Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Ал аталған айдың соңғы аптасында баға картопқа 0,7 пайызға, пиязға 0,3 пайызға, ақ қырыққабатқа 0,1 пайызға, қарақұмық жармасына 1,3 пайызға, күнбағыс майына 1,1 пайызға және түйіршіктелген қант 0,8 пайызға төмендеген. Өкініштісі бірінші сұрыпты бидай ұны және одан жасалған нан, тауық еті, ал майлылығы 2,5 пайыз болатын пастерленген сүт сияқты әлеуметтік маңызы бар өнімдердің құны өзгеріссіз қалды.
Өткен жылдың осы кезеңімен салыстыра қарасақ, көрініс мүлдем басқаша болды. Мәселен, былтырғы осы айдың соңғы аптасында картоп бірден 2,6 пайызға, ал ай басынан бері – 15 пайызға, сәбіз – 3,9 пайызға қымбаттады. Ай басынан есептегенде 14,7 пайызға, ал пияз – аптасына 12,2 пайызға, ай басынан қарасақ 32,2 пайызға бағасы көтерілген. Қант наурыздың соңғы аптасында 1 пайызға, ал ай басынан есептесек 35 пайызға бір-ақ қымбаттапты.
Осылайша, биылғы наурыз былтырғымен салыстырғанда өте жақсы оң үрдісті көрсетіп отыр. Өңірлердегі тұрақтандыру қорларынан көкөністерді есеппен шығару іс-шарасы үкіметтің алдағы маусымаралық кезеңдердегі атқарылатын жұмыстарына оң нәтиже беріп жатыр. Естеріңізге сала кетейік, Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин ақпан айында көкөністерге тауарлық интервенциялар және NWFP бағасын тұрақтандыруға бағытталған басқа да іс-шаралар басталғанын айтқан еді. Сондай-ақ, қант өнеркәсібіне де қолдау көрсететінін мәлімдеген болатын. Өткен наурыз айына қарасақ, аталған игі іс-шаралардың нәтижесі анық көрініп тұр.
Тұтастай алғанда, 2023 жылдың 1-28 наурызы аралығындағы, яғни төрт апта ішінде NWFP бағасы 0,4 пайызға өсті. Айдың соңғы аптасында көрсеткіш 0,1 пайызбен іс жүзінде өзгеріссіз қалды. Салыстыру үшін: өткен жылдың наурыз айында азық-түлік бағасы бірден 9,1 пайызға өскен болатын.
Республиканың мегаполистері мен облыс орталықтарында жағдай келесідей: наурыздың соңғы аптасында Атырау мен Оралда баға 0,1 пайызға төмендеді. Ал Астана, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Өскемен, Петропавл және Талдықорған қалаларында баға өзгеріссіз қалды. Бір қызығы, жалпы бағаның төмендеуі байқалған өңірлердің қатарында Маңғыстау облысы да бар. Кәрі түбекте бұған дейін азық-түлік бағасы тек қана көтеріле беретін еді ғой.
Атап айтқанда, бір аптадан бері картоп Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Жезқазған, Көкшетау, Қарағанды, Қонаев, Қостанай және Қызылорда қалаларында арзандады. Пияз бағасы Астана, Жезқазған, Қостанай, Қызылорда, Орал және Түркістанда, қырыққабат Астана, Ақтөбе, Жезқазған, Қонаев және Қызылорда қалаларында төмендеді.
Жалпы қарағанда азық-түлік сегментіндегі бағаның түпкілікті өсуіне ТАСҚ құны бойынша оң жағдай әсер етті: осылайша, азық-түлік тауарлары бағасының өсуі наурызда ақпандағы 1,5 пайызға және қаңтардағы 1,4 пайызға қарсы 1,1 пайызды құрады.
Осының бәрінің нәтижесінде наурызда ай сайынғы негізгі инфляция 0,9 пайызды құрады. Бұл 2022 жылдың ақпан айынан бері (бір жылдан астам) айлық тұтыну бағасының ең төменгі өсімі.
Бәрімізді қуантып отырғаны жылдық инфляция қарқыны айтарлықтай төмендеді: ақпандағы 21,3 пайызға және қаңтардағы 20,7 пайызға қарсы биылғы жылдың наурызында 18,1 пайызға дейін бәсеңдеді.
Айта кетейік, Премьер-министр Әлихан Смайыловтың наурызда Қазақстанда инфляция төмендей бастайды деген болжамы шындыққа айналды. Үкімет басшысы сөзін дәл осы жылдың қаңтар айында айтқан болатын.