04 Шілде, 2014

Дүбірге толы дүние

183 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Бұл соғыстың аяқталуы қиын Ирактағы радикалды исламистердің бас көтеріп, орталық үкіметке қарсы соғыс ашқанына да айға жуықтап қалды. Алғашында исламистер өздерін «Ирак және Левант ислам мемлекеті» деп атаса, енді олар «Ислам халифаты» атауына көшті. Дубир 1 Ислам халифатыЖай атау ғана емес, бұл топтың қазір мәні де мықтап өзгергені анық. Ең алдымен, бұл соғысқа сырттағылар да белсене қатыса бас­тады. Басында исламистер Мосул қаласына шабуыл жасағанда, жасақтарының саны небәрі 3-5 мыңды құраса, қазір оның саны бірнеше ондаған мыңды құрайды, үкімет әскерінен тартып алған әскери техникасы да әжептәуір. Тек техника ғана емес, олардың қолына айтарлықтай қаржы да түскен. Бұлар ғана емес, олардың қар­сыласы – Ирак үкіметі де біршама есін жиып, жақтастарының арқа­сында айтарлықтай «күшейді». Күні кеше Ресейдің «Сухой» ком­паниясы Ирак «сатып алған» 10 су жаңа жойғыш ұшақтарын олардың әскери әуежайларына қондырды. Бұрын өз жерінде болып, енді Иракқа ауысқан сүннит-исламистерді Сирияның әскери-әуе күштері артынан қуып келіп, бомбалап кетті. Бұл – Дамаскінің Бағдадқа жасаған үлкен көмегі. Ал Иранның көмегі бұлар үшін бағасыз. Теһран әзірге тек қарумен көмектесеміз, адам жібермейміз десе де, бұған дейін Иранның бір генералының екі мыңдай адамды ертіп келгенін жұрт біледі. Бұл соғыстың бір ерекшелігі – онда кімнің кімге жау екенін ажырата алмай, жұрттың бастары дал. Күні кеше өздерінің әскерін алып келіп Иракты Саддам Хусейндей қанішер басшысынан «құтқарған» АҚШ мынадай қиын-қыстау кездерде сырт қала алмайды – ақыл айтатын кеңесшілерін жібереді, қаражаттан да көмектеседі. Осы­лайша, сенің досың – менің досым, сенің жауың – менің жауым қағидатымен, АҚШ пен Иран баррикаданың бір жағынан табылып отыр. Тіпті, радикалды исламистермен күресте олар Башар Асадпен де одақтасқа айналмақ. Өкілдерінің мәлімдеуінше, «Ислам халифаты» Сирия мен Ирак аумағымен шектелмейтін түрі бар. Олар өздеріне қосылуға, қолдау көрсетуге бүкіл әлем жихадшыларына үндеу тастап отыр. Ондай адамдар көрші біраз елден табылуы мүмкін. Сарапшылар ондайлардың Йорданияда баршылығын айтады. Йордания басшылығы бұдан кәдімгідей шошып, басқа елден көмек сұрауы да мүмкін. Сонда кімнен? Израильден. Ал Израиль көмек бере ала ма? Шамасы ке­леді, әрине. Қарым-қатынасы дұрыс елге көмектен бас тарту қиын. Бас тартпағанда, осылайша сүннит-исламистерге қарсы күшке қосылар болса, ата жауы саналатын Иранмен одақтас болып шыға келеді! Күн өткен сайын бұл соғыстың діни сипаты күшейіп келеді. Бір діннің екі тармағы бірін бірі жойғысы келеді. Мұны қояйық, тіл табысайық деудің орнына екіншісін жою үшін басқалардан қару сұрайды, қаражат сұрайды. Содан да бұл соғыстың бітуі қиын. Олардың бірі екіншісін жойып бітіргенше, өздері де жойылып, үшінші біреулерге жем болады. Ислам – ынтымақ діні дейміз. Бұл діннен қазір ынтымақ кетіп тұр. Мұны ашық айтқан жөн. Алла алдында адал болу үшін де айтқан жөн. Бұл соғыстың сүнниттер мен шииттердің арасындағы соғыс екені де белгілі. Сүнниттерге – Сауд Арабиясының, шииттерге Иранның бүйрегі бұрады. Бұл екі ел өз бағытын өзгертпей тұрғанда, соғыстың бітуі неғайбыл. Осындайда оларды ынтымаққа шақыратын, бірлікке бастайтын беделді ұйым қайда, беделді ел қайда, беделді тұлға қайда дейді екенсің. Әзірге ислам әлемінде олар табылмай тұр. Сөз бен істің сәйкеспейтіні жаман КХДР Орталық телеграф агенттігі өз елінің Мемлекеттік қорғаныс комитетінің Оңтүстік Корея үкіметіне өзара әскери агрессияны тоқтату жөнінде ұсыныс жасағанын жариялады. Дубир 2 КНДРБұл әлемді елең еткізетін-ақ хабар ғой. Бірақ сол әлемнің елең еткеніне күмәнданасың. Өйткені, жұрттың Пхеньян жақтан естілетін сөзге күдігі көп. Бұлар бүкіл әлемді шулатқалы қашан! Жұртты ядролық қарумен қорқытады. Оқтын-оқтын сол қаруын көрсетіп, шошындырады. Енді бітімгершілік бастама жасағанына қарап, оның сөзіне жұрттың сенуі де қиын. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген бар, сенімсіздеу болса да, ынтымаққа шақыру қарумен қорқытудан жақсырақ. КХДР өз ұсынысында нені айтады? Осы жұмадан бастап, уақытша Оңтүстік Кореяға қарсы насихатын тоқтатпақ, Сеулге сен де солай ет дейді. Сонымен бірге, Сары теңіздегі даулы шекаралық аймақтағы атысты, әскери әрекеттерді тоқтатуды ұсынады. Сырттай қарағанда, жөн сияқ­ты-ау. Бірақ екі ел арасындағы, әсіресе, шиеленістегі елдер ара­сындағы мәселе бұлай оңай шешілмейді. Мен былай етемін, сен де солай ет деген болмайды. Мұндай мәселе үлкен деңгейдегі келіссөзде талқыланып, шешіледі. Ал Пхеньянның бұл ұсыныстары жай жұртты алдаусыратып, арзан бедел жинауға бағытталғаны анық. Мұның жай сөз екенін осы аптаның басында КХДР басшысы Ким Чен Ынның жасаған мәлімдемесінен де айқын аңға­руға болғандай. Ол Корея ұлт­тық армиясының қорғанысты күш­терін нығайтуды барлық жолмен жүзеге асыру міндетін айтты, бұл елдегі қауіпсіздік пен ты­ныштықты қамтамасыз етеді және революцияның жеңістерін қор­ғайды екен. Сондай-ақ, оның айтуын­ша, «берік бейбітшілік бір жақтың аса мықты болып, оған ешкім қарсы шығуға бата алмайтын жағдайда ғана мүмкін болмақ». Бір жақ деп ол өз елін айтып отыр, әрине. Бұған да сенуден бұрын жұрт күлетін шығар. Өйткені, елдің қорғаныс қабілеті белгілі дәрежеде оның экономикасына да байланысты. Оңтүстік Кореяда ішкі жалпы өнім көлемі Солтүстікке қарағанда 30 еседей, ал сырт елдермен тауар айналымының көлемі 160-170 еседей жоғары. Ал Пхеньян өзін күшті санайды. Қайтіп күлмессің! Осыдан да біраз қорытынды жасауға болар. Бұл екі ел арасындағы қарым-қатынас туралы айтқанда, Оңтүстік Корея КХДР-мен қосылу бағытын ұстанады. Осы жолда нақты іс-әрекеттері де бар. Сол қосылудан олар өздеріне үлкен экономикалық ауыртпалық та келетінін біледі. Бірақ тарихтың тәлкегімен бөлініп, солтүстікте тауқыметті тіршілік жасап жатқан бауырлас халыққа ризығымен бөліспек. Мұндай жолға Пхеньян ешқашан да келіспейді. Онда солтүстіктегі бүкіл саяси жүйе, билік толықтай күйрейді. Ал енді КХДР-дің мынау ұсынысына қайта оралар болсақ, сарапшылар оны Қы­тай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпиннің Корея Республикасына ресми сапарына қатыстырады. Сапар кезінде Қытай басшысы өзінің кореялық әріптесі Пак Кын Хемен Пхеньянның ядролық бағдарламасын да сөз етері анық. Солтүстік Корея басшылығы осы кезде өздерінің «бітімгершілігін» көрсетіп қал­ғысы келгені де даусыз. Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».