Экономика • 16 Сәуір, 2023

Жидданың сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі

531 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы елшісі Берік Арын Жидданың Сауда-өнеркәсіп палатасының басқарма төрағасы Мұхаммед Юсеф Нағимен кездесу өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жидданың сауда-өнеркәсіп палатасы Қазақстанмен ынтымақтастыққа мүдделі

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Корольдік арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстандық дипломат шетелдік инвесторлар үшін қолайлы жағдай мен экожүйе құруға бағытталған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ағымдағы реформалары мен жаңа бастамалары туралы айтып берді.

Б. Арын екі мемлекет арасында «Flynass» саудтық әуекомпанияның жоспарланған тікелей әуеқатынасын ашуы Қазақстан мен Сауд Арабиясының іскер топтарының өзара іс-қимылын жандандыруға қосымша серпін беретінін, сондай-ақ өзара туристік ағымды ұлғайтуға жол ашатынын атап өтті.

Сонымен қатар елші өткен жылы Корольдіктің жетекші қалаларында өткізілген туристік роудшоулардың арқасында Қазақстанға туристік мақсатта келген Сауд Арабиясы саяхатшыларының саны ковидке дейінгі кезеңмен салыстырғанда он есе артқанын айтты.

Сауд азаматтары үшін Қазақстанды жаңа және перспективалы туристік бағыт ретінде ілгерілетудің осы табысты тәжірибесінің негізінде үстіміздегі жылғы мамыр айында туркомпанияларды, қонақүйлер бизнесінің өкілдерін, жергілікті әуекомпаниялар мен мүдделі бизнесмендерді тарта отырып, Жидда СӨП жанында кезекті роудшоу өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Сонымен қатар кездесу барысында елші Жидда СӨП басшылығының қарастыруына туризм, ауыл шаруашылығы, энергетика және т.б. салалардағы бірқатар инвестициялық жобаны табыстады.

Өз тарапынан М. Нағи сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың қолда бар әлеуетін жоғары бағалап, Жидда СӨП атынан іскерлік байланыстарды нығайтуға барынша жәрдемдесуге дайын екеніне сендірді.