Қоғам • 14 Сәуір, 2023

Ұлытауда қарттардың қаржысын қолды қылған мекеме басшысы ұсталды

633 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлытау өңіріндегі әлеуметтік мекеме басшысы мекемеде тұратын зейнеткерлер мен мүгедектердің қаражатын ұрлаған. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ұлытауда қарттардың қаржысын қолды қылған мекеме басшысы ұсталды

ҚМА аумақтық департаменті әлеуметтік мекеменің басшысы мен қызметкерлерінен құралған топтың заңсыз әрекеттерін  әшкереледі.

«Қазіргі уақытта жалпы сомасы 12 миллион теңгеден астам аса ірі көлемдегі алаяқтық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Әлеуметтік мекемеде, сондай-ақ іс фигуранттарының тұрғылықты мекенжайында санкцияланған тінту жүргізу кезінде қарттардың 799 мың теңге көлеміндегі зейнетақы төлемдері, оларға тиесілі банк карталары, сондай-ақ аталған тұлғалардың қылмыстық әрекеттерін дәлелдейтін басқа да заттар мен құжаттар тәркіленді. Тергеудің толық және жан-жақты жүргізілуіне кедергі келтіру, сондай-ақ қылмыс ізін жасыру және жою әрекеттеріне байланысты аталған мекеменің басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», делінген агенттік мәліметінде.

Сот 2 айға дейін қамауға алу түріндегі «бұлтартпау» шарасына санкция берген. ҚР ҚПК 201-бабы алға тартылып, басқа мәліметтер жария етілмеді.