05 Шілде, 2014

Елбасы және елорда!

948 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
11 (2) Мен үшін бұл екеуі егіз ұғым. Оларды бір-бірінен ажырату әсте мүмкін емес. Өйткені, елорда Сарыарқа төсіне халқымыздың қайраткер ұлы Н.Ә.Назарбаевтың тікелей күш-қайраты, саяси ерік-жігері арқасында ғана дүниеге келіп, іргесі қаланып, көк байрағын желбіретті. Ел Тәуелсіздігі туралы ойланған сәт­терімде мен түрлі түйткілді сауал­дарға беріліп, ойға түсетін едім. Алтын Ордадан бастау алып, одан 71 хан басқарған қазақ Еуропа мен Азияның төріне шығып, бүкіл Еуразия құрлығының төбе биі тізгінін ұстар ма екен? Дүние жүзінде бірнеше жүз миллион, тіпті миллиардтаған халқы бар мемлекеттер өмір сүруде. Солардың арасында 17 миллион ғана халқы бар қазақ елі дүниежүзілік саясатқа ықпал ете алар ма? Әлемдік саясаттың сұңғыла білгіштері қазақ елімен санасар ма? Азуын айға білеген АҚШ президенті бізді өзіне теңгерер ме? Түркі дүниесі түгел мойындап, қазақ бауырын өзінің төл басы деп таныр ма екен? Осындай ойлар жиі мазалайтын еді. Құдайға шүкір, ел бастаған ерен еріміздің арқасында бүгінгі күні соның бәріне қол жеткіздік. Бүгін қазақ елі әлемдік саясатқа өзіндік ықпал етіп, пәтуалы ой қозғайтын, дүние жүзі таныған абыройлы елге айналды. Мен еліміздің астанасын Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімнің қабылдануының басы-қасында болған адаммын. Ол кезде Қазақстанның халық депутаты едім, Жоғарғы Кеңес сессиясының кезекті отырысы 1994 жылдың 6 шілдесінде болып, бәріміз де арқа-жарқа амандасқан соң, жұмысқа кірісіп кеткен едік. Бұл отырыстың еліміздің болашағы үшін тарихи шешім қабылданатын күн екенін ешкім де болжаған жоқ. Жасыратыны жоқ, астананы еліміздің орталығына көшіру туралы ауызекі әңгімелерде жиі айтылып жүрді. Алайда, мұндай пікірлерге қарсылар өте көп болатын. Тіпті, депутаттық поштамызға да мұндай ұсыныс түскен болса қарсы болу керектігін сұраған ұсыныстар да қаптап келіп жататын. Бәрінің айтатын негізгі себебі – экономикалық дағдарыс. Халық еңбекақысын, зейнетақысын уақтылы ала алмай жатқан аса қиын жағдайда елдің астанасын көшіру сияқты үлкен шығынға жол беруге болмайды деген бұлтартпас сылтаудың да салмағы ауыр. Шынында, бұл ойларды ешкім терістей алмайтын. Кеңес Одағы ыдырап, экономикалық байланыстар үзілген соң өндіріс ошақтары толық болмаса да негізінен тоқтап қалған кез. Соның кесірінен бюджеттің түсім бөлігі құлдырап, шығындарды толық жаба алмай, тұйыққа тіреліп тұрды. Осындай жағдайда астананы жаңа жерге көшіріп, онда қала салу деген көп жұртқа ақылға қонбайтын қиял сияқты көрінетін. Сонымен... XIIІ шақырылған Жоғарғы Кеңестің кезекті отырысы ашылды. Елбасы Н.Ә.Назарбаев залда отырған Жоғарғы Кеңес депутаттары мен қонақтарға, басқа да ресми тұлғаларға жарқын амандасып, ілтипатын білдірді. Отырысты Жоғарғы Кеңестің Төрағасы Әбіш Кекілбаев ашып, алғашқы сөзді Мемлекет басшысына берді. Жаңа ғана жұрттың бәрімен жайдары амандасып, емен-жарқын жайда тұрған Президенттің дауысы күтпеген жерден ширап, бір мәселені берік ұстанған күйді көрсетіп, өткір үнмен батыл сөйлеп кетті. Ол елдің астанасын Алматыдан Ақмолаға көшірудің 30-дан артық артықшылықтары бар екендігін санамалап берді. Бәрі де бұлтартпас, дәлелді себептер. Бұрын қай-қайсымыз да аңғара бермеген, «апырмай, солай екен-ау» дегізетін соны пікірлер. Нұрсұлтан Әбішұлы сөзін бітіргенде осы уақытқа дейін астананы көшіруге қарсы болып келгендер әрі-сәрі күйге түсті. Сондықтан талқылауға да жұрт шабандап кірісті. Алайда, бой үйретіп, алғашқы қарсы пікірлер шыға бастағанда, басқалар да қосылып кетті. Шыны керек, Президенттің пікірін қостаған үндер де аз болған жоқ. Ұсыныстарды Жоғарғы Кеңестің Төрағасы, халық жазушысы Әбіш Кекілбаев қорытындылап, Елбасы ұсынысын қабырғалы дәлелдермен қолдады. Ол алға қойылып отырған проблеманың бүкіл Қазақстанымыздың болашақ мұратынан туындап отырғанына назар аударды. Және халықаралық аренада қазақ қоғамының әлеуеттілігін, қуаттылығын паш етер факторға айналатынын атап көрсетті. Әбекең сөзінің соңында бүгін Елбасының туған күні екенін ескертіп, оның ұсынысын қолдау арқылы лайықты сыйлық жасайық деген де әзілге құрылған болса да әлеуетті себепті ортаға салды. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» дегендей оның бұл сөзіне бәріміз де риза болып, бір сәт жадырап қалдық. Сөйтіп, астананы Ақмолаға көшіру туралы қаулы көпшілік дауыспен қабылданды. Бұл менің Астананы көшіру туралы бірінші дауыс беруім еді. Көпшіліктің көңілін күпті етіп, күмән туғызған бастама уақыт өте келе Елбасы шешімінің даналық екенін дәлелдеді. Соның арқасында Астанамыз Сарыарқа төрінен бой көтеріп, Еуразия мен Азияны жалғастыратын алтын көпір ғана емес, күллі Алаш жұртының жүрегіне айналып, әлемнің таңдайын қақтырғанына куә болып отырмыз. Небәрі саусақпен санарлық мерзімде Астана өзге елдермен иық тіресе алатын, келешегі кемел, болашағы айқын қалалар санатына қосылды. Қазіргі таңда Қазақстанды таныған әлем қауымдастығы Астананы Қазақстанның символы деп біледі. Заманауи техникаларды пайдалана отырып салынған әсем ғимараттар сәулет үлгісі жағынан да, әсемдігімен де көз тартып, халықтың орынды мақ­танышына айналды. Елбасының тікелей басшылығымен әлемнің мықты сәулетшілері Кисе Курокава, Норман Фостер еліміздің сәулетшілерімен бірлесе отырып, Астананы көркейтуге атсалысты. 1995 жылы біз жаңа Конституцияға сәйкес тұңғыш рет шақырылған екі палаталы Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары болып, Алматыға қайтадан жиналдық. Ол күндері Жоғарғы Кеңестің бұдан бір жыл бұрын (1994 жыл, 6 шілде) қабылдаған қаулысына сай Ақмола қаласын ел астанасына айналдыру жөніндегі жұмыстар кешені қарқынды жүріп жатса, бұл іске Мемлекет басшысының бастамасымен арнайы құрылған Мемлекеттік комиссия басшылық етті. Атам қазақ «екі рет көшу – бір жұтпен тең» деп түйіндеген. Ал үлкен мемлекеттің бірі – Қазақстан Респуб­ликасының астанасының Алматыдан Ақмолаға қоныс аударуы қайдан оңай болсын? Алғашында қиыншылықтар, қауырт шаруалар бастан асып жатты. Алдымен мемлекеттік органдарды көшіріп әкеліп орналастыру ісі қолға алынды. Ол үшін заманауи үй-жай жетпей жатты. Бірақ оның біразы ғылыми негізделген жобалық-сметалық құжаттарға сай жаңадан, жылдам салына бастады. Құрылысшылар тәулігіне екі, үш ауысым бойынша еңбек көрігін қыздыра түсті. Өндірістік, әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық нысандар күн құрғатпай салынып, бірінің соңынан бірі пайдалануға берілді. 1997 жылғы 8 желтоқсанда Парламент толық құрамымен арнаулы пойызбен Алматыдан Астанаға бет түзеді. Ал 10 желтоқсанда (1997 жылы) Елбасы Н.Ә.Назарбаев Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы деп танылатын Жарлығы күшіне енді. Осы күні қаланың жергілікті тұрғындары қазақ астанасының туған күнін жарқыраған аспан астында, май тоңғысыз ауа райында қарсы алғандарына қатты таңданды. Өйткені, соның алдында ғана 25-30 градус аяз қысып тұрған еді. Тұрғындар мұны қазақ халқы үшін игіліктің басы деп танып, жақсы ырымға жорыды. Содан бергі өткен уақыт халықтың бұл сәуегейлігі шындыққа ұласып келеді. Сонымен, Парламент депутаттары – біздер жатақханада жатып, Парламент ғимаратын жөндеу жұмыстары біте қоймаған соң, оның жарым-жартылай салынып болған, сыры кеппеген бөлмелерінде отырыс, жиналыстарымызды өткізіп, жұмысқа кірісіп кеттік. Кіріп-шыққанда кеңсе ішіндегі әлі төселіп бітпеген еден жапқыштарды құрылысшылар төсеп, олардың қиып койған бөліктерін аттап өтетінбіз. Көрші бөлмелерде құрылысшылар өз жұмыстарымен арпалысып жататын. Көшеде асфальт төселіп, абаттандыру жұмыстары да қабат жүргізіліп жатты. Президент сарайының күмбезді залында еліміздің жаңа астанасы туралы Қазақстан халқына арналған үндеуді қабылдадық. Бұл менің депутат ретінде Астананы көшіруге екінші рет дауыс беруім еді. Осыдан кейін Елбасы Парламент Сенаты комитеттерінің төрағалары – Жабайхан Әбділдин және мені кабинетіне шақырып, өте жылы шыраймен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды. Астананың өркендеуі жайлы әртүрлі әңгіме қозғалды. Сосын үшеуміз Президент сарайының терезесінен сол кезде жазық дала болып жатқан Есілдің сол жағалауына қарадық. Елбасы тебірене сөйлеп, Президент Әкімшілігі ғимаратының орналасатын жерін көрсетіп, мына кеңселердің уақытша екенін айтты. Болашақта сәнді де, сәулетті, салиқалы, шетелдіктер алдында ұялмайтындай, жұмыс істеуге өте жайлы әрі қолайлы әкімшілік үйлер бой көтеретінін баппен жеткізгені әлі есімде. Не керек, жергілікті тұрғындар Ақмоланың еліміздің аста­насына айналғанын қуанышпен қабылдады. Арқаның дарқан дастарқаны кеңінен жайылды, ақ тілектер ағылды, ақ түйенің қарны жарылды. Сөз реті келгенде Ақмола, Арқа өңірі ағайындарының дастарқан жайып, құрмет көрсетудегі өзім көрген ерекшеліктерін айта кетейін. Алматыдан келген біздерді келесі күні жергілікті жігіттер Ерейментау кентіне алып барып, орыс азаматының шаңырағында қонақ қылды. Ішімізден еуропалық дастарқан жайылады екен ғой деп отырмыз. Бірақ мүлде олай болмай шықты. Кәдімгі қазақы дәстүрмен, жол-жоралғы жасаған орыс азаматының пейіліне шынайы разы болдық. Шіркін-ай десеңші, қонақ келсе, қазанды толтырып ет аспаса, көңілдері көншімейтін Арқа елінің адамгершілікке толы дарқан пейілі мен ұлтжандылық қасиетінен айналып кеткендейсің ғой. Иә, содан бері міне, біраз уақыт зымырап өтіп барады. Осы жылдар ішінде барлық қиыншы­лықтар да, әртүрлі кертартпа байбалам салушылық та артта қалды. Арқаның кіндігінде орналасқан облыс орталығы болып келген Ақмола қаласы Астана қаласына, ұлан-байтақ қазақ елінің елордасына айналды. Тек аты емес, заты да танымастай өзгерді. Себебі, Астана – толассыз түлеу, дамылсыз даму үстіндегі елордамыз. Бұл тарихи жасампаз ұлы істің ұйытқысы да, дем берушісі де, сәулетшісі де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өзі екенін атап айтқан жөн. Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан қаншалықты тез де лайықты орын тауып, қанатын кеңге жая түссе, Астана да сондайлық қарқынмен дамуда. Астана байтақ Қазақстанымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының қуатты локомотиві рөлін атқаруда. Сөйтіп, заманауи өнеркәсіп, ғылым және мәдениет орталығына, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы мекенге және ел экономикасына қомақты үлес қосар донорға айналды. Ал жылына қаншама отбасылар кең бөлмелі, қолайлы жағдай туғызылған жаңа пәтерлерге қол жеткізіп, қоныс тойын өткізіп жатыр десеңізші. «Пирамида», «Хан Шатыр», «Қазмұнайгаз», «Ақ орда», «Нұрсая», «Изумрудный», «Тәуелсіздік сарайы», т.б. ғимараттарға шетелдік қонақтардың өздері таңдай қағып қалады. Бір ғана «Бәйтерек» нысанының өзі неге тұрады десеңізші? Ару Астанамыздың төріндегі барлық әсем сәулетті үйлерді жеке дара тізбелеп айтар болсақ, оған уақыт та, мүмкіндік те жоқ. Ал, мемлекеттік «Жасыл ел» бағдарламасына сай атқарылып жатқан жұмыстардың қарқыны ерен де бөлек. Астана кісі қызығарлықтай қарқынмен дамып, көркейе түсуде. Елбасымыз өзінің төл перзенті іспеттес Астана қаласын абаттандыру, мәдениетін арттыру, сәулеттендіру жолына жіті назар аударып, тиісті мамандармен жиі кездесіп, қылаң берген кемшіліктерді қатаң сынға алып, елорданың дамуына ерекше екпін беріп келеді. Сөз орайында өзіндік ой-пікірлерімізді ортаға салсақ дедік. Бірінші, Астана еліміздің әкімшілік орталығы болып қалмай, елдің рухани астанасына айналуы керек. Осы орайда Астана ұлттық интеллигенцияның өркенді ордасы рөліне көтерілсе деген үмітімізді жасырмаймыз. Екіншіден, қалада салынып жатқан құрылыс ауқымы кең екеніне дау жоқ және бұған сүйсінесіз. Сүйсіне отырып, ғимараттар тұрғызу барысында қазақтың ұлттық сәулет өнер үлгілерін кеңірек қолданса деген тілегімізді білдіреміз. Астана өзінің мерейлі мерекесімен төл тарихымызға жарқын беттер қосары хақ. Өйткені, жаңа Астананың бастаушысы – Елба­сы, қолдаушысы – ел-жұрты. Өсер ел Астанаға қарап бой түзер. Мәскеуде ТМД аймағы бо­йын­ша ардагерлер ұйымын біріктіре­тін халықаралық ұйым бар. Мен Рес­пуб­ликалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде Қазақстан тарапынан аталмыш ұйымның пленумдарына қатысып, сөз сөйлегенімде Елбасы тарапынан ҰОС ардагерлеріне деген құрметтің шексіз екендігін баяндадым. Қазақстанның барлық облыс орталықтарында ҰОС қатысқан қаһармандарымыздың ерлігін әспеттеуде түрлі кешендер ашылып, батырларымыздың есімдерін халық жадында сақтап, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуде орасан шаралар іске асқандығын да баса айттым. Соның жарқын көрінісі іспетті елордада батыр бабамыз Б.Момышұлына, ержүрек қыздарымыз Ә.Молдағұлова мен М.Мәметоваға ескерткіш орнатылуын, алдағы уақытта генерал И.В.Панфиловқа да ескерткіш тұрғызылатындығын алға тарттым. Мұндай ауқымды шараға Президентіміз Н.Ә.Назарбаев тікелей қолдау көрсететіндігін жеткіздім. Сонда 93 жастағы адмирал, осы халықаралық одақтың төрағасы А.И.Сорокин: «Ө.Оз­ған­баев мырза айтқан ұлы істердің ұйыт­қысы, өлілердің аруағына адал болу, тарихты ұмытпай, жастарды патриоттық рухта топтастыра білу Н.Ә.Назарбаев сынды Елбасының ғана қолынан келетін іс. Елдің бірлігін сақтап, ұлтаралық ынтымақтастықты арттырып, өнегелі іс тындырып жатқан Қазақстан Президентіне деген ризашылығымыз шексіз» деген еді. Мен Республикалық Ардагерлер ұйымы Орталық кеңесіне төраға қызметіне келгеннен бері Елбасымен жиі қауышып, дидарласудың мүмкіндігі артты. Үстіміздегі жылғы ақпан айының 19 жұлдызында Нұрсұлтан Әбішұлының жеке қабылдауында болдым. Елбасының қабылдауынан кейін ардагерлер ұйымының жұмысында жаңа серпін пайда болды. Еліміздің ертеңі мен жарқын болашағы жолында талай тар жол, тайғақ кешуді өткізген қадірменді қарияларымыз үшін атқарылар шаралардың да ауқымы кеңейе түсті.

Астана күні мерекесі қарсаңында түйген түйінім мен тұтқан тұжы­рымым­ның бір парасы осы еді демекпін. Ен­деше, Астана күні құтты болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, еліміздің ертеңі үшін елеңдеп жүрген Елбасымызға Алла күш-қуат беріп, жолын ақ қылғай!

Өмірзақ ОЗҒАНБАЕВ,

республикалық Ардагерлер ұйымы орталық кеңесінің төрағасы.