізген.
Мұндағы ғалымдар «Экоизол» сауда белгісімен жоғары сапалы гидро, жылу, шу оқшаулағышын жасайды. Еуропалық сападағы экологиялық таза өнім жылу шығынын 30 пайызға азайтады, 25 дБ шуды сіңіру арқылы дыбыс оқшаулауды жақсартады, жоғары деңгейдегі гидрооқшаулауды қамтамасыз етеді. Пенополиэтиленді қолдану мерзімі ұзақ, ол 50 жылға дейін сапасын жоғалтпайды. «ТермоИзол» сауда белгісімен мұнай-газ саласы және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық үшін термоорнықтырылған оқшаулағыш пен тотқа қарсы ленталар шығарылады. Олар магистралдық құбырларды қорғайды. Айта кетейік, ғалымдардың жобалары өндіріске енгізілген. Еліміздегі нарықта қолжетімді.
Сондай-ақ технологиялар паркі медициналық бұйымдарды, азық-түлікті радиациялық өңдеумен, жәндіктерді залалсыздандырумен айналысады. Пандемия кезінде қан алу үшін 205 миллионнан астам пробирка, түрлі мақсаттағы 2 миллионнан аса медициналық жиынтық өңделсе, өткен жылы 25 миллион пробирка, 400 мың жеке медициналық бұйым залалсыздандырылды.
Сонымен қатар инженерлік бағыттағы зертханасында трек мембраналарына негізделген суды тазартуға арналған фильтрлі сүзгілер орналасқан. Бұл сүзгі ашық көздерден 2 мың литрден астам суды тазартады. Қазір зертханада еліміздегі шығарылатын трек мембраналары арқылы су-май эмульсияларын бөлудің жоғары тиімді әдістері жасалады. Жоба құрамында мұнайы бар ағынды сулар мен пайдаланылған майларды тазарту арқылы елдің экологиялық проблемасын шешеді. Түрлі мұнай өнімдерін қайта пайдалануда ресурстарды үнемдеуге жол ашылады. Трек мембраналары жұқа полимерлі пленкалардан жасалған.
Әсіресе университеттегі «Еуразия физика-энергетикалық және ғылымды қажетсінетін технологияларды зерттеу» институтының ғылыми жетістіктері ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мұнда термоэлектрлік модульдер мен натрий-ионды батареяларға арналған нанокомпозиттік материал өндіріледі. Жоғары тиімді термоэлектрлік материалдардың негізгі артықшылығы – улы компоненттер болмайды, бағасы да төмен, сондай-ақ жоғары энергия мен жылу энергиясын электр энергиясына айналдырудың тиімділігі ауқымды. Қызмет ету мерзімі де ұзақ. Өнімдер термоэлектрлік генераторлар мен жартылай өткізгіш тоңазытқыштар шығаратын кәсіпорындарда пайдалануға арналған.
– Отындық элементтер дегеніміз – қандай да бір заттың құрамындағы химиялық энергияны электр энергиясына айналдыруға арналған құрылғылар. Біз оттегі мен сутегінің құрамындағы химиялық энергияны электр энергиясына айналдыру үшін отындық элементтерді қолданамыз. Олардың бірнеше түрі бар. Оның ішінде біз екі түрін пайдаланамыз. Біріншісі – жоғары температуралы отын элементтері. Бұлардың жұмыс істеу температурасы 800 градустан басталады. Пайдалы әсер коэффиценті өте жоғары. Екіншісі – бөлме температурасында жұмыс істейтін отын элементтері. Бұл қондырығының пайдалы әсер коэффиценті төмендеу болғанымен электр энергиясын өндіріп, тегін қолдануға мүмкіндік береді, – деді ғылыми қызметкер Кенжебатыр Бекмырза.
Енді бір айтатын жаңалық, аталған оқу орнының ғалымдары онкологиялық ауруларды емдеудің тиімді әдістерін зерттеуді қолға алған. Бұл жобаның бірегейлігі – препаратты жасау және оны нанотасымалдаушылар арқылы рак клеткаларына тікелей енгізу. Аға ғылыми қызметкер Илья Корольковтың айтуынша, бұл жобаның артықшылығы – нанотасымалдаушылардың өзіндік ерекшелігінде және оларды өзгерту әдістерінде.
Ақпараттық технологиялар факультетінің жасанды интеллект технологиясы кафедрасының аға оқытушысы Нұрзада Амангелді қымбат датчиктерді, бірегей камералар мен суперкомпьютерлерді пайдаланбай автоматты ым-ишарамен жеткізілетін қазақ сурдоаудармасының қолжетімді жүйесін жасаған. Ол жасанды интеллектке негізделген. Жүйені компьютердің қарапайым көмегімен пайдалана аласыз. Университет докторанты Ғани Балбаевтың тобық буынын қалпына келтіруге арналған жаңа киілетін роботталған экзоскелеті де ерекше. Бұл жоба жасанды интеллект негізінде жасалып, оған механикалық байланыстар қолданылады. Құрылғы жеңіл, шағын, киюге және белсенді қозғалыстарға өте ыңғайлы.
«ENU-Lab» ғылыми-өндірістік орталығындағы құрылысқа арналған заманауи технологиялардың да жаңалығы көп. Мәселен, ғалымдар өнеркәсіп қалдықтарынан көпқабатты үйлердегі шуды естіртпейтін жеңіл бетондар жасауды қолға алған. Бұл материалды көпқабатты үйлердің ішкі бөлмесіне қолданады. Қазірдің өзінде осы жобаға еліміздегі ірі құрылыс компаниялары қызығушылық танытқан. Сонымен бірге беріктігі өте жоғары цемент жасап шығарған. Ол әдеттегіден 2,5 есе мықты бетон алу үшін қажет. Оны су электр стансасы және бөгеттер мен көпірлер салуға пайдаланады.