Көктемгі әскерге шақыру науқаны наурыз айының басында басталып, әлі де жалғасып жатыр. Қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша қазір Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі жасақталып біткен. Науқан басталғаны Астана қаласы бойынша 200 жас әскерге аттанған. Өткен аптаның аяғында Қонаев қаласындағы десанттық шабуылдау бригадасына тағы 40 адам жөнелтілген.
«Бүгінгі таңда біз Қорғаныс министрлігін жасақтауға кірістік. Астана қаласынан шамамен 500 адам шақыртылады. Кейін мамыр айы мен маусым айының аяғына дейін Ұлттық ұлан қатарына шақырамыз. Сонымен көктемгі әскерге шақыру науқаны бітеді. Атап өтетін жайт, сарбаздардың көбісі әуе-десанттық әскерге барғысы келеді. Алайда оларға талап бірдей, қай Қарулы Күштерге барса да, Отан алдындағы борышын өтеп келеді», деді Астана қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Медет Тұрыскелдиев.
Өткен сенбі күні Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияда әскер қатарына алынған елордалық бір топ сарбазға арналып «Ел қорғау – нағыз ерлер ісі» салтанатты жиыны өтті. Іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, Қарулы Күштердің ардагерлері, гарнизон әскери бөлімдерінің мерзімді қызметтегі сарбаздары, әскери колледждің ұландары, «Жас сарбаз» балалар-жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері – барлығы 1,5 мыңға жуық адам қатысты.
Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов жиында Отан қорғаушы миссиясының маңызын атап өтті. Ол сондай-ақ жастарға осы абыройлы міндеттің артықшылығын да айтты.
«Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар қатарында әскери қызмет ету жастарға көп мүмкіндік береді. Бір жыл ішінде сарбаз әскери маман атанады. Содан кейін ол келісімшарт бойынша қызметін жалғастырып, әскери колледжге түсіп, сержанттан Қарулы Күштердің бас сержантына дейінгі лауазымдарда қызмет атқара алады. Жоғары әскери оқу орнының курсанты болып, лейтенанттан генералға дейін мансаптық жолмен өсуге де болады», деді министрдің орынбасары.
Әскерге шақырылғандарды Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен, «Қарулы Күштер ардагерлері» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, отставкадағы генерал-майор Марат Нағұманов та құттықтады. Салтанатты іс-шарада «Аманат» рәсімі ұйымдастырылды. Запасқа шығарылған әскери қызметшілер әскерге шақырылғандарға абыроймен қызмет етуді, антқа адал болуды аманат етті. Негізі мұндай рәсім бүкіл Отан қорғаушы ұрпақтарының бірлігі мен сабақтастығын білдіреді. Акцияға қатысушыларға елордалық десанттық-шабуылдау бригадасы әскери қызметшілерінің қойылымдары, сондай-ақ әскери техника, қару-жарақ және әскери киімдердің көрмесі ұйымдастырылды.
Көктемгі әскерге шақыру науқаны 30 маусымға дейін жалғасады.