Экономика • 12 Сәуір, 2023

Меморандумға қол қойылды

223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтырдан бастап облыс орталығы мәртебесіне ие болған Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен сәулеттендірілуі бойынша қарқынды жұ­мыс­тар жүргізіліп жатыр. Бұл мақ­сатқа инвесторлар тар­ту мәселесі де маңызды рөлге ие.

Меморандумға қол қойылды

Соның бірі – «CPG International» ­ком­­паниясының өкілдерімен кездескен ­Ал­ма­­­ты облысының әкімі Марат Сұлтанға­зиев сәулет-құрылыс жобалау сондай-ақ, білім беру және денсау­лық сақтау саласын­дағы жобаларды іске асыру және ынтымақтастықты арттыру мақсатында меморандумға қол қойды.

Өңірге алғаш рет келіп отыр­ған син­гапурлық компания өкіл­­дерімен жүз­дескен Марат Елеу­сізұлы қаланың 53 жыл­дық тарихы барын айтып, ендігі кезек­те жаңа шаһардың құрылысына ден қоятындықтарын жеткізді.

– 1970 жылы салын­ған қаланың ­ин­фра­құрылымдық әлеуетін жақсарту қажет. Бүгінгі таңда облыс орталығы­ның даму жоспары жасақталды. Бізде ең бас­ты екі жоба бар. Олар: G4 City мен ­Қонаев қаласы, – деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, өңір басшы­сы келелі кездесудің өтуіне өт­кен айда аймақ атынан Синга­пурға сапар шеккен делегация жұмысының қорытындысы мұ­рын­дық болғанын ашып айтты.

Ал Қазақстанға тұңғыш рет ке­ліп тұрған сингапурлықтар облыс­та ат­қа­рылар талай іс бар екенін бағам­дап үлгерген­дік­терін, алдағы 25 жылда ойға алған жоспарларды орындауда өз тараптарынан қандай үлес қосуға мүмкіндік­тер барын тізбектеп шыққандығын тіл­ге тиек етті.

– «CPG International» – Азия­дағы ең ­ ірі инженерлік компа­ния­лардың бірі. ­АҚШ, Ұлыбритания, Қы­­тай, Үндістан ­және тағы бас­­­қа мем­лекеттерді қоса алған­да, әлемнің 20-дан астам елін­де фи­лиалда­ры бар. Компа­ния әуежайлар, көпір­лер, темір­жолдар, туннельдер, ­сауда орта­лықтары сияқты азаматтық және өнеркәсіптік нысандарды жобалауға және салуға маманданған. Мысалға алатын болсақ, халықаралық Вьетнамдағы «Дананг» әуежайы, «Тан Ток Сенг» ауруханасы және Сингапурдағы «Чанги» әуежайы біздің ықпалымызбен бой кө­терген, – деді компанияның бас ат­қа­рушы директоры Винсент Ло.

Алматы облысына ат ізін салған «CPG International» кадрларды даярлаумен және дамытумен айналысады және бү­кіл әлем бойынша бірнеше уни­вер­ситет пен ғылыми инсти­тут­тың серіктесі болып табылады.

Өз кезегінде Марат Елеу­сіз­ұлы об­лыс­­тың айшықты әлеуетіне тоқтала келе:

– Облыс аграрлы аймақ болып табы­лады. Алайда Алматы сынды алып қала мен жақын шетелдермен шекаралас орна­ласқандықтан логистика, тауар айналымын дамытуға қолайлы жер. Сондай-ақ қандай да бір құрылыс жүр­гізу үшін де жер жеткілікті. Мәселен, бір ғана G4 City құрылысына 111 мың га жер бөлінген еді. Сол себепті біздің аймақта түрлі ұтымды жобаларды жү­зеге асыруға мүмкіндік көп, – деді.

Қос тарап өзара пікір алмасқан соң, алдағы озық жобаларды іске асырмаққа ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 

Делегация өкілдерін қабылдады

Осы күні Алматы облысының орта­лығы Қонаев қаласына Нидерланд Корольдігінің делегациясы жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды өңірлік баспасөз қызметі.

Облыстың ауыл шаруа­шы­лығы са­ла­сындағы әлеуетімен танысып, таяу бо­лашақта екі жақты ынтымақтастықта жұмыс істеуді көздеп келген Нидерланды Корольдігінің өкілдері алдымен облыс орталығының бас жоспарымен танысты.

– Алматы облысының жер көлемі 105 мың шаршы метр, ал тұрғын саны 1,5 млн адамды құрайды. Біздің өлке аграрлы аймақ, мұнда 30 мың ауыл ша­руашылығы қожалығы бар, – деді облыс әкімі М.Сұл­тан­ғазиев.

Облыс әкімінің сөзіне сүйен­сек, ауыл шаруашылығы жерінің көлемі 4,1 млн гектарды алып жатыр, оның ішінде 466 мың гектары егістікке арналса, 3,5 млн га жайылым жер.

Осы күні облыста 74 жылыжай кешені істеп тұр. Оның 22-сі өндіріске бағыт­талған. Сондай-ақ аймақ картоп өсіру бойынша республикада екінші орын­ды алады. Ал ел бойынша құс еті өн­­ді­рісінің 30 пайызы – облыс ен­шісінде.

Сондай-ақ аймақ басшысы 55 та­­уарлы-сүт фермасы жұмыс істеп тұр­ға­­нын, жылына 625 мың тонна сүт өнді­рілетінін жә­не құрғақ түйе сүті экс­порт­қа шыға­рылатынын да тілге тиек етті.

 – Бізде өткен жылы 47 тонна құрғақ түйе сүті ҚХР-ға экспортталды. Алдағы уақытта бұл көр­сеткішті 95 тоннаға де­йін жет­кізу көзделген, – деді Марат Елеусізұлы.

Өз кезегінде Уестланд муни­ципа­ли­тетінің мэрі Бауке Арендс облыстың даму жоспары ерекше ұнағанын жасырмады.

– Сіздердің аймаққа алғаш рет келіп тұрмыз. Елдің қонақ­жайлылығы бізді тәнті етті. Жаңа ғана таныстырған өңір­дің даму жоспары да таңдай қақтырды. Өйткені қала салу мың жылда бір рет болатын жайт, – деген Бауке Арендс өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісуге және ауыл шаруашылығы саласында бірлесе жұмыс жасауға әзір екендерін атап айтты. Кездесуден кейін қонақтар облыс аумағында орналасқан жылыжай ке­ше­ніне және «Fruit Art» зауыты мен «Байсерке-Агро» АӨК-не барып, тыныс-тір­шілігімен танысты.

 

Алматы облысы