Отырысқа қатысушыларды құттықтай отырып, М.Әшімбаев парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары жөнінде өз пікірін білдірді. Палата спикері бұл жұмыстың нақты бағыттарын атап өтті. Ең алдымен, М.Әшімбаев халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ТМД елдерінің тілдерін ондағы жоғары оқу орындарында оқытуды күшейте түскен маңызды екенін айтты.
«Халықаралық ынтымақтастықты дамытуда тілдерді білу маңызды рөл атқаратыны баршаға белгілі. Өкінішке қарай, біз ТМД елдерінің тілдерін оқытуға көп көңіл бөле бермейміз. Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінде ТМД және жақын шетелдердің тілдері мен мәдениеттерінің кафедрасы бар. Сол жерде Достастық елдерінің тілдері оқытылады. Біз өз тарапымыздан осы бірегей кафедраға қазақ тілін оқыту бойынша қажетті көмек көрсетуге дайынбыз. Сондай-ақ басқа мамандандырылған жоғары оқу орындарында да осындай кафедраларды ашу туралы мәселені қарастыруға болады», деді М.Әшімбаев.
Осыған орай Сенат төрағасы ТМД ПАА-ның қамқорлығымен жоғары оқу орындарында ТМД елдерінің тілдерін оқытуды күшейтуге арналған тәжірибелік қадамдарды айқындау қажеттігін айтып, оған ғалымдарды, сарапшыларды және мемлекеттік органдардың өкілдерін жұмылдырып, конференция өткізуді ұсынды. М.Әшімбаев көтерген бастамалардың тағы бірі – Ассамблея аясында өңір елдерінің шығармашылық пен ғылымда жүрген зиялыларының қатысуымен форум өткізу. Мұндай тәсіл елдер арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды сақтауға және дамытуға ықпал етері сөзсіз.
Жиында ТМД елдерінің өзара іс-қимылын арттыру ісінде төтенше жағдайлардың бірлесіп алдын алу мәселесі де сөз болды. Оның ішінде сейсмикалық қауіпсіздік саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алу, дәлірек болжау және тәуекелін азайту үшін ынтымақтастықты нығайту мәселесі талқыланды.
«ТМД елдерінің аумағында сейсмикалық тұрғыдан қауіпті аймақтар аз емес. Сол себепті біздің елдеріміздің бұл саладағы ғылыми әлеуеті зор. Бүгінде сейсмологиялық, геофизикалық және басқа да деректерге мониторинг жүргізіліп келеді. Сондықтан ТМД Парламентаралық Ассамблеясы елдеріміздің сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы өзара іс-қимылын жандандыру және жер сілкіністерінің алдын алу үшін бірлескен зерттеулер жүргізу барысында маңызды рөл атқара алады», деді М.Әшімбаев.
ТМД елдерінің Парламент депутаттары Ассамблеяның жалпы отырысында экология, экономика салаларын цифрландыру, салық салу, қаржы және басқа да бағыттардағы модельдік заңдар топтамасын қарады. Отырыс кезінде айтылғандай, модельдік заңдарда қамтылған құқықтық нормаларды депутаттар заң шығаруда қолданады. Өзара тәжірибе алмасудың бұл форматы жалпы мәселелерді шешудің келісілген тәсілдерін әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұл ретте заң жобаларының сапасын арттыруға және заңнамалық органдар жанындағы ғылыми-зерттеу құрылымдары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән беріледі.
Сондай-ақ Сенат төрағасы өз сөзінде Қазақстанның ТМД-ға төрағалық кезеңін қорытындылап, 2023 жылы ТМД-ға төрағалық ететін Қырғыз Республикасын құттықтады.
Сонымен қатар сессия аясында М.Әшімбаев бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нұрланбек Шакиевпен келіссөз барысында М.Әшімбаев өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі күшейту перспективаларына жан-жақты тоқталды. Тараптар бірлескен жобалардың тиімділігіне назар аударып, елдер арасындағы саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды арттыруға мүдделі екендерін білдірді.
Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің төрағасы Сахиба Гафаровамен болған кездесуде Сенат спикері бауырлас халықтар арасындағы стратегиялық серіктестік пен қарым-қатынастың жан-жақты сипатын жоғары бағалады. М.Әшімбаев екі елдің жоғары деңгейдегі осындай ынтымақтастығы Астанада өткен Қазақстан мен Әзербайжан Президенттері кездесуінің оң нәтижесі екенін айтты. Сұхбаттасушылар мемлекет басшыларының келіссөздері екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін бергенін де атап өтті.
Одан бөлек, М.Әшімбаев ТМД ПАА алаңында Армения Республикасы Ұлттық Жиналысының төрағасы Ален Симонянмен кездесті. Кездесу барысында тараптар дипломатиялық қатынастар орнаған 30 жыл ішінде мемлекетаралық байланыс қалыптасқан барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келе жатқанын айтты. Бұдан басқа сұхбаттасушылар көпжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, бірлескен жобалар жоспарын айқындады және заңнамалық саладағы жаңғыртулар бойынша ұсыныстарын ортаға салды.