Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Бір кезде оқушылар жазғы демалысқа шығып, арқа-басы кеңіген кезде өндірістік бригадаларда жұмыс істейтін. Адам айтқысыз тиімді болды. Біріншіден, жас ұрпақ құрбыларымен бірге еңбек әліппесін ашып, қара жұмыс істеп үйренді. Бұрынғылардың «үйренгенің өзіңе жақсы, істегенің бізге жақсы» дейтіні осы жер.
– 1979 жылы Көкшетау аудандық атқару комитетінің қаулысымен КПСС ХХІV съезі атындағы кеңшардың Абай орта мектебі жанынан оқушылардың өндірістік бригадасы құрылды, – дейді сол кездегі кеңшар директоры Жеңіс Шүйкенов. – Біздің төңіректе картоп, көкөніс өсіретін осы тәрізді бригадалар Васильковка, Қонысбай ауылдарында бұрыннан бар еді. Мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатқан іс-шара болғандықтан, біз бұл шаруаға айрықша мән бердік. Алтыбай ауылын жанай өтетін Қылшақты өзенінің жағасында үш үй салдық. Алғашқы екеуі ер және қыз балаларға арналған жатақхана, ал үшінші үйде асхана, демалыс бөлмесі орналастырылды. Әдемі алаңқайға спорт алаңын жабдықтадық. Оқушылар бригадасына арнайы техника да бөлініп, білікті мамандар тәлімгер ретінде бекітілді. Кілең өздеріндей жасөспірімдер жүргеннен кейін бригада басындағы уақыттары да мейлінше қызықты өтетін. Ол кездегі балалар еңбек десе жанып тұратын. Жастық жігермен кіріскеннен кейін жапырып жібереді емес пе? Күзде мол өнім жинайтын. Атқарған жұмыстарына орай еңбекақы да төледік. Жиналған өніммен мектептің асханасы қамтамасыз етілді. Артылғанын мемлекетке өткіздік. Бригада мүшелері – негізінен жоғары сыныптың оқушылары. Айтпақшы, ашылу салтанатына сол кездегі Қазақ КСР-інің Білім министрі Қажахмет Балахметов, облыс, аудан басшылары да қатысты. Дөңгілағаш, Васильковка, Қызыл Жұлдыз ауылдарының оқушыларынан құралған өндірістік бригада бірнеше жыл жұмыс істеді. Оқушылар мен мұғалімдерді тасымалдау үшін арнайы автобустар бөлдік. Бригаданың кейбір мүшелері күзгі уақытта әкелерімен бірге егін жинау науқанынан да қатысты. Осылайша, еңбек дәстүрі қалыптасты. Балалар бойкүйез болмай жұмысқа бейімделді. Сәтімен сабақталған істің арқасында еңбекке құмар, жұмысына тиянақты бір буын қалыптасты. Бүгінгі күні өкінішке қарай, балалар еңбектің қадірін білмейді.
Ел ағасының есті әңгімесін көкірегімізге тоқып отырып, айтқан пікіріне қос қолымызды көтеріп қосылатындығымызды білдірдік. Шынында да қоғамда осы бір мәселеге жеткілікті мән берілмей жатыр. Бәлкім жаңадан ештеңе ойлап шығарудың да қажеті жоқ шығар. Бұрынғы сынақтан өткен, тиімділігі дәлелденген тәжірибені қайта жаңғыртсақ жетіп жатыр.
– Көкшетау аудандық білім бөліміне басшылық жасап жүрген кезімде мектеп оқушыларын еңбекке тәрбиелеу мәселесіне көп көңіл бөлуші едік, – дейді Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев. – Ауданда бірнеше оқушылардың өндірістік бригадалары жұмыс істеді. Бұл екі жаққа бірдей тиімді іс болатын. Біріншіден, мектеп оқушылары жұмыс істеп төселсе, екінші жағынан өздерінің білім ошақтарын қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ететін. Жалғыз өндірістік бригадалар ғана емес жас жеткіншектерді пайдалы еңбекке тәрбиелеудің тармақтары өте көп болды. Мәселен, білім ошақтарында еңбек ардагерлерімен кездесу өткізу, олардың портреттерін қаланың көрнекті жерлеріне іліп қою тәрізді өнегелі істер атқаратын. Әрбір еңбек ұжымдарында еңбек озаттарының есімдері мақтанышпен аталып, құрмет тақтасына қойылатын. Қоғамда қарапайым еңбек адамдары қаншалықты қадірленетінін көріп өскен кейінгі буын ұқсап бағуға тырысатын. Бүгінгі күні біз осы ұлағатты үрдістен айырылып қалдық. Қазір кейбір ауылдарда мал бақпайтын, бақша екпейтін адамдар бар. Соның барлығы еңбекке дұрыс тәрбиеленбегендіктен. Әйтпесе, ауылда тұрып та бақуатты тұрмыс кешуге болады.
Алдыңғы буынның көңілге қонымды пікірлерін ақыл таразысына сала отырып, бұл тараптағы жауапты мекемелердің есіне тетігі босаған тәрбие жұмысын тағы бір сала кетсек, артықтығы болмас деп ойлаймыз. Тіпті қиын ештеңесі жоқ. Қазір ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары жетіп артылады. Солардың басшыларымен келісім жасаса болғаны. Жермен айналысатын агроқұрылымдар үшін оқушылардың өндірістік бригадасына жер бөлу, жатақхана салу, спорт алаңдарын жабдықтау айтарлықтай жүк болмаса керек. Облыстық білім басқармалары осындай оңды шаруаны қолға алса, еңбекке тәрбиелеу ескерілер еді.
Ақмола облысы