Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде “Болашақ” орта мектебінің директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Мәрзия ТҰРЛЫХАНОВАМЕН “Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстап...” атты тағылымы мол кездесу кеші өтті. Жұртшылық Мәрзия апайды қазақтың даңқын асқақтатқан біртуар ұлдарының бірі Дәулеттің анасы ретінде жақсы білсе, бұл жолы болашақ мұғалімдер ұлағатты ұстаздың жинақтаған тәжірибесі, оқыту әдістемесі жайлы ақыл-кеңесін тыңдады.
– Алдымен осы бір қасиетті шаңыраққа шақырып отырған Шәмша Көпбайқызына, сіздерге айналайын, қыздарым шын жүрегімнен аналық алғысымды білдіремін. Жасы ұлғая келе адам өткен өмірінің өткелдеріне көбірек үңілсе керек. Соған қарағанда, өмірдің қызығы да, қиындығы да, өте қатты сынағы да болады екен. Қазір, шүкір, егеменді ел болдық. Бұл бір Алланың ісі деп тәубешілік жасап, төзімділік, шыдамдылық көрсетуіміз қажет. Еш уақытта босаңсуға болмайды. Жақында осындай толғаныстардан туған “Шаңырақ шапағаты” атты кітабым жарық көрді. Онда сол ойларымның бәрін қамтуға тырыстым, – деді Мәрзия апай қыздарға арнаған сөзінің басында.
Алланың берген он баласын дүниеге әкеліп, ер жеткізіп, оларға өнегелі тәрбие, бәріне жоғары білім беруі өз алдына, қашанда қолынан келсе жақсылық жасауға, өзі айтқандай, ұстаз – жүректің батырлығын да, сезімнің ақындығын да, мінездің жайлылығын да, білімнің байлығын да бір арнаға тоғыстырушы тұлға болып саналатындығын айта келе ол шәкірт жүрегіне жол таба отырып, адамдық пен адамгершілік дәнін егуші “бағбандығынан” да “дәріс” бере кетті.
Мәрзия апай бір жасқа толғанда соғыс басталып, әкесі Айтбайдың інісі мен жалғыз баласы Ақан соғысқа аттанады. “Алла тағала екі тілекті бермес, елден артық емеспін, балам болса, әлі үйленген жоқ. Мен інімнің тілеуін тілеймін, екі баласы мен келінді қолына табыс етсем, арманым жоқ” деген тілегі қабыл болып, інісі аман-есен оралады да, ұлынан қара қағаз алады. “Міне, көрдіңіздер ме, қазақтың бауырмалдық, туыстық қасиетін. Ол да атадан балаға қалған мұра. Ендеше, сендер де туыс, жақындарыңның көңілін қалдырмай, осы қасиетімізге адал болыңыздар”, – деді ұстаз-ана.
Әкесі Айтбай жайында айтқан сағынышты әңгіме де әсерлі шықты. Семейдегі бастауыш мектеп мұғалімдерін дайындайтын педучилищені бітіріп, “Қызыл жұлдыз” ауылында жергілікті халықты жинап, мектеп салып, мұғалім болған ол жалғыз ұлы соғыстан қайтпай, қайғы жұтып жүргенде “Айтбайдың ұлы жоқ, шаңырағының түтіні өшті”, деген сөз есті қыздың есінде қалады. Егемендік алып, етек-жеңіміз жиналған соң ауылдағы көзкөргендер, оқытқан оқушылары 1951 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған Айтбай Тоқбаевтың есімін сол ауылға беруге шешім шығартады. Осылайша, ауылдың кіре берісіне “Айтбайдың шаңырағы ортасына түскен жоқ. Оты да, аты да өшкен жоқ” екендігін айғақтап, “Айтбай ауылы” деген жазудың үстіне шаңырақтың белгісін қояды.
Қазақтың арғы-бергі тарихында ақыл-парасатымен, өжеттігімен келіп түскен әулеттің, елдің атағын шығарған келіндер аз болмаған. Мәрзия апай солардың бүгінгі сарқытындай. Өз тұсында М.Әуезов, С.Сейфуллин, І.Жансүгіровтермен қатар жүріп, халықтың сауатын ашып, ұстаз болған, жалынды жыр жазған, Александр Затаевичке он үш әнді нотаға түсіріп берген репрессия құрбаны атасы Тұрлықан Қасенұлының ақталуына, еңбектерін жинақтап, ол кісі жайында кітап жазуға атсалысып, келіндік міндетін атқарады.
– Ұстаз екенсің, онда барлық болмысыңмен, жан дүниеңмен берген біліміңнің нәтижесін көруің керек. Орташа оқушыны – екпіндіге, екпіндіні – жақсыға, жақсыны – өте жақсы оқуға жеткізу. Оқушыны өзіңе қарату ұстаздық шеберлігіңе байланысты. Ал шеберлікті өмір бойы шыңдайсың. Шеберлік демекші, менің математика пәнін оқытуда балалармен жекелей жұмыс жасауда өз әдіс-тәсілім болды. Бұрындары бір сыныпта 40-қа жуық оқушы оқыса, 45 минөт ішінде бәрінен сабақ сұрап үлгермейсіз. Математика өте қиын пән. Міне, осы 45 минөтті ұтымды пайдалану үшін оқушыларды өте жақсы, екпінді, орташа топқа бөліп, олардың әрқайсысына есеп шығарып, дайындап әкелемін. Сабақ басталысымен жақсы оқитындарға есеп беріп қоямын да, нашарларын тақтаға шығарамын. Сөйтіп, бір сабақта 10-15 бағаға дейін қоямын. Міне, өмір бойы қолданған осы әдістемемнен жасым келсе де, еңбегімнің қорытындысы болсын деп кандидаттық диссертация қорғадым”, – дейді ұстаз.
Кездесу барысында өмірден көргені де, түйгені де көп ұстаз-ана мен студент қыздар арасында әдемі әңгіме өрбіді. Әсіресе, келін мен қайын ене арасындағы сыйластық жайлы айтылған әңгімелер қыздардың есінде сақталары хақ.
Педагогика және психология, музыкалық білім және мәдениет факультеттерінің ұйымдастыруымен өткен
кештің тағы бір ерекшелігі, әңгіме арасы әнмен, бимен өріліп отырды. Еліміздің абыройын аспандатқан Дәулетке арналған сазгер Лена Әбдіхалықованың “Ер Дәулет” әнін Гүлнұр Өмірбаева орындады.
– Қыздарға айтар ақылы, өсиеті бар деген оймен Мәрзия апайларыңызды кездесуге шақырғанбыз. Сол мақсатымызға жеттік. Кешіміз өте тамаша өтті. Тағылымы мол ғұмырдың ертеңгі ұстаз-аналарға берері мол деп ойлаймын. Ендеше, қыздарымызға бақытты болудың алгаритмін үйреткеніңіз үшін сізге көп рахмет, – деп кешті қорыта келе Шәмша Көпбайқызы оқу орны ғылыми кеңесінің шешімімен Мәрзия Айтбайқызына университеттің Құрметті профессоры атағының куәлігін сыйлап, мантия кигізді.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.