Аймақтар • 12 Сәуір, 2023

Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады

391 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

11 сәуірде наразылық білдірушілер Жаңаөзен қаласының әкімдігі алдына жиналды.  Осыған байланысты, Жаңаөзен қаласының әкімі Айбек Қосуақов жиналғандарға бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Жаңаөзен әкімі алаңға жиналған тұрғындарға үндеу жасады

«Құрметті Жаңаөзен қаласының тұрғындары, қадірлі жерлестер!

Бүгін барлығыңыз әлеуметтік желіден жерлестеріміздің Астана қаласында наразылық акциясын ұйымдастырып, полиция бөліміне жеткізілгені туралы ақпаратты көріп отырсыздар.

Құқық қорғау органдары өкілдерінің айтуынша, жерлестеріміздің жағдайы жақсы. Оларға қолданыстағы заңнама шеңберінде әкімшілік шаралар қабылданатын болады.

Әкімдік тұрақты негізде қала аумағында жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауда», деді қала әкімі.

Оның айтуынша, Астанада наразылық білдірген азаматтармен алдын ала келіссөздер жүргізілді.

«Бұрын тендерден жеңілген компанияда жұмыс істегендерге еңбек жағдайлары мен жалақыларын сақтай отырып, тендерді жеңіп алған компанияға ауысу ұсынылды. Бірақ ұсыныс қабылданбады.

Қасиетті Рамазан айында мен баршаңызды сабырлыққа шақырамын! Мәселенің мәнін білмей, эмоцияларға берілмеулеріңізді және арандатушылардың сөзіне еріп, қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауларыңызды сұраймын!», деп қосты Айбек Қосуақов.