06 Шілде, 2014

Футбол. Әлем чемпионаты. Голландия – жартылай финалда!

258 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

06-07-14-holland-kosta_rika-1

АСТАНА. 6 шілде. Бүгін таң алдында аяқталған Голландия және Коста-Рика құрамалары арасындағы матчпен ширек финалдық ойындар өз мәресіне жетті. Осы кездесуде пенальтиден жеңіске жеткен еуропалықтар жартылай финалға шыққан төрттікті толықтырды. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Айтары жоқ, бұл матчтың қорытындысында жолдан шығып қалғандарымен, Коста-Рика футболшылары ерледі. Олар турнирдегі ойындардың негізгі және қосымша уақыттарында бір рет те жеңілместен чемпионатты бітірді. Голландия – Коста-Рика 0:0. Пенальти -4:3. 6 шілде.  Салвадор.  «Фонте-Нова» стадионы. 51 179 көрермен. Төреші – Равшан Ирматов (Өзбекстан). Голландия: Яспер Силлессен (Тим Крул, 120+1), Мемфис Депай (Джермейн Ленс, 76), Стефан де Врей, Рон Влаар, Бруно Мартинс Инди (Клас-Ян Хюнтелар, 106), Дирк Кёйт, Джорджиньо Вейналдум, Дэйли Блинд, Уэсли Снейдер, Арьен Роббен, Робин ван Перси. Коста-Рика: Кейлор Навас, Кристиан Гамбоа (Дэйв Мири, 79), Джонни Акоста, Майкл Уманья, Джанкарло Гонсалес, Жуниор Диас, Брайан Руис, Сельсо Боргес, Ельцин Техеда (Хосе Куберо, 97), Кристиан Боланьос, Жоэль Кэмпбелл (Маркос Уренья, 66). Пенальти соққандар: Робин ван Перси, Арьен Роббен, Уэсли Снейдер, Дирк Кёйт Сельсо Боргес, Джанкарло Гонсалес, Кристиан Боланьос. Пенальти соқпағандар: Брайан Руис (қақпашы), Майкл Уманья (қақпашы). Ескертулер: Бруно Мартинс Инди (64), Клас-Ян Хюнтелар (111) - Жуниор Диас (37), Майкл Уманья (52), Джанкарло Гонсалес (81),  Джонни Акоста (107). Ширек финалдың ақырғы ойыны мұның алдындағы матчтарға аса көп ұқсай қоймады. Оларда кімде-кім тез гол соқса, сол жеңіске жетсе, мұнда тіпті кештеу болса да гол соғылған жоқ. Жалпы, Салвадор мундиалдың негізгі де, қосымша да уақытында бірінші рет қақпаға түскен допты көре алмады. Алайда, осыған қарамастан, кездесу өзінің соңына дейін жұртты уысында ұстады. Бұған ойынның біткенін білдіретін ысқырық естілгенше, қарсыластардың қайтпай шайқасқандары себеп болды. Мұндағы шиленісті сәттер де бәрінен асып түсті. Рас, алғашқы жиырма минутта ойынның осылай өрбитінін білдіре қойған жоқ. Бұл аралықта екі жақ та бір-бірлерінің қақпаларына тура соққы жасай алмады. Бірақ осыдан кейін Голландия айналымды арттырып, жылдамдықты үдете түсті. Осы тұста қақпашы Кейлор Навас тағы да өзін барынша жақсы қырынан көрсетті. Ойын соңында үздік ойыншы атанатын ол алдымен Робин ван Персидің соққысын қайтарды, сосын Уэсли Снейдерге өзін алдап түсіруге жол бермеді. Екінші таймның басында костарикалықтар қарқынға қарқын қосты. Дегенмен, негізгі уақытта олар бірде-бір рет қақпа шеңберіне туралап доп ұра қоймады. Ал матчтың аяғына қарай тағы да олардың қақпасы алдында қарбалас көбейіп, Навасқа шеберлік көрсетуге тура келді. Тағы да Снейдердің гол соғатын мүмкіндігі туды. Бірақ Уэслидің соққысы бағаннан қайтты. Ал Арьен Роббеннің добы жолын Ельцин Техеда кесті. Осының арқасында ойын қосымша таймға ауысты. Алайда, қарсыластар овертаймда да кімнің мықты екенін анықтай алмады. Кездесудің тағдыры пенальти арқылы шешілгелі келе жатқанын аңғарған Луи ван Гал дереу қақпашыларды алмастыра қойды. Ол алаңдағы Яспер Силлессеннің орнына Тим Крулды шығарды. Нәтижесінде тап осы Крул костарикалық екі ойыншының соққыларын қайтарып, өз командасына жеңіс әперді. Дамир Қожамқұл. Дереккөз: egemen.kz. Фото: Sportbox.ru.