06 Шілде, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты. Аргентина – жартылай финалда!

414 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

06-07-14-argentina-belgia-1

АСТАНА. 6 шілде. Бүгін түнде Бразилиа қаласында Аргентина мен Бельгия құрамалары ширек финалда кездесіп, бұлардың алдыңғылары 1:0 есебімен ұтты. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Мұнда да ойын тағдыры тез шешілді. Бельгия құрамасы чемпионаттағы жолын аяқтады. Бәлкім, әлдекімде қазір құрамы мықты саналып жүрген бұл командадан бұдан да жоғары табыс күткен шығар, бірақ Аргентина құрамасы Марк Вильмотс жігіттері жорығының шыңы 1/4 финал екенін тайға таңба басқандай етіп танытып берді. Аргентина – Бельгия 1:0 (1:0). 5 шілде.  Бразилиа. Ұлттық стадион. 68 551 көрермен. Төреші – Никола Риццоли (Италия). Аргентина: Серхио Ромеро, Пабло Сабалета, Эсекьель Гарай, Мартин Демичелис, Хосе Мария Басанта, Лукас Билья, Хавьер Маскерано, Анхель ди Мария (Энцо Перес, 33), Эсекьель Лавесси (Родриго Паласио, 71), Лионель Месси, Гонсало Игуаин (Фернандо Гаго, 81). Бельгия: Тибо Куртуа, Тоби Алдвервейрелд, Венсан Компани, Даниэль ван Бюйтен, Ян Вертонген, Аксель Витсель, Маруан Феллаини, Кевин Миральяс (Дрис Мертенс, 59), Кевин де Брюйне,  Эден Азар (Насер Шадли, 76), Дивок Ориги (Ромелу Лукаку, 59). Гол: Гонсало Игуаин (8). Ескертулер: Лукас Билья (75) – Эден Азар (53), Тоби Алдвервейрелд (68). Аргентина футболшылары жеңіске әділ жетті. Бельгиялықтар олардан төмен екендерін көрсетті. Олардың ойға алған тірліктерінің көбі жүзеге аспай жатты. Команданың белді ойыншылары қатарынан Эден Азар көрінбей қалды, Дивок Оригиді Эсекьель Гарай мен Мартин Демичелис тыпыр еткізбей тастады, Кевин Миральястің қимылынан аса көп пайда болған жоқ. Ал екінші таймда алаңға шыққан Ромелу Лукаку мен Дрис Мертенс ойынды біраз қыздырғанларымен, бұл таразы басын өздеріне қарай аударып жіберуге қауқарсыз болды. Бельгиялықтардың қазір көңілді демдейтін бір ғана нәрселері бар: егер оның құрамындағы жас жігіттер шеберліктерін бұдан да арттыра түсетін болса, 2016 жылы Францияда өтетін Еуропа чемпионатында олар талайды таптап өтеді. Сол кезде біз «қызыл перілерді» Франция мен Германия қатарында осы турнирдің фавориті санай аламыз. Енді аргентиналықтарға келсек, олар тағы да естен тандырарлықтай тамаша ойын көрсете алған жоқ, бірақ өзіне керекті нәтижеге қол жеткізіп, оны сақтап қалды. «Альбиселесте» бірінші кезекте өзінің қорғаныс шебіне қаттырақ көңіл бөле отырып, барынша түсінікті ойнады. Ол шабуылда кез келген уақытта жарылыс жасай алатын Лионель Месси мен оның әріптестерінің қолайлы сәтті тиімді пайдаланып кететін әрекеттеріне сүйенді. Негізінде осы нәтиже берді. Кездесудің 8-минутында Гонсало Игуаин сондай сәтте есеп ашып кетті. Командалар ойынды сергек бастады. Қақпа алдындағы қауіпті жағдай да көп күттірген жоқ. Месси алаңның қақ ортасында тұрып, сол қапталда ашық тұрған Эсекьель Лавессиді тауып алды. Осыдан кейін Эсекьель допты қақпаға қарай көлбей жөнелтті. Бірақ жолай қорғаушылар қағып қайтарды. Содан кейін Анхель ди Мария ойын тізгінін өз қолына алып, айып алаңына жарып кірді. Бірақ оның ұрған добын тағы қорғушылар қайтарды. Осыдан кейін допқа егелік еткен Месси өзін аңдыған екі ойыншыдан сытылып шығып, ди Марияға қайта доп берді. Оның Пабло Сабалетаға пасын қорғаушы қиып жіберді. Әйткенмен, доп сол бойы Игуаинның аяғына барып сарт етті. Гол! Соғылған голдан кейін аргентиналықтар шабуылдарын жалғастыра берді. Бірақ одан енді қайта нәтиже шыққан жоқ. Ал бельгиялықтар ойын соңына дейін айқасып бақты. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Sportbox.ru.