Спорт • 12 Сәуір, 2023

Көш басында – парсы мен қырғыз балуаны

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Грек-рим күресі шеберлері Астана­дағы Жақсылық Үш­кем­піров атындағы жекпе-жек сара­йында өтіп жатқан Азия чем­пионатын қорытындылады. Бай­рақты бәсеке барысында жер­­лестеріміз сегіз жүлде олжа­лағанымен, бұл көрсеткішке көңі­­ліміз толды деп айта алмаймыз. Өйткені алтын медальдің аздығынан жалпыкомандалық есепте үшінші орында қалып қойдық. Біздің жігіттерге қара­ғанда Иран мен Қырғызстан құра­малары әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті.

Көш басында – парсы мен қырғыз балуаны

«Egemen Qazaqstan»-ның өткен санында біз жарыстың алғашқы күнінің қорытындысы жайында егжей-тег­жейлі баяндағанбыз. Келесі күні тағы бес салмақ дәрежесінің жүлделері са­рапқа салынды. Бозкілемге шыққан балуан­дарымыздың арасынан 72 кг салмақтағы Ибрагим Магомадовтың ғана жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілуге күш-жігері жетті. Осыған дейін 32 жастағы сақа спортшы 2020 жылы Нью-Делиде ұйымдастырылған Азия чемпионатында күміс медаль иеленген еді. Басқа пәлендей табысы жоқ. Арада үш жыл өткен соң Ибра­гим сол күмісін алтынға алмастырды. Астанадағы додада үш кездесу өткізген ол барлығында жеңіске жетті. Финалда Иранның мықты спортшысы Саджад Әли Именталабфуманиден басым түсті. Сөйтіп, Магомадов өзінің спорттық ман­сабындағы ең ірі табысына қол жеткізді.

82 кг салмақ дәрежесінде күш сы­насқан Диас Қаленов өзбекстандық Мұ­хамедқадыр Расулов пен жапония­лық Юйа Маетаны жолынан ығыс­тыр­ды. Осы кездесулерде ол өте сауатты так­тика құра білді. Соның нәтижесінде жеңіс тойын тойлады. Бірақ ақтық сында қандасымыз Қырғызстанның өкілі Ақылбек Талантбековтен айласын асыра алмады. Негізі олар тең дәрежеде айқасқан еді. Алайда Диасқа қарағанда бір ұпай артық жиған Ақылбектің асығы алшысынан түсті.

67 кг салмақтағы Алмат Кебіс­баевқа Астанада айрықша сенім ар­тыл­ған еді. Қазақстан құрамасының капитаны әр бәсекеде барын салды. Тайпейлік Хон Ю Чен мен үндістандық Ашу Ашуды жолынан ығыстырып, жартылай финалда Аброр Атабаевпен жолықты. 35 жастағы ардагер балуанымыз 21 жастағы өзбектің жас жолбарысын жеңе алмады. Одан кейін тәжікстандық Фируз Мирзораджабовты ұтқан Кебісбаев қола медальді мойнына ілді. Әрине, бұл көрсеткішке қазақ балуанының да, басқалардың да көңілі толмағаны анық. Бірақ Алматқа өкпе айтқан ешкім болмады. Осылайша, ардагер спортшымыз аталған жарыстағы алтыншы жүлдесіне қол жеткізді. Бұған дейін Кебісбаев сары құрлықтың басты додасында екі алтын және үш күміс медаль еншілеген еді.

97 кг салмақ дәрежесінде күш сынасқан Олжас Сырлыбай да дәл сол межеден көрінді. Дүйсенбіде тек 60 кг салмақта сынға түскен Ернар Фидахметов қана жүлдесіз қалды. Нәти­жесінде, 1 алтын, 2 күміс және 5 қоланы иеленген Қазақстанның грек-рим күресі шеберлері жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді.

Астанада өткен Азия чемпионатында Иран құрамасы алдына жан салмады. Олар 5 алтын, 2 күміс және 1 қоланы олжалады. Бұл нәтиже еш­кім­ді таңдандырған жоқ. Себебі бү­гін­гі таңда Парсы елінің пехлевандары­мен сары құрлықтағы ешбір команда теңесе алмайды. Алақандай ғана жері, жеті миллионға жетер-жетпес халқы бар Қырғызстанның грек-рим күресі шеберлері бұл жолы да керемет өнер көрсетті. Бұған дейін де сол елдің Ақжол Махмұдов пен Жоламан Шар­шенбеков сынды серке ұлдары өздерінің теңдессіз өнерлерімен төрткүл дүние жанкүйерлерін тамсандырып жүрген еді. Енді олардың қатарына 82 кг салмақтағы Ақылбек Талантбеков қосыл­ды. Бір кереметі, олардың барлығы да – 23 жас­тағы өрімдей жастар. Сол үш құр­дас Астанада қарсы келгендерді қоға­дай жапырып, алтын медальді Алатау­дың арғы бетіне алып кетті. Одан бөлек, айыр қалпақты ағайындарымыз тағы 1 күміс пен 4 қоланы олжалады. Одан кейінгі сатыларға Өзбекстан (1 алтын+1 күміс+1 қола), Жапония (0+1+4), Үндістан (0+1+3), Қытай (0+1+2) және Оңтүстік Корея (0+1+0) құрамалары жайғасты.

 

Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері

55 кг: 1. Поя Сулат Дад Марз (Иран), 2. Рупин Рупин (Үндістан), 3. Ихтиер Ботиров (Өзбекстан) мен Аманғали Бекболатов (Қазақстан).

60 кг: 1. Жоламан Шаршенбеков (Кыргызстан), 2. Ханже Чунг (Оңтүстік Корея), 3. Майто Кауана (Жапония) мен Лигуо Чао (Қытай).

63 кг: 1. Иман Хосейн Хун Мохам­мади (Иран), 2. Шермұхаммад Ша­рибжанов (Өзбекстан), 3. Мұха­медали Мамырбек (Қазақстан) пен Нирадж Нирадж (Үндістан).

67 кг: 1. Аброр Атабаев (Өзбек­стан), 2. Кетаро Согабе (Жапония), 3. Алмат Кебісбаев (Қазақстан) пен Раззак Бейшекеев (Қырғызстан).

72 кг: 1. Ибрагим Магомадов (Қазақ­стан), 2. Саджад Әли Именталаб­фумани (Иран), 3. Викас Викас (Үн­діс­тан) пен Әділхан Нұрланбеков (Қыр­ғызстан).

77 кг: 1. Ақжол Махмұдов (Қыр­ғызстан), 2. Әмин Явар Кавиянинеджад (Иран), 3. Рю Лю (Қытай) мен Кодаи Сакураба (Жапония).

82 кг: 1. Ақылбек Талантбеков (Қыр­ғызстан), 2. Диас Қален (Қазақстан), 3. Юйа Маета (Жапония) мен Әлиреза Азизхун Мохмадипиани (Иран).

87 кг: 1. Насер Гасем Әлизаде (Иран), 2. Нұрсұлтан Тұрсынов (Қазақ­стан), 3. Кумар Сунил (Үндістан) мен Жалғасбек Бердімұратов (Өзбекстан).

97 кг: 1. Мехди Балихамзеде (Иран), 2. Узур Жузупбеков (Қыр­ғызстан), 3. Олжас Сырлыбай (Қазақ­стан) мен Юта Нара (Жапония).

130 кг: 1. Әмин Мирзазаде (Иран), 2. Линже Менг (Қытай), 3. Әлімхан Сыздықов (Қазақстан) пен Роман Ким (Қырғызстан).