Польшаның мақтанышы Ига Швентек WTA рейтингінде көш бастап тұр. Оны белоруссиялық Арина Соболенко, америкалық Джессика Пегула, тунистік Онс Жабер және франциялық Каролин Гарсия өкшелеп келеді. Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина сол бұрынғы сегізінші орнын сақтап қалды. Бұл – ел құрама командасы мүшелері арасындағы ең жақсы нәтиже. Елена Путинцева 45-сатыға жайғасты.
АТР рейтингінде негізгі бәсекелестік Сербияның саңлағы Новак Джокович пен Испанияның аса дарынды ойыншысы Карлос Алькарас арасында өрбіді. Әзірге Джокович дара тұр. Одан кейінгі сатыларға грекиялық Стефанос Циципас, норвегиялық Каспер Рууд және ресейлік Даниил Медведев жайғасты. Отандастарымыздың арасынан ең тәуір көрсеткіш Александр Бубликке тиесілі. Ол 53-орынды еншілеген.