05 Шілде, 2014

Аман бол, азаттықтың Астанасы!

507 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Азаттығымызды ардақтап, астанамызды ұлықтайтын тағы бір шуақты күн келіп жетті. Ол – Астана күні. Қанша үйреншікті болып, дәстүрге айналса да жадымызды жадыратып, санамызға сәуле түсіретін бөлекше мереке. Әрине, бұған дейін де бірнеше астана болған. Олар да халықтың құрметіне бөленіп, хал-қадерінше қызмет еткен. Әйтсе де, Алаш жұрты азаттығының айғағындай, бостандығының байрағындай болып тұрған мына астананың жөні айрықша екені анық. _MG_6073-1Біз бұл астанамызға берісі үш жүз, арысы үш мың жыл жүріп әрең жеттік. Байтағымызға көзін сүзген басқыншылармен жағаластық, бас еркімізді бұйдалағысы келген алармандармен арпалыстық. Егер жас сәбиге деген толғақ тоғыз аймен тоқайласса, тәуелсіздіктің толғағы заманнан заманға жалғасып, тек, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ғана шыр етіп дүниені дүбірге бөлемеп пе еді?! Сөйтіп, Алла алқалап, аруақ қолдады. Алып империя – КСРО. Оны оп-оңай құлады деуге болмас. Үлкен дүние күйресе маңайын опыра-жапыра кететіні сияқты, ол да он бес республиканың діңгегін шайқап, діңкелетіп кетті. Алдымызда біз бұрын-соңды көріп-білмеген нарық жолы тұрды. Жаңа астана да бой түзеді, жағдай да қалыпты арнаға түсті. Есіл – Нұраның бойын ен жайлаған байырғы жұрт көз алдымызда түледі, түрленді. Ұлы көштің тізгінін ұстаған Қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұл­­тан Әбішұлы Назарбаев қырандай қомда­нып, сұңқардай саңқылдап әлемдік мін­бер­лерден ой толғағанда, сол биікке арманын аялап, үмітін үкілеген Қазақстан жұрты да бірге шыққандай әсер қалдырады маған. Байтағының баянды кезінің куәсі болып көңіл көгершіндері көкке көтерілді. Қазақ эстрадасының жұлдызды тобы «Мұзарт» орындап жүрген әйгілі «Есіл ағады» деген өлең бар. Сол әннің мәтініндегі: ...Есіл ағады, көсіле ағады, есіле ағады ерке өзен. Көңілге мәңгі көшіп алады Аққудай арлы сол кезең. Арнаңды көріп толтырған нұрдай, Жаныңа келіп көсілдім. Есілдің ерке толқындарындай Ағып барады есіл күн, – деген жолдарды жазып едім. Астанаға әр барған сайын Есілді жағалап есіл де, есіл, есіл күн деп азаттықтың ақ таңын армандап кеткен ата-баба рухына бас иіп, өзіммен-өзім сырласып, ғажайып бір күй кешетінім рас. Тәубе, бүгінде ел таныған ұлт, дәстүрі жаңарған жұрт болдық. Қазақ қазақ болғалы өз төрі өзіне тиіп, өз тізгіні өзіне бұйырғаны осы шығар. Қазақ қазақ болғалы атағың алысқа кетіп, атың аламан бәйгеге қосылуы да осы болар. Астана, білгенге, ғажайып қала ғана емес, стратегиялық шешімнің де жемісі. Оның негізгі мәнісі осында. Бұл орайда Президентіміздің еліміздің бас қаласын қазақ жерінің қақ ортасына көшіруін алысты көздейтін алғырлыққа баламасқа лажың жоқ. Өсер елдің баласы қайда бара жатқа­нын ғана емес, қайдан шыққанын, бүгін­ге қалай жеткенін зердеге түйе жүретіні бар. Аруақты ата-бабаларымыздың осынша жер мен орасан байлықты жат пиғылдан жанын сала қорғап, бүгінгі ұрпаққа аманаттағаны – өлшеусіз ерлік. Ендігі мәселе – дүниежүзі ­бір-бірімен экономика­лық байланысқа түсіп, интеграцияның илеуі­не икемделіп жатқан уақытта қолда барды ұқыптылықпен ұстап, ұлт қамына жұмсау. Шүкір, қазіргі Қа­зақстанда бәрі бар. Тек ықылас пен ынта, ынтымақ пен бірлік болсын деңіз. Қазақ халқы қазына-байлығымен ғана емес, арда қасиет­терімен де ерекшелен­ген жұрт. Кемінде үш мың жылдық та­рих­ тол­­қынынан аман өтіп бүгінге бер­кініп, бекініп жеткен ұлыс ешкімнің қақ­па­қылына көнгісі жоқ. ХХІ ғасырдың ғала­мат даму үрдісі оны болашақтың жарқын жайлауына шақырып тұр. Сол төрге жасқанбай шығуға талай империяны құрып, талай империяны тарих қойнауына жіберген, бірақ жасымай, жасындай ойнап, жаңа қағанаттарын құрған тәжірибеміз де жетерлік. Біз сонау бұрнағы ғасырларда далалық мәдениетімізбен отырықшылық елдердің өзін таңғалдырғанымызды мақ­тан тұтамыз. Түрік әулеті сонау V ғасыр­дың өзінде төл әліппесі – орхонмен Білге қаған, Тоныкөк басындағы көктасқа жазуын жазып жүргенде, бүкіл Еуропада мұн­дай мәдениеттің ұштығы да жоқ болатын. Бабамыз Жүсіп Баласұғын өзінің «Құтты білік» атты дастанын туындатқан шақта бүгінде төбеңнен қарағысы келетін Батыс мемлекеттерінің қайсыбір корольдерінің, жазу былай тұрсын, қол қоюға да икемі жоқ еді. Осыны еске алғанда сайын даланың сайыпқыран ұлдары мен саналы қыздарына қалай сүйсінбессің?! Ендеше, бұдан мың жарым жыл бұрын төл жазуы болған түркі туысты «бұрын өскен құлақтан кейін өскен мүйіз озадының» кебін келтіріп, оларды қараңғылықтан біз алып шығып едік, – дейтіндердікі, жұмсартып айтқанда, жұртты адастыру болып табылады. Қалмақпен 250, орыс отаршылдарымен 150 жыл тынымсыз күресте болған батыр бабаларымыздың рухани байлығын былай қойғанда, тіршілік қажетін өтейтін қанша жаңалық ашқанын айтпасқа болмайды. Мәселен, осыдан мың жыл бұрын соғылып, бүгінде Мәскеудегі Тарих музейінде тұрған қыпшақ қылышының өзі неге тұрады. Мамандардың айтуынша, мұндай алмас қылышты шыңдауға осы заманғы технологияның өзінің ебі келе бермейтін көрінеді. Есте жоқ ескі кезде киіз үй мен үзеңгіні ойлап тапқан далалықтар үнемі ат үстінде жүретін болғандықтан екі балағы бар киімді де ойлап тапқан. Осы тұста ұзын етекпен жүрген еуропалықтар да шалбар аталған оны қуана қабылдапты. Мұндағы айтпағымыз – мың өліп, мың тірілген қазақ бүгін ғана пайда болған жоқ екен. Ол – тамыры тарихтың қойнауына тереңдей енген ежелгі халық, ер халық. Олай болса, халқымыз бүгінгі азаттығын ардақтауға, еркін елінің астанасын әспеттеуге әбден лайықты. Біз бұрынғы астаналарымызды одақтас республикалардың астанасы деп білсек, қазіргі астананы азаттықтың астанасы деп танимыз. Астанасының асқақ екенін мақтан ететін адамның ғана жүрегінде Отанға деген патриоттық сезім оянбақ. Ендеше, Астана күнін айрықша атап өтудің бір сыры осында жатса керек. Ал, азаттық оңай келіп, Астана оңай тұрғызылды дейтіндерге айтарым – тарихыңызға үңіліңіз. Бәрін түгендемесеңіз де мың жарым жыл бұрынғы ғұндар империясын, одан кейінгі Түрік қағанатын, одан берідегі қараханидтер дәуірін, бұдан жеті жүз жыл бұрынғы Алтын Орда атты ұлы мемлекетіңді, одан беріде төрт жүз жыл дәуірлеген Қазақ ордасын есіңізге алыңыз. Тайталасқан заман, тарпысқан тайпалар қақтығысында жойылып кетпей, бүгінге жеткен қазақ ұлысының нағыз тәуелсіз мемлекет болып, нағыз тәуелсіз Астанасын орнатуы – дәл осы кез екені даусыз. Біздің ойымызша, Астана туралы сөз – ел туралы сөз. Бодандықтың бұғауынан босаған ширек ғасырға жуық уақытта еліміздің іргесі бекіп, мемлекеттігіміздің мәртебесі арта түсті. Жұртымыз жаңа қоғам жағдайында өмір сүруге үйреніп, соны сипатты бойына дарытқан ересен елге айналып келеді. Ғылым мен өнерге, мәдениет пен тұрмысқа бағытталған бағдарламалар іс жүзіне асырылуда. Осы орайда, тәуелсіз еліміздің тілеуін тілеп, қанатының қатаюына қаламымен қызмет етіп келе жатқан қаламгерлер қауымын да айта кеткен жөн болар. Ақындарымыз бен жазушыларымыз ел мақсаты, ер мұраты тақырыбын қозғаған шығармаларында жас мемлекетіміздің арман-аңсарын, болашақ бағдарын асқақ рухпен бейнелеуде. Азат елдің әр азаматы хакім Абай айтқан «толық адам» болуы жолында қаламгерлеріміздің де тындырар ісі ұшан-теңіз. Ел мәдениетінің бір қанаты ретіндегі бұл қызмет алдағы уақытта да жалғаса бермек. Жабық өмір сүруді жаны қаламайтын жаhандану заманында интеграциялық икемделуге кең өріс ашу – қай кезде де көкейкесті. Алыс-беріс, барыс-келіссіз ағайын арасының сәні кірмейтіні сияқты, мемлекетаралық қатынастарда да үйлесімді іс-шаралар қабылдап, халық қамы мен мемлекет мүддесін қаузайтын әрекеттерімізді жалғастыра беруіміз қажет. Міне, осы игі істің ұйытқысы да біздің Елбасымыз болуы қандай ғанибет десеңізші! Бұл орайда, үш мемлекеттің басын қосқан жаңа экономикалық одақтың берер мүмкіндігін шебер пайдаланғанымыз жөн. Кемі 170 миллион жанды қамтитын осы үлкен нарықта қазақ жағы бәсекелестікке қабілетті ел екенін көрсете алар деген үміттеміз. Одақ құжаттарында көрсетілгендей, нарық көлемінің ұлғаюына орай жаңа жұмыс орындары көптеп ашылып жатса, елдер арасындағы тауар алмасу теңдігі сақталып, біртұтас үлкен экономикалық кеңістіктен әркім өзіне лайықты орнын таба алса, бұдан асқан игілік бар ма?! Ортақ мақсат пен жеке бәсекелестік бірлігі бұл күнге де жеткізер деген сенімдеміз. Кемеңгер Елбасымыз кемел болашақтың келбетін осылай сомдап жатқаны да сүйінішті! Биыл Астана күні осындай ел өміріндегі ерекше оқиғамен сәйкес келіп отыр. «Сабақты ине сәтімен». Әрине, нарыққа енгеніне екі жүз жыл болған Батыс елдерімен жол басына енді ғана қадам жасаған жас елді бір қатарға қою ертерек болар. Әр нәрсе уақытымен келмек, әр жеміс уақытымен піспек. Бірақ нарықтың жауы – жайбасарлық екенін де естен шығармайық. Біз жоғарыда Астана туралы сөз – ел туралы сөз деген едік. Ендеше, Астана тойы – ел тойы екені анық. Той күні осы уақытқа дейін сүттей ұйып келген бірлігіміз нығая берсін, бағзыдан бас алып болашаққа бет түзеген салқар көшіміздің жолы айқын, аспаны ашық болсын дейміз. Сол елдің бағына туған Еріміз барына да мың шүкір. Астана бүгін Қазақстан жұртының қара қазанын қайнатқан күн келбетті, ай дидарлы шаһар. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзі бас болып ата-баба аманатын алғы күндерге апара жатыр. Есілдің ескен самалы, Нұраның нұрлы жанары болып жұртыма шуақ таратқайсың, арайлы Астана! Шілденің шуағына шомылып, шырайлы маусымның шарапатына бөленген Астана қашанда Алаш арманының айшықты белгісіндей асқақтай берсін. Той мен ойдың тізгінін тең ұстағайсың, азаттық Астанасы! Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары. АЛМАТЫ.