«Машина жасау, мұнай-химия саласындағы, яғни төртінші деңгейдегі өндірістің үлесі – 34 пайыз. Қалған 1 пайызы микроэлектроника, роботтандыру және IT салаларында немесе бесінші деңгейдегі технологиямен жұмыс істейді. Нано және биотехнологияға негізделген алтыншы деңгейдегі өндіріс бізде мүлде жоқ. Бұл жағдай көш соңында жүргенімізді көрсетеді. Ғылымның анағұрлым озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Мен нақты цифрларды мысалға келтірдім. Оны мойындауымыз керек», деді Президент.
Дамыған елдерде кәсіпорындардың тең жартысынан көбі – бесінші, ал 5 пайызы – алтыншы деңгейге жеткен. Бір сөзбен айтқанда, біздің өндірістеріміз олармен салыстырғанда артта қалған.
«Бұл айырмашылықты жою – еліміз үшін өте өзекті мәселе. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі», деді Мемлекет басшысы.