Қазақстан • 10 Сәуір, 2023

ҚР СІМ өкілі Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір білдірді

387 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров ведомствода өткен брифингте Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР СІМ өкілі Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты пікір білдірді

Айбек Смадияровтың айтуынша, Қазақстан әрқашан дінаралық диалогтың толеранттылығы мен нығаюын жақтайды және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес Таяу Шығыс мәселесін бейбіт жолмен реттеуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін берік қолдайды.

«Қазақстан қасиетті «Әл-Ақса» мешітінде мұсылмандарға шабуыл жасалуына байланысты Таяу Шығыстағы шиеленістің өршуіне қатысты өзінің алаңдаушылығын білдіреді», деп атап өтті ол брифинг барысында.

СІМ ресми өкілі атап өткендей, тараптар ұстамдылық танытып, зорлық-зомбылыққа және ахуалдың одан әрі ушығуына әкелетін қадамдардан бас тартуы керек.

«Бұл ретте статус-кво сақтауды маңызды деп санаймыз. Қасиетті Рамазан айы мен Песах мейрамы кезеңінде саяси, діни және қоғамдық көшбасшылар бұл шиеленісті азайтуға бар күшін салады деп үміттенеміз. Қазақстан әрдайым толеранттық және діндер арасындағы диалогты нығайтуға шақыра отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларына сәйкес Таяу Шығыс мәселесін бейбіт жолмен шешуге бағытталған халықаралық қоғамдастықтың күш-жігерін қолдайды», деп түйіндеді Айбек Смадияров.

Бұған дейін Израильдің қауіпсіздік күштері Әл-Ақса мешітінің намаз залына кіріп, палестиналықтарға шабуыл жасағаны хабарланған еді. Оқиға салдарынан ондаған адам зардап шекті.