АСТАНА. 5 шілде. Бүгін түнде Рио-де-Жанейро қаласында Франция мен Германия құрамалары арасында ширек финалдың бірінші матчы ойналып, оның қорытындысы жартылай финалға шыққан алғашқы команданың атын атады. Мұндай құрметке қарсыластарын 1:0 етіп ұтқан немістер ие болды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады.
Кездесу екі жақ үшін де өте ауыр өтті. Ондағы жылдамдық та бұрынғыдай асып-төгілген жоқ. Дегенмен, «неміс мәшинесінің» матчты сенімді бастауы мәселені оңай шешіп кетті.
Франция – Германия 0:1 (0:1).
4 шілде. Рио-де-Жанейро. «Маракана» стадионы. 74 240 көрермен. Төреші – Нестор Питана (Аргентина).
Франция: Уго Льорис, Матье Дебюши, Рафаэль Варан, Мамаду Сако (Лоран Косельни, 72), Патрис Эвра, Поль Погба, Йоан Кабай (Лоик Реми, 73), Блэз Матюиди, Матье Вальбуэна (Оливье Жиру, 85), Карим Бензема, Антуан Гризманн.
Германия: Мануэль Нойер, Филипп Лам, Жером Боатенг, Матс Хуммельс, Бенедикт Хёведес, Бастиан Швайнштайгер, Сами Хедира, Тони Кроос (Кристоф Крамер, 90+2), Томас Мюллер, Мирослав Клозе (Андре Шюррле, 69), Месут Озил (Марио Гётце, 83).
Гол: Матс Хуммельс (13).
Ескертулер: Сами Хедира (54), Бастиан Швайнштайгер (80).
Екі жақ та ойынды асықпай бастады. Бірақ көп ұзамай немістер тізгінді қолға алуға ұмтылды. Бұған француздар қорғаныстағы мұқият ойынмен жауап берді. Бірінші соққыны Сами Хедира жасады. Оны қорғаушылар тез залалсыз етіп үлгерді. Сосын немістер қос қапталдан атой салды. Франция құрамасының қорғаушылары бұларды да қайтара білді. Ал неміс футболшылары көбіне жеке-дара ойнауға, дриблингке салмақ сала бастады. Бұл француздарды біріне бірінің жәрдемге келуге мәжбүр етті. Осы сәтте олардың жасаған бірінші қарсы шабуылдары қауіпті болды. Матье Вальбуэна құйындай құйғытып, айып алаңына кірді де қапталдағы Карим Бенземаға пас берді. Өз кезегінде форвард қақпаға қайқайта соқты. Доп бағанның дәл жанынан зу ете түсті.
Француздар бұдан кейін де сақтықпен ойнады. Алайда, осы тұста олар ақыры өз қақпаларына доп жіберіп алды. Стандартты жағдайдан айып добын ұрған Тони Кроос оны айып алаңына жөнелтті. Сол жерде Матс Хуммельс қорғаушы Рафаэль Варанты алдап өтіп, қақпаға қатты соқты. Доп торға барып бүлк етті. Гол!
Немістер осыдан кейін есепті ұлғайтуға күш салып, қарқынды біраз күшейтті. Ал француздар бұған оншалықты дайын болмай шықты. Олар біразға дейін өздеріне келе алмады. Содан кейін ғана ойындағы таразы басын өздеріне қарай аудармақшы болып еді, оған үзіліске дейін шамалары жетпеді.
Екінші таймды Елисей алаңдарынан келген жігіттер біршама қарқынды бастады. Осы шабуылдың өтінде біршама қауіпті сәттер де туғызды. Бірақ немістер де олардан қалыса қойған жоқ. Екі жақтың мүмкіндіктерді дұрыс пайлалана алмаған қалпында матч та аяқталды. Ол «неміс мәшинесінің» жартылай финалға шыққанын көрсетті. Ол енді осының соңын ала Колумбияны 2:1 етіп ұтқан Бразилия құрамасымен ойнайды.
Дамир Қожамқұл.
Дереккөз: egemen.kz.
Фото: Sportbox.ru.