Денсаулық • 10 Сәуір, 2023

Еңбек – ең жақсы ем

534 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өкінішке қарай, есірткі, ішкілікті шектен тыс пайдалану салдарынан күйзеліске түскен, ешкіммен араласпай, өмірден түңіліп өзіне қол жұмсауға дайын тұрған, яғни моральді тұрғыда құлдыраған азаматтар арасында қайда барарын, кімнен көмек сұрарын білмейтіндер баршылық. Жарнамалайтын да жер емес, дегенмен мұндай жағдайға ұшырағандарға психикалық денсаулық орталығының көмегі көп.

Еңбек – ең жақсы ем

Түркістан облысы Денсау­лық сақтау басқармасына қа­расты психикалық денсаулық орта­лығында жүйке ауруларын және наркологиялық ауруларды емдейтін 740 төсек-орын бар. Оның 525-інде жүйке ауруларына, 130-ында наркологиялық ауруға қатысты науқастар ем-дом алады. Сондай-ақ Сарыағашта – 60, Кентау қаласында 65 төсек-орындық жүйке ауруларын емдей­тін бөлімше бар, оларда жақын маңайдағы науқастар емделуде. Облыста 19 психиатриялық кабинет бар. Сонымен қатар Кентау және Түркістан қалалық емханаларында алғашқы психикалық денсаулық орталықтары жұмыс істейді.

Орталық көмегіне мұқтаждарға ең алдымен уақытша бейімдеу және детоксикация бөлімшесінде медициналық қызмет көрсетіледі. Одан соң психотерапия және психологиялық түсіндірме жұмыс­тары жүргізіледі.

«Науқастарға түрлі тренинг ұйымдастырылып, әрқайсысы­мен жеке жұмыс істейміз. Олар­ды қайтадан қоғамдық ортаға бе­йімдеуге барымызды саламыз. Қазіргі таңда мұндай науқастарды еңбек және спорттық іс-шаралар арқылы қоғамға бейімдеу жақсы нәтиже беріп жатыр. Себебі еңбек ету арқылы ол өзін қоғамға керек сезінеді. Еңсені езетін ауыр ойларды қол жұмысы тықсырып шығады. Еңбек ету арқылы бойдан тек тер емес, жағымсыз көңіл күй, ойлар да сыртқа бөлінеді. Нәтижесінде, науқастар жүйелі еңбек жұмыстарынан соң өздерін жеңіл сезінеді. Адамды адам еткен еңбек деген сөз бар емес пе? Бұл сөз осында өзінің өміршеңді­гін дәлелдеп келеді. «Жұмысы жоқ­тық, тамағы тоқтық, көйлегі көктік аздырар адам баласын» демекші, расында да науқастар күнұзақ төсегінде жата берсе ем қонуы, қоғамға бейімделуі қиын болады. Сондықтан да қазір еңбекпен, спортпен емдеу жұмыстарына ерекше ден қойып жатырмыз», дейді орталықтағы ақпарат талдау мониторинг ор­та­лығының бөлім меңгерушісі Бөрібай Сихымбеков.

Орталық басшысының меди­циналық қызмет сапасын бақы­лау бойынша орынбасары Қабі­лет Әбеновтің айтуынша, мұнда төсек-орын жетіспеушілігі жоқ. Оңалту бөлімшесі спорттық құ­рал­дармен жабдықталған. Нау­қас­тар жүгіру алаңында әбден терлеп, білте темірлерді көтеріп, ве­ло­сипед аппаратында бүкіл денесіне күш салып, бойында қан жүгірте алады. Мамандар бұл науқастарды сергітіп, өмірге бас­қаша көзқараспен қарауға септігін тигізетінін айтады.

«Спорт жаттығулары ағзаның иммунитетін көтереді, сол себепті спортпен шұғылданатын адамдар, вирустық инфекцияларға бейім болмайды. Физикалық белсенділік қан тамырларына жағымды әсер етеді. Жүрек – дененің ең маңыз­ды органы, оның дұрыс жұмыс істемеуі, ауыр салдарға әкелуі мүм­кін. Күнделікті жаттығулар – жүрек-тамыр жүйесі қызметінің жақсаруының кепілі. Сонымен қатар оңалту бөлімшесінде арнайы шеберханалар ашылған. Шеберханаларға науқастар станоктармен ағаштан ою ойып, түр­лі тұрмысқа қажетті бұйым­дар жасайды. Әсіресе науқастар астау жасауды жақсы меңгерген. Астаулар өте сапалы шығып, жұрт қызығушылығын білдіріп жатыр. Ал домбыраларды орталықтың науқастары жасады дегенге көп жұрт сене қоймайды. Кәнігі ше­­берлерден бір мысқал кем жа­салмаған дүниелерге қарап ба­сыңызды шайқайсыз. Расында да, науқастар арасында қолынан өнер тамған шеберлер бар. Олар мұнда уақытын тиімді жұмсап жат­қанын жасаған бұйымдарына қарап аңғаруға болады. Және де мұнда кішігірім кітапхана бар. Кітап оқу арқылы науқастар таным көкжиектерін кеңейте алады. Мерзімді басылымдарды оқып, күнделікті жаңалықтарды біліп отырады», дейді Қ.Әбенов.

Айта кетелік, өткен жылы 22 083 науқас диспансерлік бақылау­да болған. Оның 4 056-сының психо­активті заттарды қолдану­дан туындаған психикалық және мінез-құлық бұзылыстары бар. Сон­дай-ақ былтыр психикалық және мінез-құлық ауытқулары бар 88 науқас медициналық-әлеуметтік оңалтудан өткен. Оның 45-і – психиатриялық, 43-і – нар­кологиялық, 11-і – балалар бөлім­шесінің пациенттері. Сон­дай-ақ психикалық денсаулық орта­лығында 4 856 бала мен 147 жасөспірім диспансерлік бақы­лауда болып, олардың 122-сіне аутизм диагнозы қойылған.

 

Түркістан облысы