Біз бас сұққан Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің жеке қорлар және құжаттық топтамалар бөліміндегі 419 қор тізімінде әскери тарихшы Асқанбек Сапарұлы Алданазаровтың архивке тапсырған материалдары сақтаулы тұр. Ол – алтын сәулелі күншығыс орденімен марапатталған Орталық Азиядағы тұңғыш адам.
Жер-жаһанға уытын жайған сұрапыл соғыс Асқанбек Алданазаровты да айналып өткен жоқ. 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталарда Асқанбек Сапарұлының 6 жылдық білімі бар еді. Ол соғыс жолдарын Сталинградтан Потсдамға дейінгі аралықта өткізіп, денесінің 11 жерінен жарақат алды. Соғыс аяқталған соң ол Ленинград университетінің тарих факультетінде жоғары білім алады. Одан соң Жоғары офицерлік мектебін әскери мамандығы бойынша бітіріп, зымырандар бөлімінде әскери қызметте болып, зымырандар бригадасының командирі қызметін атқарады.
1968 жылы денсаулығына байланысты запасқа шығып, медицина институтында оқытушылық қызметімен қатар Қазақ мемлекеттік университеті тарих факультеті сырттай бөлімінің деканы қызметін атқарады. А.Алданазаров қызметінің елеулі бөлігін жапон тұтқындарының қабірін зерттеуге арнады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңес одағының тұтқынында болған 600 мың жапонның 58 мың 900-і Қазақстан аумағына жіберіліпті. Күншығыс елі тұтқындарының қай жерде, қай мекенде, қалай жерленгенін зерттеген бірден-бір ғалым, тарихшы біздің кейіпкеріміз –Асқанбек Алданазаров.
1994 жылы сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға сапарлай барғанда Асқанбек Сапарұлының кітабын сол кездегі премьер-министр Косокаваға сыйға тартады. Дәм-тұзы қазақ даласында таусылып, осында жерленген жапон әскери тұтқындарының зираты олардың туыс-туғандары мен бауырластары үшін құнды дерек көзіне айналады. Күн-түн демей зерттеудің арқасында Қазақстанның 11 облысынан жапон тұтқындарының 58 900 қабірі табылды. Тұтқындардың ең көп жерленген өңірі – Қарағанды облысының Спасск қаласы екен. Ол жерде 245 жапон тұтқынының сүйегі жатыр. Қабірдегі адамдар үш қабат бойынша жерленіпті. Ең астында ату жазасына кесілген бай-кулактар, оның үстінде халық жаулары, жоғары қабатта әскери тұтқындар. Зерттеу барысында аты-жөндерін қалпына келтіріп, анықтау үшін Асқанбек Сапарұлы Мәскеудің Президенттік мұрағатында арнаулы зерттеу жүргізеді.
Осындай ыждағаттылықтың арқасында Асқанбек Сапарұлы берген уағдасын орындап, өз міндетін адал атқарады. Оның «Естелік кітабы» жапондықтардың қолына тиісімен ондағы жұрт бірі атасының, енді бірі әкесінің, ағасының мүрдесін қазақ даласынан іздеп, сұрау сала бастайды. Осылардың бәріне жөн сілтеп, жол көрсеткен де Асқанбек Алданазаровтың өзі болды. Ол сол кездегі жапон императорының жарлығы бойынша атаулы орденмен марапатталды. Төккен тері текке кетпегені осы шығар.
Сонымен қатар ол ел территориясындағы поляк әскерлерінің жерленген орындарын анықтап, Польша елінде жерленген Қазақстанның 133 жауынгерінің қабірін де табады. Бұл да – Асқанбек Сапарұлының әскери тарихшы ретінде еліне қосқан үлесінің бір парасы. Соғыс кімдердің жүрегіне жара салмады дейсіз. Ал алыста, айдалада, жат жерде сүйегі қалған боздақтардың қабірін тапқан кісіге көрсетілген құрмет те шексіз болса керек.