Пікір • 16 Сәуір, 2023

«Барселонаның» бағы мен соры

478 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Каталониялық «Барселона» клубы әлемдегі ең үзік футбол командасы болмаса да, үздіктердің қатарында. Осы­­дан он жылдай бұрын шартарапты таңғалдырып, кубокті қос-қостап ұтып, шеберліктің нағыз үлгісін көрсетті. Алайда кейінгі жылдары «блауграна» дағда­рысты бастан өткеріп жатыр.

«Барселонаның» жеңісті жылнамасына да, қиындығына да «кінәлі» – оның үздік сұрмергені Лионель Месси. Оқырманға түсі­нікті болу үшін әңгімені әріден бас­тайық. Екінші мыңжылдықтың басында бүкіл әлем назары аргентиналық жас­өспірімге ауды. 17 жас­тағы бозбала ала допты ұршықша иіріп, қарсыласты күтпеген жерден қапы қалдырып, жанкүйерлерге енді-енді таныла бастады. Келешекте талантты футболшыға айналатынын түсінген клуб басшылығы бүкіл бәсті соған тік­ті. Енді ше, бала кезінде «Барселона» скауттары оны Аргентинаның Росарио қаласынан аттай қалап алдырды. Аурушаң балдырғанның бүкіл ем-домын төледі. Ата-анасын алыстағы Арген­тинадан жанға жайлы Барселонаға алдыртып, жұмыс тауып берді. Қысқасы, мол қаражат шығындады. Осындайда үмітіңді ақтаймын деп құлшынып тұрған жастың қалай бетінен қағады?

Лео өзіне артылған сенімді толығымен ақтады десек қателеспейміз. Оның негізгі құрамға ауысуымен «Барселонаның» жеңісті жылнамасы басталды. Көп ұзамай-ақ Месси қарсылас қақпашысының қорқынышты түсіне айналды. Допты аяғынан алыстатпайтын майталман айып алаңынан да, оның сыртынан да голды қарша боратты. Сөйтіп, 2009 жылы Месси бастаған футболшылар әлемде бұрын-соңды кездеспеген рекорд жасады. Бір жылда мүмкін болған алты кубокты да қанжығасына байлады.

Лионель мұнымен тоқтап қалмады. Коман­дасын жеңіске жетелеуден жаңылған жоқ. Голды да салды, әріптесіне әдемі пасты да шы­ғарып берді. Қысқасы, «Барселонаның» жеңісіне мол үлес қосты. Тіпті бір жылда 91 гол салып, ешкімге бұйырмаған рекорд орнатты. Каталониялық клуб сапында тер төгіп жүргенде қол жеткізген табыстары ұшан-теңіз. Он мәрте Испания чемпионы атанды. Ел кубогін 7 рет басына көтерді. Сегіз мәрте Испания суперкубогінің иегері атанды. Чемпиондар лигасын төрт мәрте жеңіп, УЕФА суперкубогіне үш рет ие болды.

Бұдан бөлек, оның жеке жетістіктерінен тау тұрғызуға болады. Жеті мәрте «Алтын доп» иегері атанды. Еуропаның бірнеше «Алтын бутсысын» қанжығасына байлап, Испанияның ең үздік сұрмергені атағын бірнеше рет жеңіп алды. Санай берсеңіз таусылмайды.

Бірақ, «Барселонаның» жеңісті жылнама­сына мол үлес қосқанымен, оның эконо­микалық тұрғыда әлсіреуіне де бір адамдай-ақ атсалысты. Кез келген команда үздік фут­­бол­шысын сақтап қалу үшін барын сала­ды ғой. Клуб басшылығы Лео басқа жаққа алаңдамас үшін бар жағдайды жасады. Бірне­ше рет келісімшартты жаңартып, мол жалақы ұсынды. Тіпті қайбір жылы Месси әлемдегі ең көп жалақы алатын футболшы атанғаны есімізде.

Бұдан қала берді, командаластарын да оның ыңғайына жығып берді. Мәселен, 2009 жылы «Барселона» сапына үздік шабуылшының бірі Златан Ибрагимович қосылған. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймады. Швециялық фут­болшының талантты екеніне қарамастан, клуб басшылығы одан құтылуға асықты. Өйткені оның алаңда жүруі Мессиге кедергі келтіретін.

Бұл аз десеңіз, командаға жаңадан қо­сыл­­ған футболшылар бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай Мессиді жер-көкке сыйғыз­бай мақтайтын. Тіпті оны бүкіл клубтан жоға­ры қоятындар табылды. Ақыр соңында бап­керлердің өзі одан секемденіп, аяқ тартып сөй­лей­тін. Мұндай мақтау мен марапат қойсын ба, Месси де мінез таныта бастады. Алаңнан алмастырғанда ашуланды. Қарсыласқа ауыр сөз айтты. Пас бермеген әріптесін айыптады. Айтқанына көнбеген жас футболшыларға қырын қарады. Тіпті бұқаралық ақпарат құ­рал­дарында Лионель алаңға кімді шығарып, кімді қосалқы құрамға қалдыру керек екенін шешеді деген қаңқу әңгіме тарады. Қысқасы, «Барселонада» жеке басқа табыну қатты өршіді.

Мол жалақы ұсынып, бүкіл команданы ығына жығып беру салдарынан каталониялық клубтың экономикалық жағдайы да құлдырады, команданың ойын-өрнегі де құртылды. Ақыры Месси басқа клубқа ауысқан соң, «блауграна» жеңістің тәтті дәмін ұмытып, талай мәрте ойсырай ұтылды десек артық айтқандық емес. Қаржылық дағдарысқа да ұрынды. Қазіргі таңда тұралаған «Барселона» енді-енді аяққа тұрып келе жатқандай.

Әрине, клубтың қиыншылығына тікелей Месси кінәлі деуден аулақпыз. Бірақ коман­дадағы жеке басқа табыну синдромы «блаугрананы» батпаққа батырғаны анық. Ендеше, бір адамды асыра мақтап, бүкіл жетістік соған ғана теліп, «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғысқа» айналдырудың дұрыс емес екенін басқалар да түсінсе игі.