Қазақстан • 12 Сәуір, 2023

Ғарышпен байланыс – ғаламға пайдалы іс

570 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік елдің егемендігімен ғана өлшенбесе керек. Мемлекет әр салада үстемдік құрып, бәсекеге қабілетті болғанда ғана тәуелсіздіктің төрт құбыласы теңеледі. Шетелге телміруді шектеген сайын тәуелсіздіктің де тамыры тереңдейді. Біз бағыт алған «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы дәл осындай мақсатпен құрылған болатын.

Ғарышпен байланыс – ғаламға пайдалы іс

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Жер серігі – ел сенімі

Дербес ел үшін ғарыштағы тәуелсіздіктің қаншалықты маңызды екенін көпшілік қазір ұғынып отыр. Айналаның бәрі алмағайып күй кешкенде алыстағы ғарышпен алаңсыз байланыс орнатудың өзі үлкен жетіс­тік екен. Ал осы бір жетіс­тіктің іргетасы осыдан 20 жыл бұрын қаланғанын біреу білсе, біреу білмес.

2003 жылғы желтоқсанда Үкімет елдегі алғашқы ұлт­­тық байланыс және хабар тарату жерсеріктік жүйе­сін құ­ру жұмысына қызу кіріс­ті. Жа­уапты міндет «Респуб­ликалық ғарыштық байланыс ор­талығы» акционерлік қоғамына жүктелді. Шүкір, мемлекеттік тапсырма мүлтіксіз орындалған сыңайлы. Бұрын шетелге тәуелді едік, қазір ғарыш жүйесі арқылы қол жеткізген қызметтерді өзге мемлекеттерге экспорттайтын деңгейге жеттік. Бұған «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы да елеулі үлес қосып отыр. 

Бұл мекеме 2005 жылғы желтоқсанда құрылған. Республикалық ғарыштық байланыс орталығына қарайды. Орналасқан жері елордадан онша қашық емес. Әрі кетсе бір сағаттық қана жол. Ақкөл қаласының іргесіндегі орман алқабында орын тепкен. Ат шаптырым аумақты алып жатыр. Бұрынғы «Энергетик» пионер лагерінің орнына қоныстанған.

ыар

– Бұл ғарыштық аппараттарды жер­үсті басқару кешені және байланыс мониторинг жүйесі бар еліміздегі алғашқы орталық. Бүгінде мұнда 80 адам жұмыс істейді. Оның тең жартысы – инженерлік құрам. Қалғаны – қызмет көр­сетуші мамандар. Әлбетте, негізгі жұмыс инженерлерге жүктелген. Олар осы жерден ғарыштық аппараттарды басқарады, байланыс мониторингі жүйесімен жұмыс істейді, – дейді «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының директоры Қайрат Телғарин.

Ғарыштық аппараттар деп отырғаны­мыз – орбитада жүрген «KazSat-2» және «KazSat-3» қондырғылары. Жерүсті кешені ғарыштық аппараттарды басқару үшін жаңа технологиялық жабдықтармен жарақтандырылған. Барлық жүйесі толық автономды әрі тәуелсіз. Кешен «KazSat» сериялы ғарыштық аппараттардың техникалық және баллистикалық сипаттамаларын басқару, бақылау әрі сүйемелдеу міндеттерін үздіксіз орындауға арналған.

Қысқасы, сіз бен біз пайдаланып жүр­ген ұялы байланыс, интернет, те­левизия секілді игіліктердің бәрі Ақ­көлдегі орталықтың арқасында қол­жетімді болып отыр. Мұның сыртында басқа да қызмет түрлері бар. Айталық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі секіл­ді мемлекеттік мекемелер де, байланыс операторлары да ғарыштық орталық ар­қылы қыруар шаруаның қиюын келістіріп отыр.

Орталықта қызмет ететіндер қатаң ірік­­теуден өтеді. Инженерлік білі­мің­нен бөлек, спорттық бітіміңде де мін болмауға тиіс. Үздіктердің үздігіне ғана есігін айқара ашатын мекемеде еңбек ету осы салада жүрген мамандардың асқақ арманы десек артық айтпаймыз.

Орталық басшысының айтуынша, қазіргі қызметкерлердің дені – отандық университеттердің түлегі. Орталық құ­рыл­ғанға дейін Ресейде оқығандары да баршылық. Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлектері де біртіндеп қатарға қосылып жатыр. Бүгінде мұнда «Болашақпен» берісі Ресейде, әрісі Англияда білім алған бес маман еңбек етеді. Әу баста ұжымдағы инженерлердің негізгі бөлігін Байқоңырда борышын өтеген мамандар құрапты. Қазір олардың үлесі айтарлықтай азайған. Шамамен 20 пайызға тең. Ғарыш саласына қызығатын студенттердің біразы алдағы өмірін Ақ­көлдегі орталықпен байланыстырғысы келетіні де ақиқат. Мұнда тәжірибеден өтуге ниетті студенттердің көптігі соны аңғартады.

– Отандық операторлар бұрын шет­ел­дік жерсеріктердің қызметіне тәуелді еді. «KazSat» ғарыштық аппарат­тары орбитаға шыққалы олар толықтай отан­дық қызметті тұтына бастады. Ор­битада жүрген «KazSat-2» және «KazSat-3» қондырғылары біздің елдің аума­ғын тегіс қамтып отыр. Оның үстіне шет­ел­дік жерсеріктермен салыстырғанда отан­дық аппараттар арқылы ұсынылатын қыз­меттердің тарифі әлдеқайда төмен. Бұл да басты артықшылығымыздың бірі. Осылайша, елдің қауіпсіздігіне қомақты үлес қосып отырмыз. Ғарыш дегеніміз – жоғары технология. Ғарышқа жол салған елдің қай салада болсын бәсі биік. Жерсерігі бар мемлекеттің дамыған елдердің қатарына қосылуға мүмкіндігі зор, – дейді Қайрат Телғарин.

Орталықтағы мониторинг бөлімінің жетекші инженері Дидар Зарқұмовтың айтуынша, мұндағы мамандарға үлкен жауапкершілік жүктелген. Мәселен, аталған бөлімнің инженерлері «KazSat» сериялы ғарыштық аппараттарының пайдалы жүктемесін мониторингілеумен ай­налысады. Сондай-ақ байланыс опера­торларының параметрлерін бақылайды.

явпа

– Жұмыс үздіксіз жүреді. Ауысым бо­йынша еңбек етеміз. Бір ауысымға екі адамнан түседі. Бірі – жетекші инженер, екіншісі – инженер. Байланыс опе­раторларының параметрлері белгілі бір диапазоннан асып кетпеуі керек. Соны бақылау – біздің міндетіміз. Сол се­кілді орбитадағы қондырғылардың жағ­дайын жіті назарда ұстаймыз. Жұмыс физикалық тұрғыдан ауыр болмаса да, жауапкершілік жүгі зілбатпан. Қате­леспеуің керек. Нақтылық, дәлдік қажет етіледі. Қызметім өзіме ұнайды. Тиісті жағдайдың бәрі жасалған. Жалақымыз жеткілікті. Біліктілігімізді үнемі артты­рып отырамыз, – дейді Ақкөлдегі ор­талыққа он жылдай уақытын арнаған Дидар Зарқұмов.

 

Ғұмыры ұзарған «KazSat-2»

Еліміз осы күнге дейін «KazSat» серия­лы ғарыштық аппараттардың үшеуін орбитаға ұшырды. Алғашқысы «KazSat-1» деп аталды. Өкінішке қарай, оның сәтсіздікке ұшырағанын жақсы біле­міз. Есесіне 2011 жылы ұшырылған «KazSat-2» қондырғысы қолданылу мерзімі аяқталуға таяса да, тұрақты жұмысынан жаңылған жоқ. 2014 жылы «KazSat-3» ғарыш көгіне көтерілді. Бірегей жоба саналғандықтан, мамандар дәл осы «KazSat-3»-ке ерекше сенім артып отыр.

– Ғарыш аппараттары жерден шамамен 40 мың шақырым қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан олармен онлайн режімде кедергісіз байланыс орнатылған. Қондырғылардан жеткен ақпарат дәл сол сәтте-ақ біздің кешенге жолданады. Сигналды жеткізу үшін 1,5-2 секунд жеткілікті. Қондырғылар орбитаны 3 километр/секнуд жылдамдықпен айналады. Осыған қарап-ақ олардың қандай жылдамдықпен жұмыс істейтінін болжай беріңіз. Экранға үңілсеңіз, аппараттар бір орында тапжылмай тұрған секілді. Ал шын мәнінде олар үздіксіз қозғалыста. Түсінікті болуы үшін мысал келтірейін. Тікелей эфирде өтетін спорттық жарыстарды алайық. Байқаған болсаңыз, жарыс өтетін орындарда төбесінде арнайы қондырғысы бар көліктер тұрады. Олар сигналды ғарыштағы қондырғыға жөнелтеді, ол сол сәтінде-ақ біздің кешен­ге түседі. Осылайша, тікелей эфир­лер еш қиындықсыз ел назарына ұсыны­лады. Айтпағым, осының бәрі бірнеше секундтың ішінде атқарылатын шаруалар, – дейді орталықтағы ұшуды басқару бөлімінің басшысы Бекболат Азаев.

явр

Оның айтуынша, «KazSat-2» мен «KazSat-3»-тің айырмашылығы жер мен көктей. Алғашқысы ескі технологиямен жасалған. Ал «KazSat-3» – соңғы буын­ның өкілі. Ол орбитадағы жағдайға әлде­қайда икемді. Сол себепті ғарыш көгін кезіп жүріп те өзін-өзі тексере алады. Жүйе­ден қандай да бір ақау шықса, жердегі мамандарға бірден белгі береді.

– Қондырғылардың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету үшін олардың жағдайын бақылап отырамыз. Күнделікті мініп жүрген көлігімізді де техникалық тексеруден өткізіп тұрамыз ғой. Бұл да сол секілді. Байқаған болсаңыздар, ға­рыш­тық аппараттардың қос қанаты бар. Бұлар – күн панельдері. Ол күннен энергия алады. «KazSat-2»-нің қос панелі 4,5 киловат, ал «KazSat-3»-тің панельдері 11 киловат энергия өндіреді. Соның нә­тижесінде борт қалыпты жұмыс істей­ді. Қондырғылар жылына екі мәрте жердің көлеңкесінде қалып қояды. Яғни жер күннің көзін көлегейлеп тастайды. Мұндайда электр қуатын өндіру тоқтайды. Ал аппараттар қалайда жұмыс істеуі керек. Міне, осы кезде әрбір қондырғының бүйіріндегі аккумуляторлар іске қосылады да, қалыпты жұмысты қамтамасыз етеді, – дейді Б.Азаев.

Орбитаны шыр айналып жүрген қос аппараттан жердегі кешенге 8 мыңдай параметр келіп түседі екен. Орталық мамандары осының бәрін бағамдап һәм бағалап отыруы қажет. Яғни көктен түскен параметрлерге анализ жасай отырып, ғарыш аппаратының жағдайын анықтайды. Егер қандай да бір кінәрат байқалса, дереу реттеуге кіріседі. Мұндағы инженерлердің бәрі – өз ісінің шебері. Сондықтан мұндай қысылтаяң шақта не істеу керегін жақсы біледі.

– Қондырғылардың толық­тай біздің территорияны қамтуы маңыз­ды. Егер сәл ғана дәлсіздік орын алса, сәуле біздің аумақтан кетіп қалады. Тиі­сін­ше, телевизия да, телефон байланысы да, интернет те үзіледі. Ол аздай орбитада «KazSat» аппараттарынан бөлек, өзге мемлекеттердің де қондырғылары ұшып жүр. Олар бір-бірімен қақтығысып қалмауы керек. Алда-жалда қақтығысса, мемлекеттер арасында жанжал оты тұтануы әбден мүмкін. Әрине, әзірше біздің қондырғыларға қатысты мұндай келеңсіз жағдай орын алған жоқ және оның мүлдем болмағанын тілейміз. Айтпағым, мамандарымыз үлкен дәлдік­пен жұмыс істейді, – дейді ұшуды бас­қару бөлімінің басшысы.

Жоғарыда «KazSat-2» қондырғысының 2011 жылы ұшырылғанын айттық. Оның жұмысы 12 жылға шақталған. Де­мек келесі жылы осының бәрін мұқият ескеріп, пайдалану мер­зімі аяқталады. Десе де, орталық мамандарының кәсіби шеберлігінің арқа­сын­да аппараттың ғұмыры тағы бірнеше жылға ұзартылды. Ал «KazSat-3» құжат бо­йынша 15 жыл мінсіз қызмет көрсетуі керек. Мамандар оның да қол­данылу мерзімі әлдеқайда ұзақ боларына сенімді. Өйткені «KazSat-3»-­тің­ тех­никалық мүмкіндіктері әлдеқайда жоғары.

– «KazSat-2»-ні өз ішімізде қалжың­дап қолмен басқарылатын аппарат дейміз. Өйткені онда «KazSat-3»-тегі­дей мүмкіндіктер қарастырылмаған. Қон­дырғылардың ғұмырын ұзарту үшін түрлі қадамдар жасалып жатыр. Арнайы стра­тегия, әдістеме әзірленген. Мәселен, қондырғыдағы жанармайды үнемдеуге мүмкіндік бар. Сол секілді басқа да резерв­терді үнемдеу есебінен оның ғұмы­ры ұзарады. Бұл ретте «KazSat-2» аппаратына қатысты қолданған әдістемеміз өз жемісін берді. Оны 2026 жылға дейін пайдалануға жол ашылды, – деп нақ­тылады Бекболат Азаев.

Айтпақшы, «KazSat-2»-нің салмағы – 1,2 тоннаға, ал «KazSat-3»-тікі 1,7 тоннаға тең. Бір қызығы, үлкен қондырғыны кішкентай ғана құрылғы қозғалтып тұр. Мәселен, «KazSat-2»-ні итеретін қоз­ғалтқыштың тетігі 4 грамды ғана құ­райды. «KazSat-3»-тікі 8 граммға тең. Б.Азаевтің айтуынша, бұл жерде кіш­кентай болса да қозғалтқыштың көме­гі орасан зор. Өйткені орбитадағы жағ­дайдың қолайсыздығына байланысты қон­дырғылар тиісті орнынан қозғалып кетуі ықтимал. Міне, осындай кезде әлгі бірнеше грамдық тетіктер ғарыш кемесін тырп еткізбей ұстап тұрады.

– Ғарыш – агрессивті орта. Онда ра­диация көп. Температура да жиі өзге­ріп тұрады. Мәселен, күннің көзі шығып тұрғанда температура +50 немесе +60 градусты құрауы мүмкін. Ал кө­леңке түскенде көрсеткіш -120 гра­дус­қа төмендеп кетеді. Сондықтан қон­дыр­ғылар осындай жағдайларға мейлінше төзімді болуы керек. Аппаратты әзірлеу кезінде де мұндай факторлардың бәрі ескеріледі. Әйтпесе, 40 мың шақырым қашықтықтағы қондырғыдан кінәрат шықса, оны жөндеуге ұшып баратын мүмкіндік жоқ қой. Сол себепті аппаратты әзірлегенде барлық элементтің жет­кілікті қоры жасақталады. Кейде қон­дырғыларға радиация жинақталып қалады. Бұл жағдай оны істен шығаруы мүмкін. Сондықтан келеңсіздіктің алдын алу үшін кейде қондырғыларды өшіріп отырамыз. Сонда жинақталған радиация да өздігінен жойылады. Аппараттың ғұмырын ұзарту дегеніміз осы, – дейді Б.Азаев.

Ғарыш қателікті кешірмейді. Барлық жағдайға дайын болу керек. Ақкөлдегі орталық секілді Алматы облысының аумағынан «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығының жасақталуы да сондықтан. Мамандардың айтуынша, оның да мүмкіндігі зор.

 

Майталман мамандар мекені

вап

«Ақкөл» ғарыштық байланыс орта­лы­ғында жемісті еңбек етіп жүрген ма­мандардың қатарында Максим Куцев те бар. 2005 жылдан бастап өмі­рін осы орталықпен байланыстырып келеді. Былтыр «Bilim orkenieti» ұлт­тық инновациялық ғылыми-зерттеу орта­лы­ғы еліміздің үздік мамандарын анық­таған болатын. Максим ғарыш байланысы саласы бойынша үздік деп танылды.

– Ақмола өңірінің тумасымын. Осы өлкеде өстім, өндім, еңбек етіп жатырмын. 2005 жылы Республикалық ғарыштық байланыс орталығы отандық алғашқы ғарыш аппаратын құрастырып, іске қосу үшін білікті мамандарға іздеу салды. Бағымды сынап көрдім. Қате­леспесем, конкурсқа 15 мыңдай инженер қатысты. Соңында 34 маманды іріктеп алды. Бұл қатарға мен де іліктім. Сөйтіп, әріптестеріммен бірге еліміздің ғарыштық байланыс жүйесін дамытуға кірістік, – дейді «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығы аппараттық-бағдарламалық және метрологиялық қамтамасыз ету орталығының басшысы Максим Куцев.

авп

Ол «KazSat» ғарыш аппараттарын басқару және бақылау жүйелерін монтаждау жұмыстарына қатысқан.

– Жұмыс қызықты әрі күрделі еді. Өйткені ол уақытта елімізде мұндай деңгейдегі қондырғы құрастырылған жоқ-тын. Монтаж жұмыстарының дәлді­гіне қойылатын талаптар да өте қа­таң еді. Тіпті кейбір жабдықтар мен бағ­дарламалық жасақтамалардың бір ғана данасы жасалды. Біз осының бәрінен өттік. Үйрене жүріп, шыңдалдық, тәжі­рибе жинадық. Әсіресе, сынақтан өткізу кезіндегі жұмыстар қиындығымен есте қалды. Себебі жабдықтарды орнатуға тікелей қатыстым. Ал «KazSat-2» және «KazSat-3» жобаларына бастан-аяқ атсалыстым. Техникалық тапсырма құрудан бастап, конструкторлық құжаттаманы талдау әрі бекіту, жерүсті жабдықтарын монтаждау, сынақтарды өткізу, аппаратты пайдалануға беру секілді шаруаларды тегіс атқардық, – дейді ол.

Максим Куцевтің айтуынша, ғарыш аппараттарын басқару жүйелеріне сапа­лық һәм сенімділік тұрғысынан қатаң та­лаптар қойылады. Өйткені ғарыш қон­дырғыларынан телеметрия үздіксіз келіп тұрады және олардың жұмысын үзуге болмайды. Сондықтан ғарыш аппаратына дейінгі қашықтықты (шамамен 40 мың шақырым) өлшеу кезіндегі қателік 10 метрден аспауы керек. Ал бұрыштық жағ­дайды өлшеу қателігі 1 доғалық минуттан аспауы шарт.

– Маған қарасты орталықтың құра­мын­да екі бөлім бар – аппараттық және бағ­­дар­ламалық қамтамасыз ету. Бөлім мамандары тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Жабдықты тиісті сапа деңгейін­де ұстап тұру үшін жоспарлы-профи­лак­тикалық жұмыстарды атқарады. Өлшеу құралдарын метрологиялық қам­тамасыз ету іс-шаралары бөлек жүр­гізіледі. «KazSat-3» жобасында біз пост­кеңестік кеңістікте алғаш рет ғарыш ап­параттарының пайдалы жүктемесінің параметрлерін мониторингілеу жүйесін метрологиялық аттестаттаудан өткіздік. 2007 жылдан бастап «KazSat» жерсеріктік тобының басқару және бақы­лау­ құралдарына қызмет көрсету әрі жөн­деу жұмыстарын орталық мамандары өз күші­мен жүзеге асырып келеді, – дейді Максим Куцев.

Жоғарыда Ақкөлдегі орталық білік­ті жас мамандарды да қатарға қосып жат­қанын айттық. Бұл ретте Дарья Комарова да университеттегі оқуын тәмамдаған соң ғарыштық байланыс мекемесіне жұмысқа қабылданыпты. Бүгінде анализ және жос­парлау бөлімінің инженері болып еңбек етіп жүр.

– Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдадым. 2019 жылы осы орталықта тәжірибеден өттім. Сол­ кезде мұндағы жұмыс қатты ұнап еді.­ Ақыры қызметке қабылдандым. Үздік­тер­дің ортасына қосылғаныма өте қуа­ныш­т­ымын. Жұмыс өте қызықты. Уни­вер­ситетте алған теориялық білімді тә­жі­рибе жүзінде бекітіп жатқан жайымыз бар, – дейді Дарья.

Ақкөлдегі орталықта алаңсыз жұ­мыс істеуге барлық жағдай жасалған. Мә­селен, орталықтан таяқ тастам жерде қызметкерлерге арналған көппәтерлі тұр­ғын үй кешені орналасқан. Мұнда отбасылық өмірге қажеттінің бәрі еске­рілген. Үйдің астыңғы қабатында тренажер залы, күрес залы орналасқан. Бұдан бөлек үйдің аумағында жылыжай, ба­ла­лардың ойын алаңы, стадион бар.

 

Ұлттық оператордың қадамы оң

«Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мәлік Жүйріктаевтың пікірінше, еліміз ғарыштық байланыс саласы бойынша тәуелсіздігін жыл өткен сайын нығайтып келеді.

– Елімізде бірнеше жерсеріктік топ бар. Біріншісі – «KazSat» ғарыштық байланыс және хабар тарату жүйесі, екіншісі – Жерді қашықтан зондтаудың жер­серіктік жүйесі, үшіншісі – отан­дық инженерлер құрған ғылыми-техно­логиялық мақсаттағы ғарыш жүйесі. Олар­дың әрқайсысы ақпараттық тәуел­сіздікті қамтамасыз етуге үлес қо­сып отыр. «KazSat» жерсеріктері геос­тацио­нарлық орбитада жұмыс істей­ді. Жер­мен синхронды түрде айнала отырып, тұ­рақты бекітілген жерсеріктік байланыс­ты қамтамасыз етеді. Геостационарлық жерсеріктер – мемлекеттік және корпора­тив­тік қажеттіліктердің жоғары талаптарын қанағаттандыратын ақпаратты берудің ең сенімді әдісі. Бүгінгі таңда отандық «KazSat» байланыс және хабар тарату ғарыштық жүйесінің құрамында екі геостационарлық байланыс жерсерігінің өзіндік орбиталық-жиілік ресурсы бар, – дейді Мәлік Жүйріктаев.

Республикалық ғарыштық байланыс орталығы Қазақстанның ұлттық байланыс және хабар тарату операторы мәрте­бесіне ие екенін атап өтейік. Әрі бұл мекеме елдің телехабар тарату, байланыс, интернет қызметтеріне деген қажеттілікті 100 пайыз қамтамасыз етеді.

– Алғашқы жылдардың өзінде «KazSat-2» және «KazSat-3» жерсерігінен импортты алмастыру көлемі жылына 30 млрд теңгеден асты. Сонымен қатар жер­серіктеріміз арқылы ұсынылатын қыз­меттердің тарифі халықаралық опера­тор­лардың көрсеткішінен едәуір төмен. Ал техникалық сипаттамалары мен қызмет сапасы бойынша қос жерсерік те әлемдік нарықтағы қондырғылардан кем түспейді. Елімізде байланыс жерсеріктерін топтас­тыруды нығайту әрі арттыру үшін тиіс­ті шаралар қабылданып жатыр. Бірін­шіден, «KazSat-2» жерсерігінің ресурсы ұзартылғанын айту керек. Оның қыз­мет ету мерзімі «Ақкөл» ғарыштық бай­ланыс орталығы инженерлерінің кәсі­би шеберлігінің арқасында 2026 жылдың соңына дейін ұзартылды. «KazSat-3» жерсерігіне келетін болсақ, оның пайдалану мерзімі 2029 жылы аяқталады. Қазіргі уақытта компанияның алдағы 10 жылға, яғни 2032 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына сәйкес, мамандарымыз еліміз үшін жаңа геостационарлық жерсерік құру бойынша жұмыстарға кірісті, – деп нақтылады «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акцио­нерлік қоғамының басқарма төрағасы.

Мемлекет басшысы ел халқының цифрлық теңсіздігін жою, түкпірдегі аудандарды, ауыл тұрғындарын байла­ныспен қамтамасыз ету міндетін жүктегенін білеміз. Осыған байланыст­ы республикалық орталыққа 500-ден астам ауылдық елді мекенді интернетпен қамтамасыз ету тапсырылды. Бұл бағытта да тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр.

– Биыл «Көктерек» ғарыштық байланыс орталығына 10 жыл толады. Аталған кешен жерсеріктердің жұмысын резервтеу есебінен үлкен соманы үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар тұтынушыларға қызмет көрсетудің қосымша техникалық мүмкіндіктерін дамытуға жол ашады. Бұл жерде біздің жерсеріктік телепорттың жұмысы және «Көктерек» орталығының базасында оның жаңа қызметтерін дамыту туралы айтып отырмын. Халықаралық ынтымақтастыққа да ынталымыз. Біз қызметтерді тек еліміз аумағында ғана емес, сонымен қатар өнімнің экспортын да қамтамасыз етеміз. Бұл тұрғыда іргелес жатқан Қырғызстанмен және Тәжікстанмен алғашқы нәтижелер баршылық. «Starlink», «One Web», «O3b Mpower» сияқты жаһандық жобалармен де ынтымақтастық жа­йын қарастырамыз. Бірақ негізгі міндет отандық жерсеріктік топтаманы дамыту болып қала бермек, – дейді М.Жүйріктаев.

Республикалық ғарыштық байланыс орталығы 2011 жылдан бастап «KazSat» сериялы ғарыш аппараттарының транс­пондерлік сыйымдылығын ұсыну бо­йынша шамамен 52 млрд теңге табыс тапқан. Бұған қоса компания жыл сайын бюджетке дивиденд төлеп келеді. Соңғы 5 жылда мемлекет бюджетіне шамамен 2,5 млрд теңге аударылған.

 

ТҮЙІН. Ақкөлдегі ғарыштық байланыс орталығына барған сапарымызда еліміздің бұл саладағы әлеуетінің жоғары екеніне көз жеткіздік. Ең бас­тысы өте жауапты әрі маңызды шаруа­ны отандық мамандардың ұршықша иіріп отырғанын көріп қуандық. Демек, ғарыш саласындағы бәсіміздің биіктей береріне қылаудай күмән жоқ.

 

Ақмола облысы,

Ақкөл қаласы