Аймақтар • 12 Сәуір, 2023

Қостанай қазанатын жоғалтып алмайық

253 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Ғасырдан астам тарихы бар Қостанай жылқы зауыты жабылып қалуы мүмкін деген әңгіме желдей ескелі бірнеше жылдың жүзі болды. Мәселенің анық-қанығын білмекке зауыт басшысы Айгүл Амандықоваға хабарласып, «Қазақ тұлпарының» қазіргі жай-күйін көзімізбен көріп, өзіңізбен сөйлескіміз келеді деп едік, ол кісі «Қазір сұхбат бермеймін, біз туралы ештеңе жазбаңыз!» деп ат-тонын ала қашты. Осылайша, ұялы телефонына жіберген 16 сауалымыз да жауапсыз қалды.

Қостанай қазанатын жоғалтып алмайық

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Зауыттың дүрілдеген дәуірі

Бір анығы, дәл қазіргі таңда «Қазақ тұлпары» серіктестігі қарызға белшеден батып отыр. Ауыл шаруашылығы басқар­ма­сының мәліметінше, серіктестіктің бүгінгі берешегі 240 млн теңгеден асып кеткен.

1999 жылы экономикалық құл­дырауға  түсіп, жабылып қала жаздаған  ескі Қостанай жылқы зауыты  2000 жылдың 10 қаңтарында Үкімет қаулысымен  «Қазақ тұлпары»  мемлекеттік кәсіпорны  болып қайта ашылып, алдына үлкен селекциялық мақсаттар қойылды. Ең бастысы – Қостанай жылқы тұқымын аламан бәйгелер мен  ат спорты ойындарында бәсі басым ағылшын мен арабтың  дайын аттарымен бәсекеге түсе алатындай етіп селекциялық жаңғырту және осы бағытты ұстана отырып жаңа «Қазақ тұлпары» тұқымын шығару еді.

Осы мақсатта атқарылған се­лек­циялық жұмыстардың нәти­жесінде 2005-2016 жылдар ара­лығында «Қазақ тұлпарының» сәй­гүліктері шетелден әкелінген таза қанды жылқылармен бірге түскен бәйгелерде 359 жүлделі орынға ие болды. Қостанай жылқыла­ры осы жылдары өткен әртүрлі бәйгелерде 147 рет бірінші, 125 рет екінші, 87 мәрте үшінші орын алып, ұзын-саны 16 автокөлік ұтып алған.

2013, 2015 жылдары жаңа се­лек­циялық жетістік ретінде мо­йын­далған Неон және Форт айғыр­­ларынан тарайтын құлын­дар­ды көбейту мақсатында Әді­лет министрлігінен арнайы патент алынды. «Қазақ тұлпары» ДНК зертханасы Қазақстанда ең ал­ғашқы болып ИСАГ, яғни халық­аралық жануарлардың гене­тикалық орталығының ресми мү­шесі болып тіркелді.

«Қазақ тұлпары» елімізде бі­рінші болып асыл тұқымды айғыр­лардың шәуітін мұздатып сақ­тау және биелерді қолдан ұрық­тандыру зертханасын іске қосты. Қостанайдан басқа өңірлерде мұндай зертхана жоқ. Мұнда 2430 пайет айғыр шәуіті мұздатылып сақтауға қойылған. Сондай-ақ қолдан ұрықтандырылған 47 құ­лын өсіп шықты.

Қостанай қазанаттары әр жыл­дары ат спорты түрлерінен өт­кен республикалық жарыстар­да алдына қара салдырмай кел­ді. Бұған дәлел ретінде 2009 жы­лы 25 шақырымда озып келген Гипотезаны, осы жылы 15 ша­қы­рымда қара үзіп келген Жа­зи­раны, 2013 жылы 120 ша­қы­рымды алқынбай еңсеріп, же­ңіс тұ­ғырынан көрінген жорға Таралғыны, 2015 жылғы көкпарда «Алтын тұғыр» иегері болған Нұртобаны айтсақ та жеткілікті. Қостанай жүйріктері 5 мәрте рес­публика чемпионы атанды. Ал Баталы, Тобылғы, Сыйлас, Алаш, Тойбастар, Бота, Ғанибет, Демо­кратия, Сардар, Талисман, Тарлан сынды тұлпарларды жұрт әлі күнге дейін аңыз ғып айтып отырады.

Конкурдан 10 жыл бойы ел құрамасында болған Партизан мен шөгеннен (поло) республика құрама командасында ойнаған Қостанайдың 25 қазанаты туралы әңгіме бөлек.

Жылқы зауытын сол кезде басқарып тұрған ауыл ша­руа­шылығы ғылымдарының докторы, Мұғалжар жылқысының ав­торы Нәбидолла Кикебаевқа ха­бар­ласып, зауыттың қазіргі жағ­дайы туралы не дейсіз деп сұра­дық.

– Кезінде тәжірибелі ғалым­дарды айтпағанның өзінде, «Қазақ тұлпары» жылқы зауы­тының жас мамандардың ішінен 1 ғылым докторы, 6 ғылым кан­дидаты шық­ты. Мықты-мық­ты мамандар бар еді. Қа­зір олар­дың көбінің қайда жүр­генін білмеймін. Бүгінде гене­тик ретінде мықты ғалым шә­кіртім Индира Бейішова ғылым докторы. Қазір Оралдағы үлкен генетика­лық зертхана­ны басқарып отыр. «Қазақ тұл­парында» екі зертха­на жұмыс істеп тұрған. Генетика­­лық зертхана Қазақстанда ең бірін­ші халықаралық деңгейіндегі зертхана болатын. Екіншісі – айғыр­дың ұрығын сақтап тұрған биотехнология зертханасы. Ондай зертхана Қазақстана әлі жоқ. Ке­зінде ол жерде арнайы қор жаса­дық. 2500-ден астам пайет асыл тұқымды айғырдың ұрығын сақтап қойғанбыз. Сол қордың өзін жоқ қып жіберген сияқты ғой. Генетикалық лабораториясы істемей қалыпты қазір. Мен Қостанай ғылыми зерттеу институтына бас директор жұмысына ауыстырылғанда соның бәрі жұ­мыс істеп тұрған, – деді ғалым.

 

Жол картасы әзірленді

2014 жылы мемлекет тарапы­нан қаржыландыру тоқтап қалған соң, шаруасын құлдыратып ал­ған жылқы зауыты 2020 жылы екі жыл мерзімге «Қарабалық ауыл­шаруашылық тәжірибе стан­са­сының қарамағына өткен. Ақпан айында облыс әкімінің қаты­суымен өткен жиында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тимур Бейсенбаев екі кәсіпорынның арасындағы сенімгерлік басқару мерзімнің аяқталғанын, соған байланысты келісімшарт ұзартылмай қалғанын мәлімдеді. Басқарма басшысы сөзін «Ендігі міндет – Қостанай жылқысын қайткенде сақтап қа­луымыз керек. Ол үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінен кәсіпорынды сауықтыруға қаржы бөлуді сұрап, зауытта сауатты менеджмент қалыптастыруымыз қажет» деп түйіндеген. Жиында кәсіпорынды субсидиялау қажет, сонда ғана тығырықтан шығуға болады деген ұсыныстар да айтылды.

яапя

Өңір басшысы Құмар Ақса­қалов та «Қазақ тұлпарының» аса қиын жағдайда отырғанын тілге тиек ете келіп: «Бұған жол берсек, еліміздегі бірегей жылқы зауытын жоғалтып алуымыз әбден мүмкін. Сондықтан бұл мәселені бақылауға аламыз. Қостанай тұқымын одан әрі дамыту үшін, асылдандыру жұмыстарын облыстық бюджеттен дербес қаржыландыруға да­йынбыз» дегені бар.

Содан бері екі ай өтті, об­лыс­­­тық ауыл шаруашылығы бас­­қар­­масының мәліметінше, «Қа­зақ тұлпары» мен «Қараба­лық АШТС» арасындағы келісім­шарт 2025 жылдың 31 желтоқса­нына дейін ұзартылыпты.

Ақпан айында Тимур Бейсен­баев зауытта небәрі 48-ақ бас асыл тұқымды жылқы қалды деп еді, ауыл шаруашылығы басқар­масының соңғы мәліметіне сенсек, екі айдың ішінде оған 4 бас қосылып, кәсіпорындағы асыл тұқымның саны 52-ге жеткен. Оның ішінде 2 айғыр, 29 бие, 19 байтал, 13 құлын бар.

«Қазақ тұлпары» серіктестігі 4 мың 478 гектар алқапты пайдаланып отыр: 3 648 гектар егін ал­қабы, 830 гектар жайылымы бар. Былтыр 11 34 гектар жерге би­дай еккен серіктестік бір гектар­дан 22 центнер өнім алып, 2 мың 493 тонна бидай бастырып алған. Оған 111 гектар көпжылдық шабындықты қосыңыз. Зауыттың 3 автогаражы, техника қоятын 2 ала­ңы, 1 қамбасы, күрделі жөн­деу­ді қажет ететін 2 қоймасы бар. Се­рік­тестіктің 2 жеңіл, 1 жүк кө­лігі, 5 тракторы, жұмыс істемей тұр­ған 2 комбайны, 3 тіркемесі тағы бар.

Ауыл шаруашылығы басқар­масының мәліметінше, 2021 жылы облыс бюджетінен 60 млн 801 мың теңге қаржы бөлініп, «Қазақ тұлпарына» қарасты «Арғымақ» ипподромына жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Басқарманың мәліметінше, был­тыр Қостанай қазанаттарының қатысуымен өткен бәйгелердің жалпы сыйлық қоры 43,2 млн теңгені құраған. Биыл ат спортын дамыту және Қостанай асыл тұқымды жылқыларын дамыту мақсатында өтетін ат жарыстарына республика бюджетінен 100,8 млн теңге бөлініп отыр.

Алайда Нәбидолла Кикебаев ағамыздың пікірінше, қыруар қар­жы шығындап, бәйге өткізе бергеннен асыл тұқымды Қостанай жылқысы көбейіп кетпейді.

– Қазір енді жыл сайын 80 млн ақшаға ат шаптырамыз дейді. Қос­танай жылқысы шабатын бәй­гелерді жиі ұйымдастырсақ, содан тұқым көбейіп кетеді дейді. Оның бәрі утопия, дұрыс емес нәрсе.

Бәсекелестігі жоқ қостанай тұ­қымы жеке шапқан бәйгелердің республика көлеміндегі басқа ағылшын-араб тұқымы қатысқан жарыстарда деңгейі төмен болады, болашағы болмайды. Одан гөрі, сол ақшаға бие сатып алу керек. Облыс әкімі бәрін өз қолыма аламын, сақтап қаламын деп талап қылып жатыр деп естідім. Бұлай болса, ат спортына жіберіп жатқан қаржыны алу керек. Кезінде 150 бас асыл тұқымды актімен тапсырып кеткенбіз. 3-4 жылдың ішінде 50-ге жетпейтін жылқы қалған. Енді жоқтың орнын толтыру үшін не істемек керек? Кезінде болған жылқылардың қайда сатылып кеткені белгілі ғой. Біз­дің кезімізде де сатылған. Сатылып тұ­рады. Сатылған малдың қай жерге сатылғаны туралы мәлі­меттің бәрі есеп бөлімінде жазулы тұр. Қазір сол құжаттарды кө­теріп, жұрттың қолында жүр­ген Қостанай биелерін қайта әке­ліп, қайта көтеруге болады. Оның 2014-2015 жылдары туған төл қазір 8-9 жастағы әдемі бие болды. Олардың бәрінің құжаты бар. Қазір 40 бие әкеп қойса, соның өзі жетеді. Содан-ақ көбейіп кетеді өзі. Ол жерде ешқашан 100 бие­ден артық болмаған. Тайларын қосқанда 286 бас. Ол жердегі орын 286-ақ басқа арналған. Кезінде 400 жылқы болған дегені бос сөз. Біз ұстап жүрген кезде әрі кеткенде 100 шақты бие болған. Қазір енді зауыттың өзінен шыққан 40 биені қайтып сатып алса, зауыттың өз биелері бар, көбейіп кетеді. Одан басқа жол жоқ, дейді Мұғалжар жылқысының «атасы».

Ғалым таяуда 2024-2026 жылдарды қамтитын «Жылқы өсі­ру­ді дамыту» деген үлкен бір ғы­лы­ми республикалық бағ­дар­лама жасауға қатысыпты. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігі 3 жыл­ға деп 900 млн теңге шамасын­да қаржы қарастырады.

– 1 жылға 300 млн теңгеден келеді. Бірақ бұл Қазақстан бо­йынша – адай, көшім, қостанай, жа­бы деген сияқты асыл тұқым­ның бәріне бөлінген қаржы. Со­ның ішінде Қостанай зауытын қай­­та жаңғыртуға жылына 100 млн теңгедей бөлінетіндей етіп жо­ба­ладық. Бірақ бұл – 2024 жыл­дан бастап іске қосылатын жоба. Оны ұтып алу үшін қазірден ­бастап дайындалу керек. Бұған жан-жақтан кәдімгідей қолынан іс келетін мықты ғалымдарды тар­ту керек. Әйтпесе, ортанқол мамандар ақшаны ұтып алады да, шала-шарпы жұмыс істеген болады да, мерзімі аяқталған соң, тайып отырады. Сондықтан облыс басшылығы ендігі 2024-2026 жылғы бағдарламаға қатысуға да­йындығын жасау керек. Зауыт­ты тәжірибелі ғалымдармен кү­шейтіп, жаңағы екі зертхананың жұ­мысын қайта жандандыру керек. Ең үлкені – ниет болу керек, – дейді Нәбидолла Кикебаев.

Облыстық ауыл шаруашылы­ғы басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда Қостанай тұқымды жылқылардан және олардың будандарынан 215 сынама алынған. «Қазақ Тұлпары» серіктестігінде және жеке азаматтардың қолында бүгінде 203 Қостанай тұқымды жылқы бар екені анықталып, тір­кеуге қойылып, паспорттау рәсі­мінен өткен. Сондай-ақ Қостанай Ақмола, Ақтөбе және Қарағанды облыстарынан 10 асыл тұқымды бие сатып алынып, 2023 жылы Қостанай жылқы тұқымын сақтау және дамыту жөніндегі Жол картасы әзірленген.

2021 жылы шілдеде Премьер-ми­нистрдің бұрынғы орынбаса­ры Ералы Тоғжановтың төр­аға­лығымен өткен ұлттық брендтерді дамыту жөніндегі кеңесте де қа­зақы қазанат – Қостанай жыл­қысын қалпына келтіру және сақ­тау бойынша Жол картасы әзір­ленгені айтылған. Өкінішке қарай, осы Жол карталарының жұмыс істеуі қиын болып тұр.

 

Қостанай облысы