Аймақтар • 16 Сәуір, 2023

Қазандық тұр, жылу жоқ

385 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Ақсудағы жаңа қазандық бірне­ше жылдан бері іске қосылмай тұрғаны жайында бұған дейін де жазған едік. Мамандар бар кілтипан әу баста жіберілген инженерлік шешімдерде дейді. Энергетика саласының иісі мұр­нына бармайтындардың сызған сыз­балары мемлекеттік сарап­тамадан қалай өтіп кеткені таңғал­дырады. Жобалаушылар алты бір­дей қазандық агрегатында жана­тын көмірдің 40 пайызы күл кү­йінде қалатынын, оның сырт­қа шығуы керек екенін ұмыт қал­дырған тәрізді.

Қазандық тұр, жылу жоқ

Ақсудағы жаңа қазандық алдағы қысқа тағы дайын болмай шығатын түрі бар. Құрылысына 11 млрд теңге жұм­салған энергетикалық нысан 2019 жылы пайдалануға берілуі керек-тін. Алайда қазандық жобасындағы әу бас­та жіберілген кемшіліктер оған мүмкін­дік бермей, жаңа өндіріс іске қосылмай жатып қат-қабат мәселелер анықтал­ды. Негізі бұл құрылыстың салынуына облыстың бұрынғы әкімі Болат Бақауов мүдделі болған. 2017 жылы қоярда қоймай жүріп, осы бір сәтсіз жобаны бас­­тап жіберді. «Ақсу шаһары бір маусымда 120 гигакалория жылуды тұтынса, жаңа қазандық 180 гигакалория береді. Жаңа нысан тұрғындардың сұранысын өтеп қана қоймай, қаланың дамуына мүмкіндік тудыратыны сөзсіз. Қазандық екі-ақ жылдың ішінде тұрғызылып, пайдалануға беріледі» деп лепіргені есімізде. Өкінішке қарай, 2019 жылдың күзінде тапсырылуға тиіс алып нысан одан кейінгі 3 жылда да тапсырылмады. Әу баста бөлінген миллиардтардың жетпейтіні айқын болып, қосымша 750 млн теңге бөлінді. Бірақ ол қаражат та мәселені шешпеді.

Бұл мәселеге одан кейінгі өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов та араласып, былтыр күзде жүргіземіз деп сөз берген. Сөйтсек, ол уәде де құрғақ болып шықты. Ал былтыр қараша айында Ақсу ферроқорытпа зауыты аумағында жұмыс істеп тұрған ескі қазандықта (әзірше қаланы жылумен қамтып тұрған сол ғана) апаттық жағдай орын алып, тұрғын үйлердегі жылу батареялары қатып қала жаздады.

Ақсу қаласында салынып болған жаңа қазандықтың «жыры» жуық арада біте қоятынына облыстың бүгінгі басшысы Асайын Байханов та күмәнмен қарап отыр. Қазандық осы сәуір айында барлық параметрін реттеп, жылу берудің тиісті нормативтерін көрсетсе, билік өкілдері оны қабылдауға дайын. Яғни стансадан шығатын жылудың температурасы 150 градус, ал әрбір қазандық агрегаты өндіретін жылу қуаты 30 гигакалорияны бағындыруы шарт (жиынтығы 180 гигакалория). Қазандықтарда жанған көмірдің күлі сыртқа автоматты түр­де шығуы керек. Егер станса сенімнен шықпаса, пайдалануға қабылданбайды. Ал Ақсуға жылу беруді жергілікті фер­ро­қорытпа зауытындағы қос қазандық жалғастыра береді. Оның да жағдайы оңып тұрмағанын айттық. Дейтұрғанмен, Ақсу шағын шаһар болғандықтан амалдай тұруға болады дейді жергілікті билік өкілдері.

Бір қызығы, жыл сайын күзде жаңа қазандық кезекті рет іске қосуға дайын­ болмай шыққанда мердігер «KBI Еnergy» ЖШС-нің жаңадан себеп-сылтаулары әзір тұрады. 2020 жылы инженерлер энергетикалық нысаннан шығатын жы­лу­дың тарифі нақты түрде алғанда аса қымбатқа түсетінін аңғарыпты. Тіпті суға қосылу жүйесі де кәсіпорынға тікелей жүргізілмеген. Жобалық-сметалық құжат­тамалар мен технологиялық шешімдер­дің дұрыс жүргізілмеуі салдарынан осындай күрделі жағдайға тап болғанын аңғарған жергілікті билік көмір құнын субсидия­лап, ферроқорытпа зауытының суына апарып қосты. Ал электр энергиясын жергілікті ГРЭС-тен алатындай жағдай жасады. Мұның барлығы шығынын азайтып, тарифті төмендетеді деп күтілген. Алайда алдын ала есептеулер бойынша жаңа тариф құны қазіргі қолданыстағы тарифтен 1,4 есеге қымбаттап кететіні белгілі болды. Бірақ тариф бағасы әрі кетсе 25 пайыздан аспауы керектігі туралы тапсырма берілді.

Былтыр күзде мердігер компания­ның өкілдері технологиялық үдерісті құру барысында жіберілген негізгі кем­­шіліктерді жайып салды. Бақсақ, отынды қазандыққа лақтыру, шығару жүйесінде проблемалар бар екен. Ең әуелі салынған көмірдің өзі пеште толық жанып кетпеген. Яғни ауа жетіспейді. Оның үстіне пеште жағылатын көмір­дің 40 пайызы күл күйінде қалады. Жо­балаушылардың ойынша, агрегатта жанып болған көмірдің күлі қазандықтан судың қатты ағынымен айдалып шығып, одан әрі таспаға жеткізілуі керек-тін. Алайда күл кесектері багерлік сорғы орналасқан жердегі құбырдан өтпей, кептеліп тұрып қала берген. Судың күші жетпейтінін түсінген мердігер үлкен қалдықтарды ұсататын қондырғы орнатуға шешім қабылдайды. Алайда ол да өзінің нәтижесін бермегені байқалып отыр. Амалы құрыған «KBI Еnergy» ЖШС енді ERG компаниясына қарай­тын Ақсу электр стансасын кінәлап отыр. Қазандықты тазалауға арналған су сол жерден алынады екен. Айтуларынша, станса суды жеткілікті деңгейде бер­мейді, оның күл төгілетін орнынан алы­­­натын тазартылған судың қысымы тө­мен. Сөйтіп, жаңа қазандықтағы сор­ғы­ларға су дұрыс бармай, агрегаттарда жа­нып кеткен көмірдің кесектеріне су ағы­нының күші жетпейді-міс.

«ЕЭК» АҚ Ақсу электр стансасының бас инженері – операциялық директор Вадим Верещака әу баста жаңа қазандық иелеріне станса техникалық шарттарды ұсынғанда судың қысымы көрсетілмегенін, ал жоба иесі оны мүлде сұрамағанын айтады.

«Білуімше, ондағы қазандықтар­ға өртке қарсы сорғылар орнатылған. Мұн­дай қондырғылар су жиналатын жерден су сорғанда қазандық үшін қажетті па­раметрлерді беруге қабілетсіз. Бұл жа­йын­да біз қазандық иелеріне, жергілікті билік органдарына бірнеше мәрте жазбаша түрде ескерткенбіз. Бізді бұл жобада тазартылған суы бар резервтік қорлар­дың мүлде ескерілмегені таңғалды­рып отыр. Келешекте тазартылған су жылу маусымы қыза түскен уақытта қазандық агрегаттарына берілмей қалса, қазан­дық толық істен шығуы ғажап емес. Ал бұл – Ақсу халқына үлкен қауіп, Екібастұз ­қа­ласының кебін құшатыны анық», дейді маман.

Осылайша, жаңа қазандықты іске қосу бүгінде үлкен мәселеге айналып тұр. Жергілікті билік өкілдері алдағы уақытта оны қабылдап алғанымен, уақыт өте шикі жобаның осал тұстары сыр беріп, Арқаның аязына шыдас бермеуі әбден мүмкін. Сондықтан коммуналдық салаға жауаптылар да әрі-сәрі күй кешуде. Ал таразы басында 40 мыңға жуық халықтың тағдыры тұр.

Ақсу мен Екібастұзды қойып, кейінгі жылдары облыс орталығында да жылу­дың проблемасы бой көрсете бастады. Қалада алдағы қыста жылу тапшылы­ғы қалыптасып, одан арғы жылдары мәселе күрделене түсетінге ұқсайды. Осының алдын алу үшін облыс әкімдігі мен ERG компаниясының басшылығы Павлодардың №1 ЖЭО-дағы үшінші қазандық агрегатының бойлерін қайта құру бойынша келісімге келген. Ол шаһарға қосымша 112 гигакалорий жылу әкеледі. Түсініктірек болуы үшін айтып өтейік, «Достық» шағын ауданы толық салынып біткенде ол жердегі тұрғын үйлер мен әлеуметтік мекемелерді жылыту үшін шамамен 48 гигакалорий жылу қажет болады. Сондықтан қосымша жылу қуаты қазіргі тапшылықты жоюға қауқарлы. Қайта құру шаралары шамамен келер жылы басталып, аяқталады. Бұған қоса аталған жылу стансасында қосымша тағы 2 жылу қазандығын салу жоспарланып отыр. Әрқайсысының құны 35 млрд теңгеге бағаланатын қос жоба бойынша келісім мен тиісті сметасы уақтылы жасалса, шамамен 2026 жылы құрылыс басталып кетпек. Жаңа қазандықтардың әрқайсысы 150-300 гигакалорий жылу береді деп болжануда. Бұл жобалар өміршең етілсе, қала қарқынды өскеннің өзінде алдағы 15-20 жылда жылу барлығына жеткілікті болады.

«Павлодар жылу желілері» мекеме­сінің өкілі Галина Волкова қазірдің өзін­де жаңа нысандарды орталық жылуға қосатын мүмкіндік жоқ екенін жеткізді. Техникалық шарттар тек әлеуметтік ғи­мараттар үшін ғана ұсынылуы мүм­кін деп отыр. Өткен наурыз айында жеке азаматтардан жылуға қосылуға қа­тыс­ты 6 өтініш түскен екен. Жылу жет­кі­ліксіздігін алға тартқан кәсіпорын олар­дың барлығын кері қайтарыпты.

 

Павлодар облысы