Сенат • 13 Сәуір, 2023

Ынтымақтастықты дамытудың «Жол картасы»

276 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған бір топ депутат ресми сапармен Ресей Федерациясына келді. Сапар барысында Палата спикері Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесті. Сондай-ақ спикерлер Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Ынтымақтастық жөніндегі комиссиясы отырысының ашылуына қатысты. Отырыста Палата басшылары 2023-2025 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Ресей Феде­ралдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынты­мақтастықты дамыту жөніндегі «Жол картасына» қол қойды.

Ынтымақтастықты дамытудың «Жол картасы»

Кездесуде сөйлеген сөзінде Мәулен Әшімбаев депутаттар парламентаралық өзара іс-қимылды жандандыруға септігін тигізе алатын басым бағыттарды атап өтті. Бұл бағыттағы негізгі міндеттер трансшекаралық өзендердің экожүйелерін сақтау, есірткінің заңсыз айналымымен бірлесіп күресу және шекара маңы ынтымақтастығын дамыту мәселелері болып белгіленді.

«Қазақстан мен Ресей ара­сындағы қарым-қатынас табыс­ты және тиімді екіжақты өзара іс-қимылдың жарқын үлгі­сін көрсетіп келеді. Екі елдің ын­тымақтастығы берік достық пен тату көршілікке, ғасыр­лар бойы қалыптасқан тари­хи байланыстарға, мемлекет­теріміздің тәуелсіздігіне, еге­мендігіне және аумақтық тұтас­тығына құрметпен қарауға не­гізделген», деді Мәулен Әшім­баев.

Өз кезегінде Федерация Ке­ңесінің төрағасы Валентина Матвиенко екі мемлекеттің өз­ара іс-қимылының жоғары деңгейіне ерекше назар аударды. Бұл ретте Қазақстан Парламенті Сенаты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Ынтымақтастық жөніндегі комиссия осындай байланыстың маңызды тетігі болып отырғанын атап өткен жөн. Сондай-ақ Валентина Матвиенко ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан кең ауқымды саяси және эконо­микалық реформалардың өзек­тілігін тілге тиек етіп, екі мем­лекет арасындағы қарым-қаты­насты одан әрі дәйекті түрде дамытудың маңызды екенін айтты.

«Ресей мен Қазақстан – шын мәнінде тең құқылы одақ­­тас мемлекеттер. Бізді көп нәр­се байланыстырады. Біз Қа­зақстанның даму барысына үнемі назар аударып отырамыз. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп жатқан саяси және экономикалық реформалар жоғары құрметке лайық. Олардың кәсіби, де­мократиялық және халықпен диалог негізінде жүргізіліп жат­қанын атап өткен жөн. Сондай-ақ парламентаралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенімізді жеткізгім келе­ді», деді Валентина Мат­виенко.

Сонымен қатар кездесуде қазіргі заманғы қалаларды дамыту саласында екі Палатаның өзара іс-қимылының өзектілігі сөз болды. Осыған орай Мәулен Әшімбаев былтыр Қазақстанда «Агломерацияларды дамыту туралы» заң қабылданғанын, соған байланысты бұл бағытта инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

Қазақстан Парламенті Се­наты мен Ресей Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесі арасындағы Парламентаралық Ынтымақтастықты дамыту жө­ніндегі арнайы жол картасы да өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға тың серпін беруге тиіс. Құжат алдағы 3 жылға есептелген. Оның басты міндеті – қызметтің нақты нәтижелеріне мән бере отырып, Парламенттер ынтымақтастығының қол­дан­балы құрамдас бөлігін кү­шейту.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев пен Валентина Мат­виенко Парламент Сенаты мен Федерация Кеңесінің Ынты­мақтастық жөніндегі комис­сиясының отырысына қатысты. Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Ресей сенаторларының кездесуі 12 сәуір – Ғарышкерлер күнінде өтіп отырғанына назар аударып, осыдан 62 жыл бұрын қазақ жерінен Юрий Гагарин адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа ұшқанын айтты. Сенат төрағасы қазіргі таңда екі елді бұл бағытта Байқоңыр ғарыш айлағы біріктіретінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде біздің елдеріміз арасында осындай деңгейдегі жемісті өзара іс-қимыл көптеген бағыт бойынша дамып келеді.

Мәулен Әшімбаев шекара маңы ынтымақтастығын ны­ғайту қажеттігіне және транс­шекаралық су нысандарына қатысты өзекті мәселелерді ше­шудің маңыздылығына да ерек­ше тоқталды.

«Трансшекаралық өзендердің экожүйелерін сақтау – маңызды мәселелердің бірі. Біздің еліміз­дің бірқатар өңірі үшін бұл әлеуметтік, экономикалық және экологиялық мәнге ие. Сон­дықтан қазақстандық қоғам осы бағытқа ерекше көңіл бөліп отыр. Соған байланыс­ты Ынтымақтастық жөніндегі комиссияның келесі отыры­сын осы жылдың күзінде транс­шекаралық өзендер ағып жатқан Қазақстанның шекаралас облыстарының бірінде өткізуді ұсынғымыз келеді. Бұл мақсатта Орал қаласын қарастыруды ұсынамыз. Осылайша, сенаторлар жергілікті жерде мәселенің мән-жайымен жақын танысып, тиісті мемлекеттік органдарды тыңдап, бірлескен ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік алады», деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге Қазақстан Парламенті Сенатының деле­гациясы Мәскеу Соборлық ме­шітіне барды. Сенаторлар ме­шіт басшылығымен кезде­сіп, қазіргі қоғамда жоғары рухани-адамгершілік құндылық­тарды ілгерілетудегі діни көш­­басшылардың рөлін тал­қы­лады. Осы орайда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің дінаралық диалогті да­мытуға, халықтар арасындағы бейбітшілік пен келісімді ны­ғайтуға қосқан үлесі де әңгімеге арқау болды.

Ресми сапардың алғашқы күнінде сенаторлар «Белгісіз жауынгер бейіті» мемориалына гүл шоғын қою рәсіміне қатысты.