Үкімет • 11 Сәуір, 2023

Үкіметте алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары қаралды

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Үкіметте алдағы жылыту маусымына дайындық шаралары қаралды

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәліметінше, бүгінгі таңда республиканың электр станцияларына техникалық аудит аяқталды. Бұл жұмысқа халықаралық консультанттар тартылған. Нәтижесінде тозу, негізгі жабдықтардың жарамдылық мерзімі, отын шығыны, технологиялық бұзушылықтар және т.б. көрсеткіштер бойынша рейтинг қалыптастырылды.

«Қазіргі уақытта одан әрі іс-қимыл жоспарлары дайындалып жатыр. Сонымен қатар барлық 37 ЖЭО бойынша әкімдіктермен бірлесіп, алдағы жылу беру маусымына дайындық үшін жол карталары жасалып жатыр», деді министр.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Мұрат Қарабаевтың айтуынша, Республикадағы жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 14 мың шақырым.

«Ел бойынша желілердің 54%-ы орташа деңгейде тозған. 7,5 мың шақырым желіні ауыстыру қажет. Ең жоғары тозу деңгейі Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында. 2023 жылы бюджеттен тозу көрсеткіші 75%-дан асатын коммуникациялар бойынша 47 жобаны іске асыруға 69,4 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражатқа шамамен 107 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту жоспарланып отыр», деп баяндады министр. 

Жалпы 2029 жылға қарай жылу құбырларының тозуын 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр.