Қазіргі Еңбекшілдер деп жүрген аудан ең алғаш құрылғанда оның орталығы Жанғұстың қарағайы аталатын орманның арасына орналасты. Мектеп, мекеме ғимараттарын сондағы қарағайдан қиып салды. Жан-жақтағы ауылдарды көшіріп алып келіп бір жерге ұйыстырды да үлкен кент жасап, оны Казгородок деп атады.
Осы жерде қазақ мектебін де интернатымен қоса ашты. Сол мектепті 1940 жылы бірінші болып 12 ер бала және 2 қыз бітірген еді. Ер балалардың барлығы әскерге кетті. Менің туған ағам Қасымбек те Латвияға аттанған-тын. Үйде бір сиыр мен бір қара ала бие болды. Сол бие жирен қасқа құлын туғаны бар. Қасымбек ағам оны жақсы көріп, өскесін маршал Ворошиловтың жирен қасқа атындай баптап мінемін дейтін.
1941 жылғы маусым айында жазған хатында әскери қызметін жақсы атқарып жатқанын, Балтық теңізінің жағасында жазғы жаттығу ойындарын өткізіп, зенит расчетінің техникалық жөндеу, баптау жұмыстарын жүргізгендерін айтқаны есімде. Маған тапсырғаны – жирен құлынды жақсылап өсір, мен үйге оралғансын ат қылып мінемін депті. Соғыс басталғаннан кейінгі бірінші жазған хатында да үйдің, елдің амандығын сұрай келе, тағы да жирен құлынды еске алғаны бар. Жаудың тұтқиылдан шабуыл жасағанын, қиян-кескі ұрысқа кірісіп кеткендерін, дивизия командирі генерал Кузнецовтің тапқырлығының арқасында Псков қаласына дейін аман келіп, әскери құрамаға гвардия атағы берілгенін сол хаттарында айтқаны есімде.
Қасымбек ағам соғыстың басынан бастап Калинин майданында зенит расчетінде қызмет етті. Үш рет жарақат алды. І-дәрежелі Отан соғысы мен І-дәрежелі Данқ орденінің және “Ерлігі үшін”, “Кенигсбергті алғаны үшін” медальдарының иегері болды. Жеңістен соң 1946 жылы маусымда елге оралды. Туған жерінде совет, партия, шаруашылық қызметтерінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. 80 жас жасап бұл дүниеден озды. Сөйтіп Әбжан балаларынан 5 ұлдың төртеуі өз ерліктерімен Жеңіс күнін жеделдетті. Атап айтқанда, жоғарыдағы Қасымбектен басқа ең үлкен ағам Дәуренбек елде тракторшы болатын. 1941 жылдың күзінде ол да әскерге алынды. Майданға жіберілмей, Челябі зауытында жұмысшы болып, танк шығарды. Осы кәсіпорындағы атақты Т-34 танкілері жаудың зәресін алатын. Үшінші ағам Досымбек 1942 жылы әскерге алынып, Қарағанды көмір бассейнінде шахтер болды. Ол кезде Донбасс жаудың қолында. Сондықтан Қарағандының кокстелген көмірін көптеп шығару керек болды. Сол жерде ол кісі ерлік еңбектің үлгісін көрсетіп, 1950 жылы елге оралды. Ал менен екі жас үлкен Әмина деген апамыз екеуміз соғыстың басынан аяғына дейін колхоздың малын бағып, егінін салып, таңның атысы, күннің батысы аш құрсақ жүріп, ешқандай еңбекақысыз жұмыс істедік.
Еңбегіміз еш кеткен жоқ, жауды жеңдік. Кеудемізге “1941-1945 жылдардағы қажырлы еңбегі үшін” деген медаль тақтық. Шешем де жұмыс істеді. Қара ала биемен жүк таситын. Кіші қарындасым Қуаныш пен інім Руслан ғана еңбекке жарамады. Сәбилер еді.
Сөз орайында жирен құлынның тағдыры не болғанын айтайын. 1942 жылдың қысы еді. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қошанбаев елді жинап жиылыс өткізіп, танк шығару қорына әркім шама-шарқынша ақшалай қаражат беруін өтінді. Менің әкем Әбжан 2-топтағы мүгедек болатын. Жиылыста сөз сөйлеп, елдің шамасы келетін қарияларының атын атап көмек беруге шақырды. Өзі жирен қасқа құнанын колхоз бастығының семіз сиырына айырбастап сойып, етін базарға сатты да он мың сомдай ақша жасап, соны танк жасау қорына берді. Ал Қосмағанбетұлы Кенжеболат, Шайқыұлы Мәжи, Жәнібекұлы Жұманәлі, Мұсаұлы Ысқақ 10 мыңнан ақша өткізді. Сөйтіп, ағам Қасымбек жирен қасқа құлынды ат қылып мінбесе де, ол темір тұлпарға айналып Челябі зауытындағы ағам Дәуренбек шығарған Т-34 танкімен жауды таптап Берлиннен бір-ақ шыққан жоқ еді...
Есқан ӘБЖАНҰЛЫ, еңбек ардагері.
Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Бірсуат ауылы.