04 Шілде, 2014

Саладағы серпіліс

269 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін
Ағымдағы жылы Елбасы Н.Назарбаев облысымызға келген сапарында:      DSC_9602«...Еліміздің денсаулық сақтау саласына баса назар аударылып жатқандықтан, ана өлімі де, сәбилердің шетінеуі де күрт төмендеді қазір облыста. Соның арқасында адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 71 жасқа жетті. Бұл, бұрын болмаған жағдай...», – деді. Бұл, әрине, өңір медицинасына берілген жоғары баға. Жалпы, халқы тығыз орналасқан, бала туу саны жоғары оңтүстікте мұндай жетістікке жетудің өзі жеңіспен пара-пар. Оның себеп-салдарын білу мақсатында біз Оңтүстік Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жұмағали ИСМАИЛОВТЫ әңгімеге тарттық. – Өңіріміздің әлеуметтік-экономи­калық дамуында денсаулық сақтау саласының орны ерекше. Соның нәти­жесінде соңғы 4-5 жылда облыс медици­насында жүйелі оң өзгерістер орын алуда. Соның себеп-салдарына қысқаша тоқтала кетсеңіз. – «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында 2015 жылға дейін халық­тың өмір сүру ұзақтығын 70 жасқа жеткізу жоспарланған болатын, соны біз мерзімінен бұрын орындадық. Бұған әрине, кешенді түрде жұмыс жүргізу арқылы қол жеткіздік. Сондай-ақ, әлемдік стандарттарға сай, республикада алғаш рет біз акушерлік неонаталдық аймақтандыруды енгіздік. Бұл дегеніміз, әйелдің жүктілігі мен тууы қандай қауіпті топқа жатады, сол стационарда босануы қажет. Облыстық перинаталдық орталықтар, облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы жанынан консультативтік-көліктік қызмет құрылды. 2009 жылы Шымкент және Түркістан қалаларында қосымша перинаталдық орталықтар ашылды. Сондай-ақ, 2011 жылы Елбасы №4 облыстық пери­наталдық орталықтың тұсауын өзі кесті. Бұл шейх Халифа Бин Зайд Әл Нахайан атындағы қордың қаржылай қолдауымен жүзеге асты. Жоғары дамыған, тәжірибесі мол елдермен меморандумға қол қойып, бірлескен жүйелі жұмыстың арқасында жақсы нәтижелерге қол жеткізудеміз. Мәселен, Балтық елдері кеңес дәуірінен кейін-ақ тірі-өлі туу туралы халықаралық критериий­лерге өтті, яғни олар бізден 17-18 жыл алда келе жатыр. Сондықтан солардың тәжірибесін ескере отырып, соңғы 4 жылда тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеудеміз. Нәтижесінде ана өлімі 3 есе төмендеді. Балалардың туа біткен ақауларымен дүниеге келуі жиі кездесетіндіктен, облысымызда балалар хирургиясын дамытудамыз. Осыдан 5 жыл бұрын операциядан кейінгі аман қалатын балалар 25 пайыздан аспаса, қазір 70 пайыздан асты. Сондай-ақ, облыстық клиникалық балалар ауруханасы қазіргі таңда біздің облыспен қатар көрші Қызылорда және Жамбыл облыстарына да  Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, жоғары мамандандырылған көмек көрсетуде. DSC_8818 – Облысымыздың кардиология саласында бірқатар жаңалықтар жүзеге  асқанын білеміз. Әсіресе, сырқат балаларын ірі медициналық орталықтарға алып баруға кезекке тұратын ата-ана­лардың үміті ақталғандай. Бұл – бізде ашылған балалар кардиохирургия­сы. Осы орталықтың бүгінгі таңдағы жұмы­сына баға бере кетсеңіз. – 2011 жылы республикада алғаш рет аймақтық деңгейде облыстық кардио­орталықтың базасында кардиохирургиялық балалар бөлімі ашылды. ОҚО-да 15 жасқа дейінгі 2 мың 800 балаға жүрекке операция жасау қажет. Жылдар бойы балалар Ұлттық орталықта операция жасатуға кезек күтеді. Ал бүгінде облыстағы кар­дио­хирургиялық бөлімде жыл сайын балалардың туа біткен жүрек ақауларына 150 операция жасалуда. Сондай-ақ, еуроодақтың қаржылай қолдауымен тиімді перинаталдық технологиялар енгіздік, ана мен бала денсаулығын қорғауда қыруар жұмыстар атқара алдық. Қорытындысында «туу көп болған жерде өлім де көп болады» деген түсінікті жоққа шығарып, бала өлімін екі есе төмендетуге қол жеткіздік. – Елбасы Н.Назарбаевтың «Шым­кент республикадағы үшінші қала болуы тиіс» деген тапсырмасы бар. Мұның астарында Шымкент қала­сындағы ірі медициналық ұйымдарды республикалық деңгейде көмек көр­сететіндей дәрежеге жеткізу қажет деген ой жатқан сияқты. Бұған сіз қалай қарайсыз? – Елбасының берген тапсырмасында Шымкент қаласын әлеуметтік-экономикалық даму жағынан алғанда, республикада үшінші қалаға жеткізу міндеттелген. Бұл тек қаланың инфрақұ­рылымы ғана емес, сонымен қатар, жалпы адам өмірінің сапасы, әлеуметтік қызметтердің деңгейімен де өлшенеді. Сондықтан Шымкент қаласындағы ірі медициналық ұйымдарды республикалық деңгейде көмек көрсететіндей дәрежеге жеткізуге тиіспіз. Соның аясында атқа­рылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыстар арасында алғаш рет Оңтүстік Қазақстанда, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында 2013-2014 жылдары 26 адамға бүйрек трансплантациясы жасалды. Шымкент – бүйрек трансплантациясы операциясын жасап отырған еліміздегі үшінші қала. Жыл сайын бүйрек ауыстыру отасы бірте-бірте күрделеніп келеді. Осының алдында стандартты бүйрек ауыс­тыру операциялары жасалса, ендігі жағдайда хирургтар қосымша аурулары бар мейлінше проблемалы оталарды жасауға мамандануда. Трансплантологиялық қыз­метті одан әрі дамыту үшін биыл гендік жүйелердің бір-біріне сәйкестігін анықтайтын зертхана ашуды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта мұнда орган донорлығын дамыту мәселесі қолға алынбақшы. ОҚО денсаулық сақтау басқармасы 2013 жылы Анам Корей университетімен (Сеул қаласы, Оңтүстік Корея) екіжақты Бірлескен меморандумға қол қойған болатын. Меморандумда Оңтүстік Кореяның жетекші мамандарының медицинаның түрлі салалары бойынша, атап айтқанда, бүйрек трансплантациясы мәселесі жөнінен жер­гілікті кадрларды оқыту мен кеңес беру, тәжірибе алмасу қарастырылған. 2009 жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметов облыстағы 900-ге жуық елді мекендердің бәрін аралап, кезек күттірмес мәселелерге талдау жасаған болатын. Соның нәтижесінде әр ауданда, әр елді мекенде денсаулық сақтау саласына қатысты нысандарының электрондық картасын дайындап алдық. Алдағы бюджет жоспарын бекіткен кезде қай ауданда, қай нысанның құрылысы болады, соны жос­парлап отырдық. Қазір кезең-кезеңімен кестеге сәйкес жұмыстар атқарылуда. 2009-2013 жылдары 246 медициналық нысан бой көтеріп, іске қосылды. Мұны үлкен мега-жоба деп айтуға болады. Оның ішінде бастапқы медициналық көмек көрсететін 10 емхана, 38 дәрігерлік амбулатория, 35 фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар. 153 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтті. «Нұр Отан» партиясының тұғырнамасы негізінде елімізде кемінде 350 денсаулық сақтау нысанын салу көзделсе, біздің өңірде бұл қарқынды түрде жүзеге асуда. Сондай-ақ, тікелей Елбасының пәрменімен «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде де көптеген нысандар салынды. – Халықта дәрігерлер өмір бойы үйренуі керек деген ұстаным бар. Бұл маман­дардың білім-біліктілігінің жоғары деңгейде болуын меңзейтіндей. Жалпы, өңірімізде мамандардың біліктілігін көтеруде, шеберлігін шыңдауда қандай жұмыстар атқарылуда? – Жас мамандарға әлеуметтік пакеттер бөліп, оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету, кадрларды ауылда тұрақтандыруға және кадрлар жетіспеушілігін төмендетуге арналған жұмыстар үнемі жүргізілуде. Соның арқасында маман тапшылығы 2 есе азайды. Жыл сайын оқытылатын мамандар 10 есе көбеюде. Мәселен, 2008 жылы 884 маман оқытылса, 2013 жылы 9021 маман білімдерін жетілдірді. Сөз реті келгенде айта кетейін, біз кадр­ларды сырттан шақырмастан, қайта жергілікті мамандарды оқытуға, үйретуге баса назар аударамыз, солардың деңгейін көтеру арқылы медицина менеджерлерін дайындаудамыз. Облыс әкімі қойып отырған негізгі бағыттардың бірі де осы мамандардың біліктілігі. Сол себепті, облыста үш деңгейлі жүйе құрылған. Біріншісі – жергілікті деңгейдегі тренинг орталықтары, әсіресе, ана мен бала денсаулығын қорғайтын мамандықтарға қатысты біз алғаш рет рес­публикада халықаралық курстар өткіздік. Екінші деңгей – республикалық деңгейде біліктілігін арттыру бойынша мамандар ғылыми орталықтарда, жоғары білім беретін оқу ордаларында қайта даярлаудан өтуде. Үшінші деңгей – халықаралық деңгей болып табылады. Біз белгілі шетелдік клиникалық орталықтармен тікелей қарым-қатынастағы меморандумға қол қойып, бірнеше мемлекеттермен жұмыс істеп жатырмыз. Оның ішінде Балтық бойы  елдері, Еуропа елдері, Ресей, Израиль, Оңтүстік Корея бар. Қазіргі таңда Халықаралық шұғыл медицина академиясы (Литва), Басым бағыттағы диспетчерлеу корпорация­сы (АҚШ, Юта) және облыстық денсаулық сақтау басқармасы арасында өзара байланысты нығайту мақсатында түсіністікке қол жеткізілді. Сондай-ақ, басым бағыттарға сәйкес, әр шетелдік клиниканы сараптай отырып, қай бағыт бізге қажет, соған байланысты бірлескен жұмыстар жасалуда. Яғни, біздің мамандар барып оқып келеді немесе сол жердің белгілі, білікті профессорлары біздің клиникаларға келіп, шеберлік сыныптарын өткізеді. Міне, осы әдісті әрі қарай жалғастырып келеміз. Соңғы жылдары облыста үш симу­ляциялық орталық құрылды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау стандарттары негізінде мамандардың 86 пайызын оқумен қам­тамасыз еттік. Жалпы, шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу негізінде, сондай-ақ, жергілікті кадрлардың біліктілігін байыту мақсатында соңғы үш жылдың ішінде жүрекке 6 294 коронарография, 2 681 стенттеу жасалды. Соңғы бір жылдың өзінде 1 165 стент жасау қолға алынса, оның 78 пайызы шұғыл көрсеткіштер бойынша жүзеге асты. Осынау жұмыстардың қорытындысында жүрек-қан тамырлары патологиясынан болатын өлім-жітім деңгейі 1 жылда 7-10 пайыз­ға төмендеді. 2013 жылы қан айналым салдарынан болатын өлім-жітім 8,7 пайызға азайды. Бұл қазір еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіштердің қатарына жатады. Облысымызда онкологиялық ауруларды ерте анықтайтын скринингтік орталық ашылғаны мәлім. Орталық қазіргі таңда қатерлі ісіктің алдын алуда бірқатар озық көрсеткіштерге қол жеткізді. Мұнда қазір дәрігерлер Израйльдің әлемге танымал «Шиба» клиникасының заманауи әдістері бойынша жұмыс істейді. Әсіресе, бүйрек, бауыр және жамбас органдарындағы қатерлі ісіктерді химиялық әдіспен жоюда бұл тәсіл өзінің тиімділігін көрсетуде. Жалпы, 2013-2015 жылдар аралығында облысымыздың аудан, қалаларындағы емханаларда қосымша 20 онкологиялық, 50 мамологиялық кабинеттер ашылды. Салалық бағдарлама негізінде облыстық онкологиялық диспансер жанынан жаңа хирургиялық корпус құрылысын салу жос­парлануда. Сондай-ақ, туберкулезден болатын өлім-жітім көрсеткіштері соңғы жылдары 2,7 есеге азайғанын айта кеткен жөн. – Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдыққа ие қандай бағыт? – Бізде басымдық берілетін негізгі бағыт – бастапқы медициналық санитарлық көмектің сапасын жақсарту. Өткен жылдың күзінде Алматы декларациясының 35 жылдығына қатысқан әлемнің 70-ке жуық елінен келген делегаттар осыдан 30 жыл бұрын қолға алынған «ХХ ғасырдың Ұлы хартиясы» атанған маңызды құжаттың өміршеңдігін тағы да дәлелдеді. Алматы декларациясында бастапқы медициналық санитарлық көмекті насихаттай отырып, денсаулықтың деңгейі медициналық-санитарлық қызмет немесе қоғамдық денсаулық сақтау қызметінен тыс көптеген факторларға байланысты екендігі атап көрсетілді. Декларация әлемде денсаулықты жақсарту мақсатында ұлттық және халықаралық деңгейдегі шұғыл іс-әрекеттерге негізделген. Жалпы, осы қағидаларды жүзеге асырсақ – Қазақ­станның әлемдегі беделі биікке көтерілетіні даусыз деген. – Соңғы сауал, сіз облыстың бас дәрі­­гері, менеджер ретінде ғана емес, ға­лым, хирург ретінде де көпшілікке та­ны­малсыз. Айтыңызшы, күнделікті операция жасауға қалай уақыт табасыз? – Емдеу ісі менің қызметімнің ажырамас бөлігі болып табылады. Яғни, күнделікті іс жүзіндегі дәрігер ретінде басқармада жасап жатқан жұмыстарымның нәтижесіне баға бере аламын. Сондай-ақ, науқастармен де, әріптестеріммен де емін-еркін араласуға мүмкіндік бар. Менің емдеу жұмыстарым тек операция жасаумен шектелмейді. Жансақтау бөлімдерін аралаймын, науқастарды қалай емдеп жатқандарын көремін, консилиумдарға қатысамын, аудандарға жиі шығамын. Өкінішке қарай, басқармадағы жұмыс операция жасауға жиі мүмкіндік бере бермейді. Ең бастысы, мен – дәрiгермiн. Емдеу iсiмен айналысамын. «Науқасты емдеп, аяққа тұрғызу үшiн не керек? Жедел жәрдем уақтылы жету үшiн не iстеу керек? Нақты медицина қандай болуы керек?» деген мәселелерге басымырақ көңiл бөлемiн. Қазақстан Болон конвенциясына кiргендiктен, аспирантура, докторантура жүйесi жойылды. Сондықтан шәкiрттердiң санын көбейту осыған байланысты шектелiп отыр. Бiрақ ғылыми iзденiстерiм тоқтаған жоқ. 80-нен астам мақала, 3 монографиям жарық көрдi, 20 ғылыми жаңалығым бар. Олардың баршасы емдеу процесiне байланысты. Қазiр ұйымдастыру саласында жүрмiн, бұл да тұтастай бір ғылым.  Әңгімелескендер Мархабат БАЙҒҰТ, «Егемен Қазақстан», Нұрлан КЕНЖЕҒҰЛОВ, журналист. ШЫМКЕНТ.